Хадис

Кутуб ситтә, № 1801

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
234. Рүкүғ пен сәждеде оқылатын дұғалар
Нөмірі
№ 1801 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1801
Кутуб ситтә, № 1801 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَلَا، وَإِنِّي نُهِيْتُ أَنْ أقْرَأ القُرْآنَ رَاكِعًا وَسَاجِدًا، فَأَمَّا الرُّكُوعُ فَعَظِّمُوا فِيهِ الرَّبَّ، وَأَمَّا السُّجُودُ فَاجْتَهِدُوا فِي الدُّعَاءِ، فَقَمِنٌ أَنْ يُسْتَجَابَ لَكُمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَمَعْنَى «قَمِنٌ» جَدِيرٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Маған рүкүғ пен сәждеде Құран оқуға тыйым салынды. Рүкүғте Раббыны ұлықтаңдар. Ал сәждеде дұға жасауға барынша тырысыңдар, өйткені ол дұғаның қабыл болуына лайық».1

Түсіндірме

1. Бірқатар риуаяттар рүкүғ пен сәжде кезінде Құран оқылмайтындығын білдіреді. Хадис ғалымдары бұның себебін былай түсіндіреді: «Рүкүғ пен сәжде құлдың Раббысының алдындағы қарапайымдылығы мен тағзымын білдіреді. Сондықтан ол уақыттар зікірге арналған. Сол себептен бір мезетте Алланың сөзі мен жаратылыстың сөзін тең көріп, бірге айту мәкрүһ».

2. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «...Мен рүкүғ пен сәжде кезінде Құран оқудан қайтарылдым» деген сөзі оның тек өзіне қатысты тыйым емес, үмбеттің де бағынуы тиіс тыйым. Өйткені үмбеті кейбір жайттарды есептемегенде әр әрекетінде Алла елшісінің артынан ілесуге міндетті. Оның үстіне Расулалла (с.а.с.) сахабаларына рүкүғ кезінде Алланы ұлықтап, сәжде кезінде дұға жасауларын бұйырған. Бұндай әмір де біз айтып отырған тыйымның тек Алла елшісіне емес, бүкіл үмбетке қатысты екендігін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, рүкүғ пен сәжде кезінде Құран оқуға тыйым салынған. Рүкүғте тәсбих, сәждеде тәсбих пен дұға жасалады.

3. Ханафилерде намаздың бір рүкінінде, намаз әрекеттерінің біріне бір нәрсе қосып жіберсе, саһу сәждесін жасау талап етіледі. Өйткені уәжіп немесе парызы кешігіп орындалады. Шәфиғилердің пікірінше, рүкүғ пен сәжделерде Фатихадан басқа бір сүре немесе аят оқу мәкрүһ. Бірақ оқыса, намаз бұзылмайды.

4. Фатиханы оқымауға келсек, бұл мәселеде шәфиғилерден екі түрлі көзқарас жеткен. Біріншісіне сай Фатиха мен басқа сүренің арасында айырмашылық жоқ. Сол себепті Фатиханың оқылуы да мәкрүһ. Бірақ намазды бұзбайды. Екінші көзқараста Фатиханы рүкүғ пен сәждеде әдейі оқу харам, намазды бұзады. Қателікпен оқу мәкрүһ емес. Алайда қателікпен болса да, әдейі болса да Шәфиғидің пікірінше саһу сәждесін қажет етеді.

  1. 1Мүслим, Салат 207 (479); Әбу Дәуіт, Салат 152, (876); Нәсәи, Ифтитах 98, (2, 189).