Хадис

Кутуб ситтә, № 173

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
22. Балалар мен туыстарға жақсылық жасау
Нөмірі
№ 173 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
173
Кутуб ситтә, № 173 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ عَالَ ثَلَاثَ بَنَاتٍ، أَوْ ثَلَاثَ أَخَوَاتٍ، أَوْ أُخْتَيْنِ، أَوْ بِنْتَيْنِ، فَأَدَّبَهُنَّ وَأَحْسَنَ إِلَيْهِنَّ وَزَوَّجَهُنَّ فَلَهُ الْجَنَّةُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَهَذَا لَفْظُ أَبِي دَاوُدَ. وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَتْ لَهُ أُنْثَى فَلَمْ يَئِدْهَا وَلَمْ يُهِنْهَا وَلَمْ يُؤْثِرْ وَلَدَهُ عَلَيْهَا – يَعْنِي الذُّكُورَ – أَدْخَلَهُ اللَّهُ الْجَنَّةَ».

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Кім үш қызды, үш қыз бауырын, екі қыз бауырын немесе екі қызды бағып-өсіріп, тәлім-тәрбие берсе, оларға жақсылық жасап, тұрмысқа ұзатса, оған жәннат нәсіп болады».

Әбу Дәуіт Ибн Аббастан (р.а.) мына нұсқаны да жеткізген. Алла елшісі (с.а.с.): «Кімнің қызы болса, оны тірідей көмбесе, қорламаса әрі ұлдарын одан артық көрмесе, Алла оны жәннатқа кіргізеді», – деген.1

Түсіндірме

Жаһилия дәуіріндегі арабтар арасында тараған бала өлтіру әдеті жайында төменде арнайы тоқталамыз. Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінде бұл іске қайта-қайта тыйым салынады. Жоғарыдағы риуаяттарды да осы тұрғыдан түсінген жөн.

1. Алла елшісі (с.а.с.) қыз балаларды мейіріммен өсіріп, тәрбиелеуге үндеген. Ғұмырының мұратын Алланың разылығын табу мен ақыретте аман қалу деп білген мүмінге хадистер осы мақсатқа бастайтын сенімді жолдың бірін көрсетеді. Ол – үш қызды, тіпті екі қызды бағып-қағу. Бағып-өсіретін бала өз қызы болуы шарт емес. Ол қыз бауыры, туыстығы жоқ жетім қыз, кей риуаяттар бойынша, күң де болуы мүмкін. Маңыздысы – Алланың разылығын көздеп, қыз балаларды қамқорлықпен өсіру, болашақ аналардың тәрбиесін назардан тыс қалдырмау.

2. Хадистерде қыздарға жасалатын жақсылықтың сан түрі аталады. Оларға ізет көрсету, мұқтажын өтеу, Алланың разылығы үшін қаражат жұмсау, өсіріп-жеткізудің материалдық және рухани қиындығына төзу, тамақтандыру, сусын беру, киіндіру, тұрмысқа ұзату, жақсы тәрбие беру, қамқорлық танытып, мейіріммен қарау, жауапкершілігін мойнына алу, жылы сөйлесу және олардың ақысын өтеуде Алладан қорқу – соның бәрі жақсылыққа жатады. Ибн Хажар осы қасиеттердің бәрін «ихсан» сөзі қамтитынын айтады.

Риуаяттарда қыз баланы тамақтандырудан бастап, тұрмысқа ұзатуға дейінгі жақсылықтар аталады. Мүмкіндігі бар жан олардың бәрін атқарады, жағдайы жетпеген кісі қолынан келгенін істейді. Бұл амалдардың бір хадиске түгел сыйғызылмауы адамның шамасына қарай әрекет етіп, уәде етілген сауаптан үміттенуіне жол ашады. Өйткені айтылған жақсылықтардың арасында тұрмысы жұпыны жанның да қолынан келетін іс бар.

3. Хадисте қыз баланы қор санап, кемсітуге де тыйым салынған. Мұндай көзқарас Исламға дейінгі арабтар арасында кең тараған. Өкінішке қарай, бүгін мұсылман отбасыларының арасында да қыз баланы ұлдан кем санайтындар кездеседі. Бұл – дінді жеткілікті білмеудің немесе оның талабын толық ұстанбаудың көрінісі. Дінге салғырттық намаз, зекет, ораза секілді парыздардан ғана байқалмайды. Ол мінез-құлық пен тәрбиеге қатысты өсиеттерді елемеуден де көрінеді. Ұл мен қызды жынысына қарап алалауға аяттан да, хадистен де дәлел келтіру мүмкін емес.

Балаларды алаламау

Исламда ата-ананың балаларына тең қарауы – тәрбиенің маңызды қағидасы. Сондықтан жоғарыдағы хадиске берілген қысқа түсіндірмемен шектелмей, осы мәселені «Пайғамбар сүннетіндегі тәрбие» атты еңбегімізден үзінді келтіріп, кеңірек қарастырамыз.

Пайғамбар (с.а.с.) ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста балаларды алаламауға ерекше мән берген. Бұл қағиданың айтылуына Нұғман ибн Бәширден жеткен мына оқиға себеп болған. Ол былай дейді: «Әкем мал-мүлкінен маған сый берді. Анам Амра бинт Рауаха: “Бұл сыйға Алла елшісін (с.а.с.) куә етпейінше, разы болмаймын”, – деді. Әкем сыйына куә ету үшін мені ертіп, Алла елшісіне барды. Жай-жапсарды білген соң, ол: “Басқа балаларың бар ма?” – деп сұрады. Әкем: “Иә”, – деді. Алла елшісі: “Басқа балаларыңа да осындай сый бердің бе?” – деді. Әкем: “Жоқ”, – деп жауап берді. Сонда ол: “Алладан қорқыңдар, балаларыңа әділ қараңдар”, – деді. Әкем сол жерден қайтып, берген сыйын қайтарып алды».

Әбу Дәуіт Сүлеймен ибн Харб арқылы жеткізген нұсқада Алла елшісі (с.а.с.): «Балаларыңа тең қараңдар», – дейді. Өзге нұсқаларда ол Бәширдің ісін құптамай: «Мұны қайтарып ал», «Мені куә етпе, мен әділетсіздікке куә болмаймын», «Бұл дұрыс емес, мен ақиқатқа ғана куә боламын», «Бұған менен басқа біреуді куә ет», – деген. Ахмад ибн Ханбал жеткізген риуаятта балаларға тең қарау олардың ата-анасы алдындағы ақыларының бірі екені айтылады.

Тирмизидің түсіндірмесіне қарағанда, ғалымдардың бір бөлігі бұл хадистегі теңдік талабын сый беру мен жақсылық жасауға қатысты деп ұққан. Екінші бөлігі баласын сүйіп, еркелету секілді сырт көзге көрінетін әрекеттің бәрінде теңдік қажет деген. Осы екінші пікірді қуаттайтын бір риуаятты Бәззар Әнәстен (р.а.) жеткізген. Алла елшісінің (с.а.с.) жанында отырған кісі ұлы келгенде оны сүйіп, тізесіне отырғызады. Артынша қызы келгенде, оны сүйместен алдына отырғызады. Мұны көрген Алла елшісі: «Екеуіне бірдей қарамадың ба?» – деп ескертеді.

Алғашқы мұсылмандар балаларға әділ қарауды туыстық байланысты сақтау міндетіне жатқызған. Мұндағы теңдік ұлға да, қызға да қатысты. Ахмад пен Исхақ секілді ғалымдар мұрадағыдай ұлға екі, қызға бір үлес беруді теңдік деп түсінген. Көпшілік ғалым бұл пікірмен келіспеген. Кей риуаяттарда сый мен жақсылықта айырма жасауға тура келсе, қыз балаларға басымдық беру керектігі айтылады. «Сый беріп, жақсылық жасағанда балаларыңа тең қараңдар. Біреуіне басымдық берер болсам, қыздарға берер едім». Жеткізу тізбегі әлсіз болса да, осы мағыналас тағы бір риуаятта: «Алла балаларыңды сүйіп, еркелетуге дейінгі істердің бәрінде әділ болғандарыңды жақсы көреді», – делінген.

Тең қарау талабы адамның өз еркімен жасайтын әрекеттеріне қатысты. Көңілдің кімді көбірек жақын тартатыны адамның еркіне бағына бермейді. Құранда Яқубтың ұлы Жүсіпке деген айрықша сүйіспеншілігі айтылады. Кейбір риуаяттарда Пайғамбардың (с.а.с.) өзіне айрықша ұқсаған немересі Хасанды Хұсайыннан көбірек жақсы көргені де баяндалады.

Балаларды алалау олардың ата-анаға деген құрметін кемітіп, өзара өкпе-реніш туғызуы мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) осыны аңғартып, өзін куә еткісі келген Бәширден: «Балаларыңның саған бірдей ізет көрсетіп, жақсылық жасағанын қаламайсың ба?» – деп сұрайды. «Қалаймын, уа, Алланың елшісі», – деген жауабын естігенде: «Олай болса, басқа біреуді куә ет», – дейді. Балаларының өзіне бірдей жақсылық жасауы ата-ананың ақысы болса, ата-анасының өздеріне тең қарауы – балалардың ақысы. Құранда әкесінің Жүсіпті айрықша жақсы көргеніне қызғанған бауырлары оны құдыққа тастайды. Балаларды алалауды құптамайтын ғалымдар осы оқиғаны бауырлардың арасы қалай ажырауы мүмкін екенін көрсететін мысал ретінде келтіреді. «Баласының өзіне жақсылық жасауына көмектескен әкені Алла рақымына бөлесін», – деген риуаят та бала мен әке арасындағы байланыстың нығаюына әкенің өзі ықпал ететінін аңғартады.

Ибн Хажардың түсіндіруінше, балаларына тең қарауды уәжіп санаған ғалымдардың бір дәлелі – осы екі салдар. Туыстық байланысты үзу мен ата-ананың ақысын өтемеу – дінде харам істер. Ғалымдардың пайымынша, бір баланы өзгелерден артық көру осы екі харамға апаратындықтан, одан сақтанып, әділдікті ұстану – міндет.

Мұнауи осыған орай былай дейді: «Дүние мен ақыреттің тәртібі әділдікке сүйенеді. Балаларды алалау бауырлардың арасына кек пен өшпенділік түсіреді. Бірі ата-анасын жақсы көрсе, екіншісі оларға өшігеді. Сөйтіп ата-анаға да, бауырға да қиянат жасалады».

Сүннетте қатаң тыйылған мұндай әділетсіздіктің жеке адамға да, қоғамға да бірден немесе кейінірек білінетін салдары болуы мүмкін. Автор өз тұсындағы зерттеулерге сүйеніп, балаларды алалаудың ықтимал салдары сөз болғанда өзіне қол жұмсау, жынысына тән деп есептелетін киіну үлгісінен ауытқу, төсегін сулап қою, қызғаныш пен өшпенділік секілді әртекті мысалдар келтіреді.

Тәрбие мамандарының айтуынша, бір баланы екіншісінен артық көріп, оны бауырларымен не басқа балалармен жағымсыз салыстыру баланың мінезі мен өзін бағалауына әсер етеді. Мұндайда бала үлкендерге де, өзінен артық саналған балаға да өшігіп, қызғануы, өзін кем сезінуі мүмкін. Кішкентай балалардың бірі әлдене сұраса, екіншісі де соны алғысы келіп, екеуі таласып қалатын кез болады. Әлиден (р.а.) жеткен риуаятта мұндайда алдымен сұраған балаға беру үлгісі көрінеді. «Алла елшісі (с.а.с.) үйімізге келіп, сол түні бізде қонды. Хасан мен Хұсайын ұйықтап жатқан. Бір кезде Хасан су сұрады. Алла елшісі дереу тұрып, торсықтан кесеге су құйды. Оны Хасанға апара бергенде, оянған Хұсайын кесені алып, су ішпек болды. Алла елшісі кесені әуелі Хасанға ұсынды. Сонда Фатима (р.а.): “Хасанды Хұсайыннан артық жақсы көретін сияқтысың”, – деді. Алла елшісі: “Жоқ, суды әуелі сол сұрады”, – деп жауап берді».

Бала өлтіруге тыйым

Дініміз айрықша мән берген бұл мәселе бала тууды реттеу жайы кең талқыланған бүгінгі күні де өзекті. Сондықтан «Құрандағы бала» атты еңбегіміздің осы тақырыпқа қатысты тұсын келтіреміз. Құранда баланы қорғауға қатысты үкімдердің бірі – бала өлтіруге тыйым салу. Ежелден әлемнің әр жерінде түрлі түрде кездескен бұл қатыгез әдет жаһилия дәуіріндегі арабтар арасында да тараған еді. Құранда ол бірнеше мәрте айтылады.

Бірқатар аятта мұндай қатыгездіктің тамыры тереңде жатқаны, Мұса (а.с.) заманында перғауынның Исраил ұрпағына осындай қиянат жасағаны баяндалады. Жаңа туған ұлдарды өлтіріп, қыз балаларды тірі қалдыратын2. Олар осылайша иман келтірген қауымды әлсіретуді көздеген.

Құранда жаһилия дәуіріндегі арабтардың бала өлтіру әдеті туралы былай айтылады: «Мүшріктердің Аллаға серік етіп қосқан пұттарының қызметшілері олардың көпшілігіне өз балаларын өлтіруді керемет істей етіп көрсетті. Мұнымен олар өздеріне құлдық ұрған мүшріктердің тұқымын тұздай құртуды һәм сенім-нанымдарын одан сайын былықтырып, мүлдем бұзуды көздеуде»3.

Ислам келгенге дейін кей жұрт кедейліктен қорқып, ұлды да, қызды да өлтірген, ал қыздарын «намыс» санап, тірідей көмген. Бұл әдеттің тарағанын көрсететін риуаяттар бар. Бірінде Қайс ибн Асымның мұсылман болғанға дейін он екі қызын өз қолымен тірідей көмгені айтылады. Ол Исламды қабылдаған соң жасаған ісін Алла елшісіне (с.а.с.) айтып, осы күнәсін өтеудің жолын сұрайды. Сағсаға ибн Нәжия жайлы жеткен басқа риуаятта бұл қайырымды, ауқатты кісі мұсылман болғанға дейін 360 баланы сатып алып, өлімнен құтқарғанын айтып, сол ісінің сауабын сұрайды.

Құран түрлі сылтаумен жасалатын бұл іске қатаң тыйым салады. Оны төмендегі аяттардан көреміз.

1) Ең үлкен күнәлар саналғанда бала өлтіру үшінші кезекте аталады.

«Һәм оларға: “Келіңдер, Раббыларыңның сендерге не нәрселерді харам еткенін баяндап берейін: Оған серік қоспаңдар, ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Кедейліктен қорқып өз балаларыңды өлтірмеңдер, сендердің де, олардың да ризығын беретін мына Біз. Мейлі жария, мейлі жасырын болсын, арсыздық пен күнә атаулыдан аулақ жүріңдер. Әрі Алла Өз қорғауына алған һәм өлтіруді харам еткен тірі жанды нақақтан-нақақ өлтірмеңдер. Ақылға салып ойлансын деп, Алла сендерге осыларды бұйырады”, – деп айт»4. «Исра» сүресінде де бала өлтіру «үлкен күнә» деп сипатталған5.

2) Балаларын өлтіргендердің үлкен зиянға ұшырайтыны айтылады.

«Ақымақтық қылып һәм надандықпен өз балаларын өлтіргендер, әрі Алланың өздеріне берген адал ризығын, Алланың атынан өтірік айту арқылы харам қылғандар, шүбәсіз, зиянға ұшырады. Олар тура жолдан адасты һәм олардың тура жолға түсуі мүмкін емес»6.

3) Серт бергенде қойылатын шарттардың бірі – баланы өлтірмеу.

«Уа, пайғамбар! Жаңадан иман келтірген әйелдер алдыңа келіп: Аллаға ешкімді һәм еш нәрсені серік етіп қоспау, ұрлық-қарлыққа бармау, зина жасамау, балаларын өлтірмеу, бөтен баланы немесе басқа біреуден тапқан баласын күйеуіне теліп өтірік айтпау, бірде-бір игі істе саған қарсы келмеу мәселелерінде саған ант бергілері келсе, анттарын қабылда һәм олар үшін Алладан кешірім тіле! Өйткені Алла – Ғафур (өте кешірімді) әрі Рахим (ерекше мейірімді)!»7

4) Бала өлтіруге тыйым бірнеше аятта қайталанады. Бір аятта «Тірідей көмілген қыз сәбилерден қандай кінәсі үшін өлтірілгені сұралғанда»8 делінеді. Тағы бір аятта «Кедейліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер! Оларға да, сендерге де ризық-несібені Біз береміз»9 деп ескертіледі.

Автордың пайымынша, қазіргі экономикалық қиындық пен болашақ аштық қаупін алға тартып, бала өліміне әкелетін амалдарды «халық санын жоспарлау», «отбасын жоспарлау», «бала тууды бақылау» деген атаулармен ақтау Құрандағы тыйымға қайшы. Ол мұндай үрдісті сыртқы саяси қысыммен де байланыстырады. Автор кедейліктен қорқып баланы өлтірмеу туралы ескертудің қайта-қайта айтылуын осындай сылтауларға алданбауға шақыру деп түсіндіреді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 5147–5148 (Әбу Сағидтің риуаяты), № 5146 (Ибн Аббастың риуаяты). Тирмизи, «Бирр», № 1912, 1916 (ұқсас нұсқалар).
  2. 2«Бақара» сүресі, 2:49. «Ағраф» сүресі, 7:141. «Ибраһим» сүресі, 14:6. «Қасас» сүресі, 28:4. «Мүмін» сүресі, 40:25.
  3. 3«Әнғам» сүресі, 137-аят.
  4. 4«Әнғам» сүресі, 151-аят.
  5. 5«Исра» сүресі, 31-аят.
  6. 6«Әнғам» сүресі, 140-аят.
  7. 7«Мумтахана» сүресі, 12-аят.
  8. 8«Тәкуир» сүресі, 8–9-аяттар.
  9. 9«Исра» сүресі, 31-аят. «Әнғам» сүресі, 151-аят.