عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «دَخَلَتْ عَلَيَّ امْرَأَةٌ وَمَعَهَا ابْنَتَانِ لَهَا تَسْأَلُ، فَلَمْ تَجِدْ عِنْدِي شَيْئًا غَيْرَ تَمْرَةٍ فَأَعْطَيْتُهَا إِيَّاهَا، فَقَسَمَتْهَا بَيْنَ ابْنَتَيْهَا وَلَمْ تَأْكُلْ مِنْهَا، ثُمَّ خَرَجَتْ. فَدَخَلَ عَلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَخْبَرْتُهُ، فَقَالَ: «مَنِ ابْتُلِيَ مِنْ هَذِهِ الْبَنَاتِ بِشَيْءٍ فَأَحْسَنَ إِلَيْهِنَّ كُنَّ لَهُ سِتْرًا مِنَ النَّارِ»». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Бірде қасыма екі қызын ерткен бір әйел келіп, бірдеңе сұрады. Қолымда жалғыз құрма ғана бар еді. Соны бердім. Ол құрманы екі қызына бөліп берді де, өзі одан ауыз тимей, шығып кетті. Артынша Алла елшісі (с.а.с.) келгенде, болған жайды баяндап бердім. Сонда ол: “Кім қыз өсірумен сыналып, оларға жақсылық жасаса, сол қыздар оны тозақ отынан қалқалайды”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Бұл риуаят Айшаның (р.а.) садақа беруге ынталы болғанын көрсетеді. Қолында жалғыз құрмасы қалса да, ол Алла елшісінің (с.а.с.) жарты құрмамен болса да садақа беруге үндеген өсиетіне сай, жәрдем сұрап келген адамды құр қол қайтармады.
2. Хадисте ананың балаларына деген мейірімі де көрінеді. Мұндай мейірім – Алла құзырында қабыл болатын амал. Мүслимде Айшадан (р.а.) жеткен басқа бір риуаятта ол екі қызын көтеріп келген мұқтаж әйелге үш құрма береді. Әйел қыздарына бір-бір құрмадан беріп, үшіншісін аузына апара бергенде, қыздары оны да сұрайды. Ол құрманы қақ бөліп, екеуіне үлестіріп береді. Айша мұны көріп сүйсінеді де, болған жайды Алла елшісіне (с.а.с.) айтады. Сонда ол: «Алла сол құрманың арқасында оған жәннатты нәсіп етті немесе оны тозақ отынан азат етті», – дейді.
Бұл екі бөлек оқиға да, бір оқиғаның екі риуаяты да болуы мүмкін. Екеуінен шығатын түйін бір. Ананың баласына жасаған жақсылығы – Алланың разылығына бастайтын төте жол.
3. Алла елшісінің (с.а.с.) «қыз бала арқылы сыналу» деген сөзі сол кездегі елдің қызға кемсіте қараған әдетіне қатысты айтылған. Ұл туса қуанған жұрттың қабағы қыз туса түсіп кететін. Құранда да айтылғандай, жаһилия дәуіріндегі арабтар арасында бұл түсінік қыз баланы тірідей көмуге дейін жеткен. Алла елшісі (с.а.с.) мұндай көзқарасты жою үшін бірқатар шара қолданды. Соның бірі – қыз өсіріп, оны тәрбиелеудің материалдық және рухани ауыртпалығына төзген жанға Алла құзырында мол сауап барын айту.
- 1Бұхари, «Зекет», 10 (№ 1418), «Әдеп», 19 (№ 5995). Мүслим, «Бирр», 147 (№ 2629). Тирмизи, «Бирр», 13 (№ 1915, Жананда № 1916).