Хадис

№ 1747–1749 хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 227-тарау · 3 хадис · № 1747–1749

Хадистер

1747
Кутуб ситтә, № 1747 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Сәубан (р.а.)

عَنْ ثَوْبَانِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّمَا امْرَأَةٍ اخْتَلَعَتْ مِنْ زَوْجِهَا مِنْ غَيْرِ مَا بَأْسٍ لَمْ تُرَحْ رَائحَةَ الْجَنَّةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ:«أَيُّمَا امْرَأَةٍ سَأَلَتْ مِنْ زَوْجِهَا طَلَاقَهَا، وَذَكَرَ نَحْوَهُ». وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِيِّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ:«أَنَّ الْمُخْتَلِعَاتِ هُنَّ الْمُنَافِقَاتُ».

Қазақша аудармасы

Сәубан (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Айтарлықтай себеп болмастан күйеуінен хулғ жолымен ажырасқан әйел жұмақтың иісін иіскей алмайды». Әбу Дәуіттің бір нұсқасында: «Күйеуінен талақ сұраған кез келген әйел…» деп басталып, осыған ұқсас сөздер айтылады. Нәсәи Әбу Һурайрадан (р.а.) мына сөзді жеткізеді: «Хулғ жолымен ажырасуды сұрайтын әйелдер – мұнафиқтар».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.): أَبْغَضُ الْحَلَالِ إِلَى اللَّهِ الطَّلَاقُ. «Аллаға халал істердің ішіндегі ең ұнамсызы – талақ» деген.

Иә, дініміз христиандыққа қайшы түрде ажырасуға рұқсат берген. Алайда дұрыс еместігін білдірген. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің бойынан көрген болмашы кемшіліктерге сабыр етіп, дереу ажырасуға бармауы керек. Бұл мәселеде әйелдер көбірек сезімге берілгіш, анағұрлым асығыстау әрекет жасайды, дереу ажырасудың жолдарын іздейтіндігі себепті Расулалла (с.а.с.) оларды атап, мәселенің ұнамсыздығына назар аудартқан. «Хулғ» әйелдің талап етуімен ажырасу болғандықтан, Расулалла (с.а.с.) бұл жерде әйелді тілге тиек еткен. Себепсіз әйелімен ажырасқан еркектердің жағдайы бұдан өзгеше болмаса керек.

2. Хадис «мухалаға» арқылы ажырасқан әйелдерді жазғырып, осындай әрекеттен бас тартқызу үшін әсірелеген әдіспен айтқан. Әйтпесе бұндайға барған әйелдер жұмаққа бара алмайды деген үкім шықпайды. «Кірсе де иісін сезе алмайды» деген пікір де айтылған.

  1. 1Тирмизи,Талақ 11, (1186, 1187); Әбу Дәуіт, Талақ 18, (2226); Нәсәи, Талақ 34, (6, 168). Әбу Дәуіттің бір риуаятында былай делінген: «Қайсыбір әйел күйеуінен ажырасуды талап ететін болса…» Әбу Һурайраның Нәсәиде келген бір риуаятында: «Күйеуінен хулғ арқылы ажырасқан әйелдер (күнә жағынан) екіжүзді секілді» делінген.
1748
Кутуб ситтә, № 1748 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا:«أَنَّ امْرَأةَ ثَابِتٍ بْنِ قَيْسِ بْنِ شَمَّاسٍ أَتَتْ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَالَتْ لَهُ: مَا أُعْتِبُ عَلَى ثَابِتٍ فِي خُلُقٍ وَلَا دِينٍ، وَلَكِنِّي أَكْرَهُ الْكُفْرَ فِي الْإِسْلَامِ: تَعْنِي تَبْغَضُهُ، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَتَرُدِّينَ عَلَيْهِ حَدِيقَتَهُ؟ قَالَتْ نَعَمْ، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اقْبَلِ الْحَدِيقَةَ وَطَلِّقْهَا تَطْلِيقَةً».«الْحَدِيقَةُ»: الْبُسْتَانُ مِنَ النَّخْلِ إِذَا كَانَ عَلْيْهِ حَائِطٌ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. »الْحَدِيقَةُ»: الْبُسْتَانُ مِنَ النَّخْلِ إِذَا كَانَ عَلْيْهِ حَائِطٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Сәбит ибн Қайс ибн Шаммастың (р.а.) әйелі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Сәбитті мінезі үшін де, діндарлығы үшін де кінәламаймын. Бірақ мұсылман бола тұра күпірлікке ұрынғым келмейді”, – деді». Мұнымен ол күйеуін ұнатпайтынын білдірген. Алла елшісі (с.а.с.) әйелден: «Оның бағын өзіне қайтарып бересің бе?» – деп сұрады. Әйел: «Иә», – дегенде, Сәбитке: «Бағыңды қабыл ал да, оған бір талақ бер», – деді. «Хадиқә» – қоршалған құрма бағы.1

Түсіндірме

Бұл риуаятта хулғтың заңды екендігіне сүннеттен дәлел бар. Әйел мұсылмандықты қабылдағаннан соң күпірлікке ұрынудан қорқатынын білдіруде. Ғұламалардың айтуынша, бұл сөз «әйел үшін иманға келгеннен кейін қайта күпірге ұрынуына себеп болатындай айтарлықтай жек көру күйін білдіреді әрі ол іс жүзінде де мүмкін». «Мұсылман болғаннан кейін күпірлікке жақындайтын мінезге, жүріске барудан қорқу да болуы мүмкін» деп жорамалданған. Екі жағдайда да ажырасулары қажет. Осы себепті Алла елшісі (с.а.с.) мәхір ретінде әйелге берген дүниені ер кісіге қайтартқаннан кейін ажырасуын бұйырған.

  1. 1Бұхари, «Талақ», 12 (№ 5273); Нәсәи, «Талақ», 34 (6/169); Ибн Мәжа, «Талақ», 22 (№ 2056).
1749
Кутуб ситтә, № 1749 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ نَافِعٍ عَنْ مَوْلَاةٍ لِصَفِيَّةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا:«أَنَّهَا اخْتَلَعَتْ مِنْ زَوْجِهَا بِكُلِّ شَيْءٍ لَهَا فَلَمْ يُنْكِرْ ذَلِكَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ әзірет Сафия (р.а.) азат еткен әйелден мына хабарды жеткізген: «Сол әйел қолындағы бар дүниесін өтемге беріп, күйеуімен хулғ жолымен ажырасқан. Ибн Омар (р.а.) мұны теріске шығармаған».1

Дұға бөлімі

Түсіндірме

Араб тіліндегі «дұға» сөзі шақыру, шақырып үндеу, ықылас білдіру, жәрдем сұрау және атын атап шақыру деген мағыналарды білдіреді. Құлшылық та дұға деп аталады.

Әбу әл-Қасым әл-Қушайри Құранда дұға сөзінің бірнеше мағынада қолданылғанын айтады.

1. Құлшылық. وَلَا تَدْعُ مِنْ دُونِ اللَّهِ مَا لَا يَنْفَعُكَ وَلَا يَضُرُّكَ «Алладан өзге өзіңе пайда да келтіре алмайтын, зиян да тигізе алмайтын нәрсеге сиынба» («Юнус» сүресі, 106-аят).

2. Жәрдем сұрау. وَادْعُوا شُهَدَاءَكُمْ مِنْ دُونِ اللَّهِ «Алладан басқа өздерің сенетін бүкіл медеткерлеріңді жәрдемге шақырыңдар» («Бақара» сүресі, 23-аят).

3. Шақыру. يَوْمَ يَدْعُوكُمْ فَتَسْتَجِيبُونَ بِحَمْدِهِ «Ол сендерді шақырған күні Оған мадақ айта отырып, бірден құзырына барасыңдар» («Исра» сүресі, 52-аят).

4. Мадақтау. قُلِ ادْعُوا اللَّهَ أَوِ ادْعُوا الرَّحْمَٰنَ ۖ أَيًّا مَا تَدْعُوا فَلَهُ الْأَسْمَاءُ الْحُسْنَىٰ «Оларға: “Оған дұға еткендеріңде, қаласаңдар ‘Алла’ деп атаңдар, қаласаңдар ‘Рахман’ деп атаңдар. Қай есімін атап, дұға етсеңдер де, ең көркем есімдер Оған ғана тән!” – деп айт» («Исра» сүресі, 110-аят).

Сондай-ақ Құранда وَقَالَ رَبُّكُمُ ٱدْعُونِىٓ أَسْتَجِبْ لَكُمْ «Раббыларың: “Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін”, – деп айтады» («Ғафир» сүресі, 60-аят) делінген.

Көпшілік ғалымдар дұғаны құлшылықтың ең ұлы түрлерінің бірі деп біледі: أَنَّ الدُّعَاءَ مِنْ أَعْظَمِ الْعِبَادَةِ. Хадистерде де الدُّعَاءُ هُوَ الْعِبَادَةُ. «Дұға – құлшылықтың нақ өзі», الدُّعَاءُ مُخُّ الْعِبَادَةِ. «Дұға – құлшылықтың өзегі» делінген.

Алла елшісі (с.а.с.) көптеген хадистерінде мүміндерді дұғаға үндеген: لَيْسَ شَيْءٌ أَكْرَمَ عَلَى اللَّهِ مِنَ الدُّعَاءِ. «Алланың алдында дұғадан қадірлі нәрсе жоқ». مَنْ لَمْ يَسْأَلِ اللَّهَ يَغْضَبْ عَلَيْهِ. «Алла Өзінен сұрамағанға қаһарланады». سَلُوا اللَّهَ مِنْ فَضْلِهِ فَإِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ أَنْ يُسْأَلَ. «Алладан кеңшілігін сұраңдар, өйткені Алла Өзінен сұрағанды жақсы көреді». الدُّعَاءُ مِفْتَاحُ الرَّحْمَةِ. «Дұға – мейірімнің кілті». الدُّعَاءُ سِلَاحُ الْمُؤْمِنِ وَعِمَادُ الدِّينِ وَنُورُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ. «Дұға – мүміннің қаруы, діннің тірегі, көктер мен жердің нұры». الدُّعَاءُ يَرُدُّ الْقَضَاءَ. «Дұға жазмышты қайтарады». الدُّعَاءُ يَنْفَعُ مِمَّا نَزَلَ وَمِمَّا لَمْ يَنْزِلْ فَعَلَيْكُمْ عِبَادَ اللَّهِ بِالدُّعَاءِ. «Дұға түскен бәлеге де, әлі түспеген бәлеге де пайдасын тигізеді. Сондықтан, уа, Алланың құлдары, дұға етіңдер!» الدُّعَاءُ يَرُدُّ الْبَلَاءَ. «Дұға бәлекетті қайтарады».

Дұға адамды іске жетелейді Дұғаның сөзбен айтылатын түрімен бірге іспен жасалатын түрі де бар. Мүмін қалағанын Раббысынан тілейді әрі соған жетуге өзі де әрекет етеді. Тілегінің орындалуы үшін ақылға қонымды амалдарға жүгінеді. Мәселен, дерттен айығу үшін Аллаға дұға ету орынды. Алла елшісі (с.а.с.) дәрі ішіп, ем іздеуге де үндеген. Сол сияқты ол адал әрі мол ризық тілеуге шақырып, өз дұғаларында үлгі көрсеткен. Адал ризық табудың жолдарын да көрсетіп, егіншілікпен, саудамен, қолөнермен айналысуға үндеген. Дұғаның құлшылықтан бөлек, дүниелік әрі жеке өмірімізге қатысты қыры бар. Адам дұға еткенде тілегі мен мұқтаждығын сөзге айналдырып, қандай мақсатқа жету керектігін айқындайды. Атқарар ісін жоспарлайды. Раббысынан тілегеніне қол жеткізудің амалын жасап, қабілеті мен мүмкіндігін іске қосады. Мәселен, Алладан бидай тілеген диқан жерін жыртып, тыңайтады, егінін суарып, күтіп-баптайды. Еңбекпен бітетін іске сөзбен айтылған дұға жеткілікті деген хадис жоқ. Құранда وَأَن لَّيْسَ لِلْإِنسَٰنِ إِلَّا مَا سَعَىٰ «Әр адамға өз еңбегінің ғана қарымы тиесілі.» делінген («Нәжм» сүресі, 39-аят).

  1. 1Муатта, Талақ 32, (2, 565).