Хадис

Кутуб ситтә, № 1859

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
249. Күн күркіреп, найзағай ойнағанда оқылатын дұға
Нөмірі
№ 1859 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1859
Кутуб ситтә, № 1859 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا سَمِعَ الرَّعْدَ وَالصَّوَاعِقَ قَالَ: اللَّهُمَّ لَا تَقْتُلْنَا بِغَضَبِكَ، وَلَا تُهْلِكْنَا بِعَذَابِكَ، وَعَافِنَا قَبْلَ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) күн күркіреп, найзағай жарқылдағанда: “Уа, Алла! Бізді қаһарыңмен өлтірме, азабыңмен опат етпе, оған дейін бізге амандық бере гөр”, – деп дұға ететін»1.

Түсіндірме

1. «Рағд» араб тілінде күннің күркіреуін білдіреді. Бұлттарға қарайтын періштені де солай атайды. Шафиғи Мужаһидтен: «Рағд – періште, найзағай – оның қанаты. Бұлттарды сол қанатымен айдайды», – деген сөз жеткізген. Шафиғи бұл сөздің Құранның сыртқы мағынасына сай екенін айтқан. Бағауи тәпсіршілердің көпшілігінен: «Рағд – бұлттарды айдайтын періште. Естілетін дауыс – оның тәсбихы», – деген пікір келтіреді. Құранда ﴿هُوَ الَّذِي يُرِيكُمُ الْبَرْقَ خَوْفًا وَطَمَعًا وَيُنْشِئُ السَّحَابَ الثِّقَالَ ۝ وَيُسَبِّحُ الرَّعْدُ بِحَمْدِهِ وَالْمَلَائِكَةُ مِنْ خِيفَتِهِ وَيُرْسِلُ الصَّوَاعِقَ فَيُصِيبُ بِهَا مَنْ يَشَاءُ﴾ «Ол сендерге найзағайды һәм үрей салатын, һәм үміт отын жағатындай етіп көрсетеді, әрі қорғасындай ауыр сауын бұлттарды жаратады. Күннің күркірі Оны кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екенін айтып мадақтайды. Періштелер де Оны ерекше құрметпен әрі қорқа отырып, ұлықтайды. Әрі Ол қалағанының төбесіне жай түсіреді.» делінген («Рағыд» сүресі, 12–13-аяттар).

2. «Сәуәиқ» – «саиқа» сөзінің көпше түрі. Кей ғалымдар саиқаны күн қатты күркірегенде жерге түсетін от ұшқыны деп түсіндірген. Қазақша оны «найзағай» дейміз. Өзге ғалымдар «азаптың шыңғырығы» деп түсіндіріп, күннің аса қатты күркіреуін де «саиқа» деп атаған.

3. Алла елшісі (с.а.с.) күн күркіреп, найзағай жарқылдағанда «Бізді қаһарыңмен өлтірме, азабыңмен опат етпе» деп дұға етіп, үмбетіне бұрынғы қауымдардың басына осылай түскен жазаларды еске салған. Ад, Сәмуд және Нұхтың қауымы бастан өткерген апаттардың әрқайсысы – ғибрат.

  1. 1Тирмизи, «Дағауат», № 3450 (Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3446).