Хадис

Кутуб ситтә, № 1686

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
219. № 1684–1704 хадистер
Нөмірі
№ 1686 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1686
Кутуб ситтә, № 1686 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Тариқ ибн Шиһаб (р.а.)

وَعَنْ طَارِقٍ بْنِ شِهَابٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ عُمَرُ بْنُ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: قَامَ فِينَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَقَامًا فَأَخْبَرَنَا عَنْ بَدْءِ الْخَلْقِ حَتَّى دَخَلَ أَهْلُ الْجَنَّةِ الْجَنَّةَ، وَأَهْلُ النَّارِ النَّارَ. حَفِظَ ذَلِكَ مَنْ حَفِظَهُ، وَنَسِيَهُ مَنْ نَسِيَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Тариқ ибн Шиһаб (р.а.) Омар ибн әл-Хаттабтың мына сөзін жеткізген: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) орнынан тұрып, жаратылыстың басталуынан бастап жұмақтықтар жұмаққа, тозақтықтар тозаққа кіргенге дейінгі жайттарды бізге баяндады. Оны есінде сақтағандар да, ұмытқандар да болды».1

Түсіндірме

1. Жоғарыдағы үш риуаят әлемнің жаратылуы жайын сөз етеді. Бұл хадистерде жаратылыстың неден бастау алғанын қамтитын мәліметтер болғанымен, адам ақылының қорытуы қиынға соғатын тұстары да бар. Біз хадистердегі нақты нәрселерді жіпке тізіп қарайық:

• Ешбір жаратылыс болмай тұрып тек Алла Тағала бар болған.

• Алдымен суды, сосын су үстіне Аршты жаратты.

• Содан кейін аспан әлемін, артынша жерді жаратты.

• Болатын нәрсенің бәрін тағдыр кітабына жазды. Қазіргі болып жатқан жайттар сол тағдыр кітабына сай болып жатыр. Мұнда кездейсоқтық деген атымен жоқ.

• Расулалла (с.а.с.) сұрағандарға жаратылыстың қалай басталып, немен аяқталатынын түсіндірген.

Осы хадистер ғаламның жаратылысы жайында дерек береді. Сол арқылы ойды сан саққа жүгіртетін құрғақ пайым мен бос болжамға ермей, тұжырым жасауға болады.

2. Хадистердегі мәні ашылмаған сөздерге тоқталар болсақ:

• әл-Ама «الْعَمَاءُ» сөзінің тілдік мағынасына үңілсек, «бұлт» деген сөзге саяды. Ал бірақ Алла Тағалаға қаратылып айтылғанда сөздің астарында басқа мағына жатқанын байқауға болады. Алғашқы дәуірдің ғалымдары Алла Тағалаға қатысты дәйексіз болжам айтудан тартынып, «сөздің түпкі мағынасын білмейміз» деген. Бұл сөз басқа бір риуаятта الْعَمَا деп келген. Егер риуаяттағы осы сөз қолданылса, онда «Тек Өзі ғана, басқа еш нәрсе жоқ» деген мағынаға келеді. «Әл-ама» туралы: «Бұл адам ақылы жетпейтін, шын мәнін тілмен жеткізу мүмкін болмайтын нәрсе» деп те айтқан. Әзһари: «Біз бұған иман етеміз, бірақ «Қалай?» деп сұрақ қойып, қазбаламаймыз», – деген. «Раббымыз қайда еді?» деген сұрақта Арш меңзелуі мүмкін екенін ескеріп, «Раббымыздың Аршы қайда еді?» деп қойылуы керек деп жеткізген. Егер сұрақ осылай қойылған жағдайда амада болғаны – Алланың Аршы екенін түсінеміз. Яғни, «Ама» Алла Тағаланың мекені емес, Алла Тағала жаратқан Арштың мекені болуы керек.

• Арш – Расулалланың (с.а.с.) бізге айтып кеткен, мағынасы толық ашылмаған сырлы сөздердің бірі. Тілдік мағынасы бойынша ұлықтық пен даңқты көрсететін бірнеше нәрсеге айтылады. Патшаның тағын да арш деп атайды. Алла Тағаланың алғаш жаратқан ұлы жаратылыстарының бірі де Арш деп аталады. «Аршулла» деп Алла Тағалаға телініп айтылған. Яғни, Ұлы жаратушының құдіретімен жоқтан бар етілген алғашқы жаратылыс дегенге саяды.

Кәлам ілімінің ғалымдары мен өткен ғасырлардың ғұламалары Аршты «Ғаламды жан-жағынан қоршаған кеңістік» деп сипаттайды. Алайда бұл мәселені бүге-шүгесіне дейін зерттеген ғалымдар Арштың түсін түстеп, сипаттама беру адам ақылы жетпейтін нәрсе деп түсіндіреді. Тек Аршқа қатысты бізге жеткен (риуаяттарда) түсіндірмелерде, оның адам баласы өмір сүрген ғаламшармен салыстырғанда тым үлкен, алып жаратылыс екені жазылған.

3. Бұл баптың алғашқы хадисінен жаратылысқа қатысты сұрақ қоюдың рұқсат екенін аңғаруға болады. Ал қалған хадистерден ешкім сұрақ қойып, бұл тақырыптан сөз етпесе де осыған қатысты білім берудің орынды екенін түсінеміз.

4. Бірінші хадистен Йемендіктердің діни және рухани мәселелерде тереңдегенін, ал Тәмимдықтардың дүние тіршілігін көбірек уайым еткенін байқаймыз.

Күрсі, арш және орбита

«Күрсі» сөзі Құранда екі жерде берілген. Бірінде иләһи Күрсіні меңзеп айтқан. Ал Арш сөзін көп кездестіруге болады. Тек иләһи Аршқа қатысты жиырма екі жерде айтылған. Мұндағы иләһи сөзінің астарында не жатыр? Осы мәселенің мәнін ашу үшін ғалымдар ізденіп, пікір таластырып, өз ойларын ортаға салған. Әлбетте, біз мұнда сонау тарихтағы талас-тартыстарды талқыламаймыз. Мақсатымыз – қажет болса хадистен немесе аяттан бірнеше мысал келтіріп, осы тақырыпта ізденіп, зерттеу жүргізген ғұламалардың қалдырған еңбектерін назарыңызға ұсыну.

Сөз басында мынаны айта кетейік: Құран кәрім астрономия кітабы емес. Негізгі мақсаты – Раббул-аләмин болған Алла тағаланы таныту, Оған жасалатын құлшылықтың қалай атқарылуын үйрету. Жер-жаһан және оның ішіндегілер не үшін жаратылған, олар неден жаратылған, тіршілік ағынының тірелер тұйығы қай жер, жер бетінде халифалығын жүргізген адамның жаратылу мақсаты не? Міне, осы сияқты мәселелерге қатысты ақпарат береді. Бұл асыл мақсаттарды орындаудың, артынша білім алудың, дамып-өркендеудің кейбір сырларын ашып, жол сілтейді. Осылайша әр ғасырдың адамдары қасиетті Құранды басшылыққа алып, оны оқып, өз заманының дертінің дауасын тауып, көкейіндегі сұрақтарға жауап алып отырған.

Күрсі мен Аршқа қатысты аяттарды да осы шеңбер ішінде қарастыру керек. Құран кәрім Алла Тағаланың жаратылысқа орнатқан иләһи үстемдігін осы сөздерімен түсіндірген. Міне, сондықтан Күрсі мен Арш сөздерінің асыл мағынасын ұғынуға тырысқан жөн. Сол себепті бұл сөздердің мағынасына тереңірек үңілсек, мыналарды байқаймыз:

Сөздікте «күрсі» отыратын не сүйенетін бұйым деген мағынаны білдіреді. Кейбір тәпсірлерде «күрсі» деп отырған адамның аяғын тірейтін ағаш бұйымды атайды. Қазіргі уақыттарда мұны пластиктен, теріден тағы басқа да нәрселерден жасайды. Иләһи сұлтандықтың ұлылығын түсінуде біз қолданған тілдік мағынадағы Күрсіні елестетуден аулақ болған жөн. Өйткені «Бақара» сүресінің 255-аятында Алла Тағаланың құдіретіне байланысты: ﴿وَسِعَ كُرْسِيُّهُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ وَلَا يَـُٔودُهُۥ حِفْظُهُمَا﴾ «Оның Күрсісі күллі аспан әлемі мен жерді толық қамтыған. Күллі аспан әлемі мен жерді қорып сақтап тұру Ол үшін бұйым емес» деп жазылған.

Тәпсіршілер күрсі сөзін «ілім және құдірет» деп түсіндіреді. «Алланың күрсісі – Оның ілімі мен құдіреті» деп жазады. Аллаға мекен, түр-сипат беретін тілдік мағынадағы сөздерді мейлінше қолданбаған.

Арш деп патшалардың тағын айтады. Бұл да күрсі сияқты иләһи мәртебені бейнелейтін атау. «Юнус» сүресінің 3-аятында ﴿ٱسْتَوَىٰ عَلَى ٱلْعَرْشِ﴾ «Аршқа “истиуа” етті». Ал басқа бір аятта Оның алып Арштың иесі екені айтылады. Құран Кәрімде осы екі мағына бірнеше жерде келген.

Күрсі мен Арш арқылы бейнеленген иләһи құдіреттің шексіздігін, әрбір жаратылыстың Алланың назарынан тыс қалмайтынын түсіну үшін өзге деректерге де үңілейік.

Күрсі қатар орналасқан жеті қат аспанның сыртында. Ал жеті қат аспан әлемін құшағына алған Күрсі Арштың ішінде. Яғни, жеті қат аспан, оның сыртында Күрсі, ал оның сыртында Арш. Осы тақырыпқа қатысты жеткен мәтіндерді кейбір тәпсіршілер былай түсіндіреді: «Жер мен көк Күрсінің ішінде, Күрсі Арштың ішінде».

Алла елшісі (с.а.с.) Күрсінің үлкендігін салыстырмалы түрде былай сипаттаған: «Жеті қат аспан Күрсінің жанында қалқанның ішіне тасталған жеті дирһам іспеттес».

Ал ибн Аббас былай түсіндіреді: «Егер жеті қат аспан мен жеті жер бір-бірімен біріктірілсе, Күрсінің жанында олар шөлге тасталған сақина тәріздес болып қалады».

Егер Күрсінің көлемі осыншама үлкен болса, Күрсіні ішіне алған Арштың көлемі қандай болмақ?

Бұл сұрақ өз заманында Расулаллаға (с.а.с.) қойылған. Оның жауабы былай берілген: «Алла атымен ант етейін, жеті қат аспан мен жеті қат жер Күрсінің жанында шөлге тасталған (темір) жүзіктің көлеміндей-ақ. Ал Күрсі Арштың қасында да дәл осындай дәрежеде».2

Әлем шар тәріздес пе?

Жоғарыдағы түсіндірмелерге қарасақ, әлемді шар пішінінде елестетуге болады. Осы тақырыпқа қатысты жеткен риуаяттар да баршылық. Өткен ғасыр тәпсіршілері әлемді күмбез сөзін қолдана отырып сипаттаған. Ортасында Жер мен жұлдыздар орналасқан. Бұл – бірінші аспан. Жеті аспан осылай бірін-бірі қоршай орналасқан. Жеті аспанның сыртында Күрсі, ал оның сыртында Арш орналасқан. Бұлар бір-бірінің үстіне тізіліп жаратылмаған, шар сияқты әрқайсысы бір-бірін қамти орналасқан.

Алла Тағаланың Аршқа истиуа етуі күллі жаратылыс атаулыны толық меңгеріп, шексіз үкімін жүргізетінін көрсетеді. Мұнда адам қиялы жетпейтін шексіз құдірет жатыр. Ол Ұлы Жаратушы Құран кәрімнің аятында ﴿وَمَا تَسْقُطُ مِن وَرَقَةٍ إِلَّا يَعْلَمُهَا﴾ «Оған тіпті бұтағынан үзіліп түскен бір тал жапырақтың да жайы мәлім»3 деп, әлемді бүге-шүгесіне дейін ілімімен қамтитынын, құдіретімен қалағанынша үстемдігін жүргізетінін айтқан.

Аллаға мекен беруге бола ма?

Құран Кәрім мен хадистерде Жаратушының ұлылығы мен құдіретін түсіндіруде «истиуа» сөзінің қолданылғанына қарап, тура мағынада түсініп, Аллаға мекен беріп, адамға ұқсату – Ислам түсінігіне қайшы. Жоғарыда айтқанымыздай, Құран аяттарында жазылғандай, Ұлы Жаратушының ешқандай серігі жоқ. Ол еш нәрсеге де ұқсамайды. Айналадағы мақлұқатқа ұқсатып, түрлендіру – адасу. Жаратылған нәрсеге ұқсатып мекен беру де қате ұғым. Тек Алланың Ұлылығын көрсету, түсіндіру барысында аяттар мен хадистерде Күрсі мен Арш сөздері қолданылған. Мәтіндерде жазылған түсіндірмелердің көмегімен көптеген иләһи ақиқаттарды ұғына аламыз. Алла тағалаға қатысты сөздердің астарын, көзделген мағынасын түсіну үшін тәпсірлер мен түсіндірмелерге үңілу ләзім. Өткен ғасыр ғалымдары да дәл солай жасаған.

Құранда Алла Тағала адамға жақындығын былай білдіреді: ﴿وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ ٱلْوَرِيدِ﴾ «Өйткені Біз оған өз күре тамырынан да жақынбыз!» Тағы бір аятта: ﴿وَٱسْجُدْ وَٱقْتَرِب﴾ «Раббыңа сәжде ет һәм Оған жақындай түс!» делінеді.

Бір аятта Алланың адамға жақындығы айтылса, екіншісінде адамның сәжде арқылы Аллаға жақындайтыны айтылады. Осы аяттар жақындықтың мәнін иман тұрғысынан пайымдап, көзделген мағынаға үңілуге жетелейді. Шындығында, Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк.

  1. 1Бұхари, «Бәдул-халқ», 1 (3192).
  2. 2Ибн Кәсир, Тәпсір 1, 550.
  3. 3Әнғам сүресі, 59 аят.