عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَهْرَمُ ابْنُ آدَمَ وَيَشِبُّ فِيهِ اثْنَتَانِ: الْحِرْصُ عَلَى الْمَالِ، وَالْحِرْصُ عَلَى الْعُمُرِ» أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Адам баласы қартайған сайын оның бойындағы екі қалау жасара түседі. Бірі – дүние-мүлікке деген құмарлық, екіншісі – ұзақ өмір сүруге деген құштарлық».1
Түсіндірме
1. Бұл хадис әртүрлі нұсқамен келген. Бұхаридегі бір нұсқасында: «Адам баласы қартайған сайын онымен бірге екі нәрсе ұлғаяды: дүние-мүлікке деген сүйіспеншілік пен ұзақ өмір сүруге деген сүйіспеншілік», – деп келеді. Басқа нұсқасында: «Кәрі адамның жүрегінде екі нәрсе жас күйінде қалады: дүниеге деген сүйіспеншілік және ұзақ өмір сүруге деген сүйіспеншілік», – деп келген. Бәйһақи келтірген бір нұсқасында: «Адам баласы қартайып, қуаты кеміп, тәні қартайса да, жүрегі жас қалпында қалады», – деп баяндалады.
2. «Қарттың жүрегі жас қалпында қалады» деген сөз – астарлы бейне. Қарт адам өмір мен мал-мүлікті жас адамдай, кейде одан да артық жақсы көреді. Ажалының жақындағанын сезгенде, осы екеуін бұрынғыдан да қимайды. Ұйқының таңға жақын тәтті болатыны секілді, бір нәрсенің соңы таянған сайын қадірі мен ләззаты арта түседі. Хадистегі «жастық» сөзі осы құштарлықтың күшейгенін білдіреді.
- 1Бұхари, «Риқақ», 5. Мүслим, «Зекет», 115, № 1047. Тирмизи, «Зүһд», 28, № 2339. Ибн Мәжа, «Зүһд», 27, № 4234.