عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يُسْتَجَابُ لِأَحَدِكُمْ مَالَمْ يَعْجَلْ، يَقُولُ: قَدْ دَعَوْتُ رَبِّي فَلَمْ يَسْتَجِبْ لِي». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ قَالَ: «لَا يَزَالُ يُسْتَجَابُ لِلْعَبْدِ مَالَمْ يَدْعُ بِإِثْمٍ، أَوْ قَطِيعَةِ رَحِمٍ». وَفِي أُخْرَى لِلتِّرْمِذِيِّ: «مَا مِنْ رَجُلٍ يَدْعُو اللَّهَ تَعَالَى إِلَّا اسْتَجَابَ لَهُ، فَإِمَّا أَنْ يُعَجِّلَ لَهُ فِي الدُّنْيَا، وَإِمَّا أَنْ يَدَّخِرَ لَهُ فِي الْآخِرَةِ، وَإِمَّا أَنْ يُكَفِّرَ عَنْهُ مِنْ ذُنُوبِهِ بِقَدْرِ مَا دَعَا، مَالَمْ يَدْعُ بِإِثْمٍ، أَوْ قَطِيعَةِ رَحِمٍ، أَوْ يَسْتَعْجِلْ.»
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Асықпасаңдар, дұғаларыңа жауап беріледі. Асыққан адам: “Раббыма дұға еттім, бірақ Ол маған жауап бермеді”, – дейді.»1
Мүслимнің риуаятында: «Құл күнәлі істі немесе туыстық байланысты үзуді тілемесе, оның дұғасына жауап беріле береді», – делінген.
Тирмизи жеткізген бір нұсқада: «Алла Өзіне дұға еткен әркімге жауап береді: тілегін осы дүниеде тезінен орындайды, сауабын ақыретке сақтайды немесе дұғасына сай күнәсін кешіреді. Тек адам күнәлі істі не туыстық байланысты үзуді тілемесін әрі асықпасын», – делінген.
Түсіндірме
Бұл хадистерде Алла елшісі (с.а.с.) дұға еткен адамның асығыстығын, яғни тілегі дереу орындалсын деген күтімін сөз етеді. Мүслим жеткізген бір риуаятта одан: «Уа, Алла елшісі! Асығыстық деген не?» – деп сұрағанда, ол: «Адам “Қайта-қайта дұға еттім, бірақ жауабын көрмедім” дейді де, күдер үзіп, дұға етуді қояды», – деп түсіндірген.
Алла елшісі (с.а.с.) адамды дұғадан бас тартқызатын мұндай асығыстықты құптамаған. Ол әр жағдайда дұға ете беру үшін, дұғаға төмендегі жолдардың бірімен жауап берілетінін айтқан.
1. Тілегі осы дүниеде орындалады.
2. Дұғасының сауабы ақыретке сақталады.
3. Күнәсі кешіріледі.
Хадис дұғаның нәтижесін күтіп жалықпай, Алладан жақсылық тілеуге үндейді. Дұға – құлшылық, ал мүмін құлшылықтан жалықпайды. Өйткені адам құлшылық ету үшін жаратылған. وَمَا خَلَقْتُ ٱلْجِنَّ وَٱلْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ «Мен жындар мен адамзатты тек қана Өзіме құлшылық етсін деп жараттым!» («Зәрият» сүресі, 56-аят). Жауаптың кешігуі дұғаға жауап берілетін уақыттың әлі келмеуінен немесе құлдың ықылас танытып, көбірек құлшылық етуі қажет болғанынан болуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандай, Алла Тағала дұғада табанды болып, қайта-қайта сұрағанды жақсы көреді әрі көп дұға еткендердің тілегін қабыл алады.
- 1Бұхари, Дағуат 22; Мүслим, Зикр 92 (2735); Муатта, Құран 29 (1, 213); Тирмизи, Дағуат 145 (3602, 3603); Әбу Дәуіт, Салат 358 (1484).