Хадис

Кутуб ситтә, № 1750

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
228. Дұғаның әдебі. Дұғаның артықшылығы мен уақыты
Нөмірі
№ 1750 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1750
Кутуб ситтә, № 1750 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Нұғман ибн Бәшир (р.а.)

عَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الدُّعَاءُ هُوَ الْعِبَادَةُ، ثُمَّ قَرَأَ:“وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ” الْآيَةُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَهَذَا لَفْظُهُ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Бәшир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Дұға – құлшылықтың нақ өзі”, – деді де, мына аятты оқыды». وَقَالَ رَبُّكُمُ ٱدْعُونِىٓ أَسْتَجِبْ لَكُمْ إِنَّ ٱلَّذِينَ يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِى سَيَدْخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِينَ «Раббыларың: “Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін. Шүбәсіз, тәкаппарлық танытып, Маған құлшылық қылуды бойларына шақ көрмейтіндер әбден қор болған күйде тозаққа кіреді”, – деп айтады.» («Ғафир» сүресі, 60-аят).1

Түсіндірме

Араб тілінде الدُّعَاءُ عِبَادَةٌ «Дұға – құлшылық» деп айтуға болады. Алайда хадисте екі сөздің арасына есімдік қойылып, құлшылық сөзінің басына оны белгілі ететін әлиф пен ләм жалғанған. Осылайша сөйлемнің мағынасы күшейіп, дұғаның құлшылықтағы айрықша орны ашылады. Қажылыққа қатысты да осындай қолданыс бар. Алла елшісі (с.а.с.): الْحَجُّ عَرَفَةٌ «Қажылық – Арафат», – деген. Мұның мәні – Арафатта тұру қажылықтың ең басты рүкіні. Дұға да, тілегіміз орындалса да, орындалмаса да, өз алдына құлшылық. Адам дұға еткенде өзінің мұқтаждығы мен әлсіздігін мойындап, қажетіне қол жеткізуді бар істі билейтін құдіретті Жаратушысынан күтеді. Құлшылықтың мәні де осында. Алла елшісі оқыған аятта алдымен дұға ету бұйырылады. Одан кейін тәкаппарлықпен дұғадан бас тарту құлшылықтан бас тарту деп аталып, бұл үндеуге құлақ аспағандардың тозаққа қор болып кіретіні ескертіледі.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Ғафир» (№ 2973, кең тараған нөмірлеуде № 2969); «Дағуат» (№ 3372); Әбу Дәуіт, «Салат», 358 (№ 1479). Мәтін Тирмизи нұсқасынан алынған.