وَلِلْبُخَارِيِّ وَالتِّرْمِذِيِّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: وَاللَّهِ إِنِّي لَأَسْتَغْفِرُ اللَّهَ وَأَتُوبُ إِلَيْهِ فِي الْيَوْمِ أَكْثَرَ مِنْ سَبْعِينَ مَرَّةً». «لَيُغَانُ» أَيْ يُغَطَّى وَيُغَشَّى، وَالْمُرَادُ بِهِ السَّهْوُ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Аллаға ант етемін, мен Алладан күн сайын жетпістен астам рет кешірім сұрап, Оған тәубе етемін”, – дегенін естідім»1.
Түсіндірме
1. Тәубе мен истиғфар – күнәнің кешірілуін сұрауға қатысты құлшылық. Қателікке бой алдырған жан алдымен осыған жүгінеді. «Фатх» сүресінің 2-аятында Пайғамбарға (с.а.с.) қатысты ﴿لِيَغْفِرَ لَكَ اللَّهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِكَ وَمَا تَأَخَّرَ﴾ «Міне, бұл – Алланың сенің өткен һәм келешек күнәларыңды кешіруі…» делінеді. Алла елшісі (с.а.с.) сонда да күніне жетпіс, кей нұсқа бойынша жүз рет тәубе еткен. Ғалымдар мұны бірнеше тұрғыдан түсіндірген:
а) Алдыңғы хадистің түсіндірмесінде Пайғамбардың (с.а.с.) жүрегіне қатысты «ғайн» сөзінің мәні айтылды. Сол түсіндірме оның не үшін истиғфар еткенін де аңғартады.
ә) Ибн әл-Жәузидің пайымынша, жаңылу адам табиғатына тән. Ол пайғамбарлар үлкен күнәлардан қорғалғанын, ал ұсақ жаңылыс болуы мүмкін екенін айтады да, истиғфарды осы тұрғыдан түсіндіреді. Ғалымдардың көпшілігі бұл пікірді қабылдамаған. Алдыңғы хадистің түсіндірмесінде Пайғамбардың (с.а.с.) истиғфары өзге тұрғыдан қарастырылды.
б) Ибн Баттал пайғамбарлардың Алланы тану нығметіне ие болғандықтан2 құлшылыққа ерекше ден қойып, шүкір етуде және өз кемшілігін мойындауда өзгеге үлгі болғанын айтады. Осы түсіндіруге сай, истиғфар Алла алдындағы міндетін өз дәрежесіне лайық атқара алмадым деген сезімнен туындайды. Тамақтану, ерлі-зайыптылық қатынас, ұйқы, демалыс, адамдармен жолығып олардың ісін қарау, жауға қарсы соғысу, ел басқару және жұрттың жүрегін Исламға бұру сияқты істер зікірге, жалбарынуға және Алланы ұдайы еске алуға бөлінетін уақытты азайтады. Мұндай үзілісті Алла елшісі (с.а.с.) өз биік дәрежесіне қарай кемшілік деп санаған болуы мүмкін.
г) Кей ғалымдардың пікірінше, Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне күнәсі үшін кешірім тілеуді үйрету мақсатымен өзі истиғфар еткен. Олар мұны үмбетке жасалған шапағаттың бір түрі деп түсіндірген.
2. Араб тілінде ант сөздің салмағын арттыру үшін де айтылады. Тыңдаушының күмәнін сейілту – оның бір қызметі. Тыңдаушы сөзге сеніп тұрғанда да айтушы ойын нығайту үшін ант ете алады.
3. Ибн Хажар Алла елшісінің (с.а.с.) «Астағфируллаһә уә әтубу иләйһ» деп кешірім тілегенін айтады. Нәсәи келтірген риуаятта истиғфардың өзге сөзі де бар екенін ескерткен.
Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) бір мәжілістен тұрмай тұрып жүз рет أَسْتَغْفِرُ اللَّهَ الَّذِي لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ الْحَيُّ الْقَيُّومُ وَأَتُوبُ إِلَيْهِ. «Өзінен басқа құдай жоқ, мәңгі Тірі әрі бар болмысты ұстап тұрушы Алладан кешірім сұраймын және Оған тәубе етемін» дегенін жеткізген. Өзге риуаятта Ибн Омар: «Алла елшісінің (с.а.с.) бір мәжілісте жүз рет رَبِّ اغْفِرْ لِي وَتُبْ عَلَيَّ إِنَّكَ أَنْتَ التَّوَّابُ الْغَفُورُ. «Раббым, мені кешіріп, тәубемді қабыл ете гөр. Расында, Сен тәубені қабыл етуші әрі кешірімдісің» дегенін санадық», – дейді.
Риуаяттарда «жетпіс рет», «жетпістен астам» және «жүз рет» делінгенін ескерген Ибн Хажар мұндай сандар дәл мөлшерді де, жиілікті де білдіруі мүмкін деген.