وَعَنْ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا عَلَى الْأَرْضِ مُسْلِمٌ يَدْعُو اللَّهَ تَعَالَى بِدَعْوَةٍ إِلَّا آتَاهُ اللَّهُ إِيَّاهَا، أَوْ صَرَفَ عَنْهُ مِنَ السُّوءِ مِثْلَهَا مَا لَمْ يَدْعُ بِإِثْمٍ، أَوْ قَطِيعَةِ رَحِمٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Убада ибн әс-Самит (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Жер бетіндегі қай мұсылман Аллаға дұға етсе де, күнәлі істі немесе туыстық байланысты үзуді тілемесе, Алла оның сұрағанын береді немесе одан соған тең бір жамандықты қайтарады.»1
Түсіндірме
Бұл хадис «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін» деген аяттың мағынасын ашады. Дұғаға жауап кейде сұрағаныңның берілуі, кейде соған тең жамандықтың қайтарылуы түрінде келеді.
Алла Тағала мұсылманның әр дұғасына жауап береді. Алайда адамның тілегі дәл өзі сұрағандай орындала бермеуі мүмкін. Алланың әр ісі даналыққа толы. Сол даналыққа сай дұға арқылы адамнан бір жамандық қайтарылады немесе күнәсі кешіріледі. Дұға өз алдына үлкен құлшылық болғандықтан, адам оған да сауап алады.
Хадис дұғаға жауап берілуінің екі шартына назар аударады.
1. Дұғада шариғатқа қайшы, адамды күнәға әрі Аллаға қарсы келуге жетелейтін тілек болмауға тиіс. Білімі шектеулі адам кейде өзіне пайдасыз, тіпті зиянды нәрсені тілеуі мүмкін. وَيَدْعُ ٱلْإِنسَٰنُ بِٱلشَّرِّ دُعَآءَهُۥ بِٱلْخَيْرِ وَكَانَ ٱلْإِنسَٰنُ عَجُولًا «Адам баласы кейде жамандықты тура жақсылық тілегендей тілейді. Расында, адам баласы тым тағатсыз!» («Исра» сүресі, 11-аят). وَعَسَىٰٓ أَن تَكْرَهُوا۟ شَيْـًٔا وَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ وَعَسَىٰٓ أَن تُحِبُّوا۟ شَيْـًٔا وَهُوَ شَرٌّ لَّكُمْ وَٱللَّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ «Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің өздерің үшін қайырлы болар. Әрі ұнатқан нәрселеріңнің түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін. Ақиқатын Алла біледі, сендер білмейсіңдер.» («Бақара» сүресі, 216-аят).
2. Дұға туыстық байланысты үзуге бағытталмауға тиіс. Туыстық, достық, көршілік, дін бауырластығы секілді жақындықтарды сақтайтын қатынастарды бұзуды тілеуге болмайды.
- 1Тирмизи, «Дағуат», 126 (№ 3568, кең тараған нөмірлеуде № 3573).