Хадис

Кутуб ситтә, № 1832

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
241. Отырып-тұрғанда оқылатын дұғалар
Нөмірі
№ 1832 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
1832
Кутуб ситтә, № 1832 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَلَّمَا كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُومُ مِنْ مَجْلِسِهِ حَتَّى يَدْعُوَ بِهَؤُلَاءِ الدَّعَوَاتِ لِأَصْحَابِهِ: اللَّهُمَّ اقْسِمْ لَنَا مِنْ خَشْيَتِكَ مَا تَحُولُ بِهِ بَيْنَنَا وَبَيْنَ مَعَاصِيكَ، وَمِنْ طَاعَتِكَ مَا تُبَلِّغُنَا بِهِ جَنَّتَكَ، وَمِنَ الْيَقِينِ مَا تُهَوِّنُ بِهِ عَلَيْنَا مَصَائِبَ الدُّنْيَا. اللَّهُمَّ مَتِّعْنَا بِأَسْمَاعِنَا وَأَبْصَارِنَا وَقُوَّتِنَا مَا أَحْيَيْتَنَا، وَاجْعَلْهُ الْوَارِثَ مِنَّا، وَاجْعَلْ ثَأْرَنَا عَلَى مَنْ ظَلَمَنَا، وَانْصُرْنَا عَلَى مَنْ عَادَانَا، وَلَا تَجْعَلْ مُصِيبَتَنَا فِي دِينِنَا، وَلَا تَجْعَلِ الدُّنْيَا أَكْثَرَ هَمِّنَا، وَلَا مَبْلَغَ عِلْمِنَا، وَلَا تُسَلِّطْ عَلَيْنَا مَنْ لَا يَرْحَمُنَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) отырған мәжілісінен тұрарда сахабалары үшін мына дұғаны жиі оқитын: “Уа, Алла! Күнәларымызға тосқауыл болар Өзіңнен қорқуды, жәннатыңа жеткізер бойсұнуды, дүниенің ауыртпалығын жеңілдетер берік сенімді нәсіп ет. Уа, Алла! Бізді тірі ұстағаныңша есту, көру қабілетіміз бен күш-қуатымызды пайдалануды нәсіп ет. Оларды өміріміздің соңына дейін сақта. Зұлымдық жасағандардан ғана есемізді алғыз, бізге дұшпандық еткендерге қарсы жәрдем бере гөр. Дінімізге ауыртпалық түсірме. Дүниені ең үлкен қамымыз да, біліміміздің шегі де етпе. Бізге мейірім танытпайтынды үстімізден билеуші етпе”».1

Түсіндірме

1. «Қорқыныш» деп аударған сөздің түбірі «хашият». Қорқыныш сөзі араб тіліндегі «хашият» сөзінің мағынасын толық қамти алмайды. Өйткені хашият – тағзымды да алып келетін қорқыныш. Мәселен, Аллаға деген қорқыныш, әкеге деген қорқыныш сезімі болуы мүмкін. Бірақ дұшпанға ондай сезім болмайды. Дұшпаннан қауіптенеді. Яғни дұшпанға деген қорқыныш сезімінде оған деген құрмет пен тағзым жоқ.

2. Хадисте Аллаға деген қорқыныштың әртүрлі деңгейде болатындығына назар аударылған. Төмен деңгейдегі қорқыныш – бірқатар күнәлі істерді жасауға тосқауыл бола алмайды. Сондықтан Аллаға деген қорқыныш – жүрекке бағынышты бүкіл ағзалар мен дене мүшелерін Аллаға қарсы келуден сақтайтындай болуы керек. Мунауи бұл сөзімізге қатысты былай дейді: «Жүректегі қорқыныштың аздығындай күнә жасалады. Егер қорқыныш өте аз болып, ғапылдыққа алып барса, бұл құрдымға кетудің белгісі. Сол себептен сүю – жыныстық қатынастың хабаршысы, музыка – зинаның хабаршысы, қарау – ғашықтықтың хабаршысы, ауру – өлімнің хабаршысы болғандай күнәлар – күпірліктің хабаршысы. Күнәлардың санада, тәнде, дүние мен ақырет істерінде Алладан басқа ешкім санай алмайтын есепсіз кері және зиянды нәтижелері бар».

3. Хадисте айтылған тағы бір маңызды мәселе – дүниелік қиындықтарға төзімділік таныту сенімнің ісі екендігі. Кәміл сенім – өмір барысында кезіккен қиындықтарды оңай еңсеруге көмек береді. Ал яқин – Аллаға деген сенімге қатысты. Яғни адам Алланың бар екендігіне, басына түскен ауыртпашылықтардың Алланың жазуымен болып жатқанын және иләһи қалауды өзгерте алатын ешбір күштің жоқ екендігін, сондай-ақ Алланың берген қиындықтарының бір сыры, тіпті өзі де бірден парқына бара бермейтін пайдаға байланысты екендігін, мұсылманға міндетті түрде сауап беретіндігіне қатысты яқин деп аталатын кәміл сенімге жетсе, дүниелік қиындықтар жеңілдей түседі.

4. «Зұлымдық жасаушылардан кегімізді алушылардан ет» дегендегі мақсат жаһилият дәуіріндегідей залымның ешбір кінәсі жоқ жақындарынан кек алмау. Ислам келместен бұрын арабтар арасындағы әдетке сай бір тайпадан қандай да бір адам басқа бір тайпаның адамын өлтірсе қылмыскердің тайпаластарының барлығы да қылмысқа жауапты болып шығатын. Өлген адамның кегін алу үшін соны өлтірген адамды жазалау шарт емес-тін. Оның жақынын немесе тайпасындағы кез келген адамды өлтіруіне болатын. Алла елшісі бұл жерде «Жаһилия дәуіріндегідей маған зұлымдық жасағандардан тыс бір адамнан, яғни еш кінәсі жоқ адамнан кек алдырма» деген мағынада жалбарынған. Жаһилият дәуіріндегі аталмыш әдет – барып тұрған зұлымдық. Алла харам еткен нәрсе. Өйткен аятта: وَلَا تَزِرُ وَازِرَةٌ وِزْرَ اُخْرَى «Біреудің күнәсін басқа біреу арқаламайды (һәм біреу үшін біреу жауапқа тартылмайды)» (Фатыр, 18) – деп айтылған.

5. Діни қиындық: ақыретте жауапқа тартылуға себеп болатын нәрселердің барлығы да осыған кіреді. Мәселен, харам асты пайдалану, міндетті құлшылықтарды орындамау, дінмен тыйым салынған құмар, зина, ішкілік, пайыз сынды харамдарды істеу, жалған және бұрыс жолға түсу, діни өмір салтына бөгет болатын шарттар т.б. Аллаға деген бағыныштылығымызды әлсірететін, руханиятымызға тосқауыл болатын барлық нәрсе, үлкен болсын, кіші болсын діни қиындыққа жатады.

6. Дүниені басты мақсат ретінде көздемеу – адам өмірінің мақсаты Алланың разылығына ие болуы. Осы мақсатта, өмірге қажетті нәрселерге қол жеткізу үшін еңбек ету – дүниені мақсат ету емес. Бұндай мақсаттағы жұмыс – мұстахаб.

Сондай-ақ тек дүние табуды үйрететін ілім емес, ақыреттік өмірде жеміс беретін ілім де алу керек. Алла елшісі аталмыш дұғасында осыны да сұраған.

7. Соңында залымдар мен кәпірлерге қарсы жеңілмеуді сұраған. Алайда бұл жерде «залымдардың бізге билік жүргізбеуі» де көзделген. Бұл соңғы дұғаны тіпті «қабірде бізге мейірімділік танытпағандықтан, азап періштелерін бізге үстем етпе» деген мағынада түсінгендер де кездеседі.

  1. 1Тирмизи, Дағуат 73 (№ 3497).