Хадис

Кутуб ситтә, № 1723

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
223. № 1721–1724 хадистер
Нөмірі
№ 1723 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1723
Кутуб ситтә, № 1723 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Абдуррахман ибн Сәмура (р.а.)

وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَا عَبْدَ الرَّحْمَنِ: لَا تَسْأَلِ الْإِمَارَةَ، فَإِنَّكَ إِنْ أُوتِيتَهَا عَنْ مَسْأَلَةٍ وُكِلْتَ إلَيْهَا، وَإِنْ أُعْطِيتُهَا عَنْ غَيْرِ مَسْأَلَةٍ أُعِنْتَ عَلَيْهَا، وَإِذَا حَلَفْتَ عَلَى يَمينٍ فَرَأَيْتَ غَيْرَهَا خَيْرًا مِنْهَا فَأْتِ الَّذِي هُوَ خَيْرٌ، وَكَفِّرْ عَنْ يَمِينِكَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Сәмура (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) оған былай деді: «Уа, Абдуррахман ибн Сәмура! Басшылықты сұрама. Оны сұрамай-ақ алсаң, бұл істе саған жәрдем беріледі. Ал оны сұрап алсаң, сол істің жауапкершілігі өзіңе жүктеледі. Бір істі істеуге ант етіп, кейін одан қайырлырақ істі көрсең, антыңның өтемін өте де, қайырлысын істе».1

Түсіндірме

1. Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) басшылық қызметке ұмтылмауға кеңес беретін хадистерінің бірі. Бұл хадисте билікті сұраудың, өздігінен ұмтылудың бір кемшілігі былай тілге тиек етілген: «Жоғары билік тарапынан қолдау таппай, жұмыстың бүкіл жауапкершілігі өзіңе артылып, жұмысыңмен жалғыз қалып қоясың».

Ибн Хажар былай дейді: «Хадистің мағынасы былай: “Кімде-кім билікке ұмтылса және оған берілсе, тойымсыздығы үшін оған ешқандай көмек болмайды”. Бұл хадистен “Үкім беруге қатысты қызмет сұрау мәкруһ” деген тұжырым жасалды. Бұған барлық басшылық қызмет кіреді. Оның үстіне хадис бұл мәселеде ашкөздік танытқандардың көмектен мақұрым қалатынын да мәлімдеген».

2. Хадистің екінші бөлігі басқа мәселені қозғайды. Адам бір істі істеуге ант етіп, кейін оның айыпты екенін аңғаруы мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) мұндайда «Антымды орындауым керек» деп сол істен айнымай тұрып алуға кеңес бермеген. Мұсылман шариғат пен ақыл теріс деп таныған істі, ант еткен күннің өзінде, істеуге табандамауы керек. Дініміз антты бұзған жағдайда оның өтемін өтеп, күнәдан арылуға мүмкіндік береді. Бұл жөнінде Құранда да айтылған: ﴿قَدْ فَرَضَ اللَّهُ لَكُمْ تَحِلَّةَ أَيْمَانِكُمْ﴾ «Алла қажет кезде анттарыңды бұза аласыңдар деп үкім шығарып, сендерге оның өтемін белгілеп берді.»2

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 5–6 (№ 7146–7147), «Әйман», 1. Мүслим, «Имарат», 19 (№ 1652). Әбу Дәуіт, «Хараж», 2 (№ 2929). Тирмизи, «Нузур», 5 (№ 1529). Нәсәи, «Қудат», 5 (№ 5384).
  2. 2«Тахрим» сүресі, 2-аят.