وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كَلِمَتَانِ خَفِيفَتَانِ عَلَى اللِّسَانِ. ثَقِيلَتَانِ فِي الْمِيزَانِ. حَبِيبَتَانِ إِلَى الرَّحْمَنِ: سُبْحَانَ اللَّهِ وَبِحَمْدِهِ. سُبْحَانَ اللَّهِ الْعَظِيمِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Тілге жеңіл, таразыға ауыр, Рахманға сүйікті екі сөз бар. Олар – “Субханаллаһи уә бихамдиһи” және “Субханаллаһил-азим”». Мағынасы – «Алланы мадақтай отырып пәктеймін. Ұлы Алла кемшіліктен пәк»1.
Түсіндірме
1. «Тілге жеңіл» деген сөз осы қысқа зікірді айтудың оңай екенін білдіреді.
«Таразыға ауыр» дегенді түсіндірушілер Қиямет күні ізгілік таразысын ауырлататын шынайы салмақ деп ұққан. Ғалымдардың пайымынша, амалдар өлшенген кезде денелік сипат алып, бірінің салмағы екіншісінен басым түседі. Бұл дүниеде де көлемі бірдей заттардың салмағы әркелкі келеді. Сол секілді зікір мен дұға сөздерінің де салмағы қамтыған мағынасына сай әртүрлі болады.
Ибн Батталдың пайымынша, мұндай артықшылық дініне берік, үлкен күнәлардан аулақ жүрген жандарға тән. Нәпсінің жетегінде кетіп, хараммен діндарлығына нұқсан келтірген адам осы сауапқа лайық жандардың қатарына кірмейді. «Жасия» сүресінің 21-аятында: ﴿أَمْ حَسِبَ الَّذِينَ اجْتَرَحُوا السَّيِّئَاتِ أَنْ نَجْعَلَهُمْ كَالَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ سَوَاءً مَحْيَاهُمْ وَمَمَاتُهُمْ سَاءَ مَا يَحْكُمُونَ﴾ «Сонда үнемі жамандық істейтіндер тіршіліктерінде де, өлгеннен кейін де өздерін иман келтіріп, игі істер істегендермен тең көреміз деп ойлады ма?! Олардың өз беттерінше шығарған бұл үкімі қандай жаман әрі қате үкім еді!» делінген.
2. Хадис осы екі зікірді үнемі айтуға үндейді. Тілге жеңіл бұл сөздер таразыда көп күш жұмсап орындалған амалдардай ауыр басады. Сондықтан бұл зікірге салғырт қарау жараспайды.
3. Екі сөздің Аллаға сүйікті болуы оларды айтқан кісінің де Алланың ықыласына бөленетінін білдіреді. Алланың құлына деген сүйіспеншілігі оған жақсылық нәсіп етіп, құрмет көрсетуінен көрінеді.
Алланың көркем есімдерінің ішінен «Рахманның» аталуы да зікірге ынталандырады. Аз амалға мол сауап беруі арқылы Оның рақымының кеңдігі көрінеді.
Бұл екі сөз Алланы кемшіліктен пәктеуді, мадақтауды және ұлықтауды қамтиды. Исламдағы Алла туралы таным осы үш мағынадан көрінеді. Олар намаз бойы қайталанып, намаздан кейінгі зікірде отыз үш реттен айтылады. Хадистегі дыбыс үйлесімін негізге алған ғалымдар табиғи ұйқасқа рұқсат еткен. Кей хадистерде айтылған тыйымды олар сөзді жасанды түрде ұйқастыруға қатысты түсіндірген.
4. «Субханаллаһи уә бихамдиһи» тіркесін «Алланы мадақтай отырып пәктеймін» деп аудардық. Хадис түсіндірушілері мұндағы «уау» әрпінің қимылдың қалпын білдіретінін айтып, тіркесті أُسَبِّحُ اللَّهَ مُتَلَبِّسًا بِحَمْدِي لَهُ لِأَجْلِ تَوْفِيقِهِ «Маған жәрдем еткен Алланы мадақтай отырып пәктеймін» деп түсіндірген. Қысқа аударманың астарында осы мағына жатыр.
- 1Бұхари, «Дағауат», 65, «Әйман», 19, «Таухид», 58 (№ 6406). Мүслим, «Зікір», 31 (№ 2694). Тирмизи, «Дағауат», 61 (Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3463).