Хадис

Кутуб ситтә, № 1886

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
257. Истиғфар, тәсбих, тәһлил, тәкбір, тахмид және хауқала
Нөмірі
№ 1886 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
1886
Кутуб ситтә, № 1886 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Бәкір (р.а.)

وَعَنْ أَبِي بَكْرٍ الصِّدِيقِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا أَصَرَّ مَنِ اسْتَغْفَرَ، وَلَوْ عَادَ فِي الْيَوْمِ سَبْعِينَ مَرَّةً». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Алладан кешірім сұраған адам, күнәға бір күнде жетпіс рет қайта барса да, күнәсін қасарысып жалғастырушы саналмайды»1.

Түсіндірме

1. Ғалымдардың түсіндіруінше, адам бір күнә істеп тәубеге келсе, содан кейін сол күнәға қайта ұрынса не басқа күнә істесе, әр жолы шынайы тәубеге келген жағдайда күнәсін қасарысып жалғастырушы саналмайды. Мұндай адамды «мусир» дейді. Ибн Мәлік «исрарды» Аллаға қарсы келуден тыйылмай, күнәні үздіксіз жалғастыру деп түсіндірген.

2. Алланың кешірімінен үміт үзуге болмайды. Күнәсінен біржола бас тартуға бекінген адамға тәубенің есігі ашық. Бұрынғы күнәларының көптігі, ауырлығы мен алуандығы шынайы тәубенің қабыл болуына бөгет болмайды. «Зүмәр» сүресінің 53-аятында былай делінеді: ﴿قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَىٰ أَنْفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ﴾ «Құлдарыма мына сөзімді айтып жеткіз: “Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!”».

  1. 1Тирмизи, «Дағауат», 119 (№ 3559, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3554). Әбу Дәуіт, «Салат», 361 (№ 1514).