Хадис

Кутуб ситтә, № 1900

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
259. № 1900–1908 хадистер
Нөмірі
№ 1900 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1900
Кутуб ситтә, № 1900 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

عَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ قُتِلَ خَطَأً فَدِيَتُهُ مِنَ الْإِبِلِ مِائَةٌ: ثَلَاثُونَ بِنْتَ مَخَاضٍ، وَثَلَاثُونَ بِنْتَ لَبُونٍ، وَثَلَاثُونَ حِقَّةً، وَعَشَرَةٌ بَنِي لَبُونٍ ذَكَرٍ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ إِلَّا أَنَّ فِي رِوَايَةِ التِّرْمِذِيِّ: «مَنْ قَتَلَ مُتَعَمِّدًا دُفِعَ إِلَى أَوْلِيَاءِ الْمَقْتُولِ، فَإِنْ شَاءُوا قَتَلُوا، وَإِنْ شَاءُوا أَخَذُوا الدِّيَةَ وَهِيَ ثَلَاثُونَ حِقَّةً، وَثَلَاثُونَ جَذَعَةً، وَأَرْبَعُونَ خَلِفَةً، وَمَا صُولِحُوا عَلَيْهِ فَهُوَ لَهُمْ، وَذَلِكَ تَشْدِيدُ الْعَقْلِ». وَالْمُرَادُ «بِالْعَقْلِ»: هُنَا الدِّيَةُ، وَلَمَّا كَانَ الْقَاتِلُ يَجْمَعُهَا وَيَعْقِلُهَا بِفَنَاءِ أَوْلِيَاءِ الْمَقْتُولِ لِيَتَقَبَّلُوهَا مِنْهُ سُمِّيَتْ عَقْلًا.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесінен, әкесі атасынан (р.а.) мына хадисті жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Абайсызда өлтірілген адамның құны – жүз түйе. Оның отызы – бинт мәхаз (екінші жасына аяқ басқан ұрғашы түйе), отызы – бинт ләбун (үшінші жасына аяқ басқан ұрғашы түйе), отызы – хиққа (төртінші жасына аяқ басқан ұрғашы түйе), оны – ибн ләбун (үшінші жасына аяқ басқан еркек түйе)»1, – деген.

Тирмизи мына риуаятты келтіреді: «Қасақана кісі өлтірген адам марқұмның уәлилеріне тапсырылады. Олар қаласа, қысас ретінде оны өлтіреді, қаласа, құн алады. Оның құны – отыз хиққа (төртінші жасына аяқ басқан ұрғашы түйе), отыз жазаға (бесінші жасына аяқ басқан ұрғашы түйе) және қырық халифа (буаз түйе). Олар бұдан өзге өтемге келіссе, келіскені де соларға тиесілі. Бұл – құнның ауырлатылған түрі». Мұндағы «ақл» сөзі – құнның атауы. Құн төлеген кісі түйелерді марқұмның туыстарының ауласына жинап, олар қабылдағанша байлап қоятындықтан, құнды осылай атаған.

Түсіндірме

1. Хадис ғалымдары «Амр ибн Шұғайыб әкесінен, әкесі атасынан» деген тізбекті әртүрлі түсіндірген. Кейбірі «ата» деп Амрдың атасы Мұхаммедті түсініп, мұндай хадистерді мурсәл әрі әлсіз деп санаған. Енді бірі бұл сөз Шұғайыбтың атасы Абдуллаға қатысты, бірақ тізбек үзік болғандықтан, хадис мунқатиғ әрі әлсіз деген. Ахмад ибн Ханбал мен төрт «Сүнән» жинағының авторлары Шұғайыбтың Абдулламен жүздескенін, осы тізбекпен жеткен хадистерді Абдулла ибн Амрдың Пайғамбардан (с.а.с.) тікелей жазып алғанын айтып, оларды сахих деп санаған. Сондықтан тізбек сөзбе-сөз беріліп, «атасы» сөзінің кімге қатысты екені нақтыланбайды. Осы тізбекпен жеткен хадистер бұл бөлімде жиі, кейінгі бөлімдерде де кездеседі.

2. Хадисте түйенің жасына қарай бірнеше атау қолданылған. Олар басқа хадистерде де кездесетіндіктен, мағынасын аша кетейік. Айнидың айтуынша, тіл білімі еңбектерінде түйенің он жасқа дейінгі атаулары былай берілген:

1. Хууар – енесін еміп жүрген бота.

2. Фасыл – енесінен айырған бота.

3. Ибн мәхаз – екінші жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – бинт мәхаз.

4. Ибн ләбун – үшінші жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – бинт ләбун.

5. Хиққ – төртінші жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – хиққа.

6. Жазағ – бесінші жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – жазаға.

7. Сәни – алтыншы жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – сәния.

8. Рабағи – жетінші жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – рабағия.

9. Сәдис немесе сәдәс – сегізінші жасына аяқ басқан түйе.

10. Бәзил – тоғызыншы жасына аяқ басқан түйе.

11. Мухаллаф – оныншы жасына аяқ басқан түйе. Бұдан кейін әр жасқа жеке атау берілмейді. Бәзилу ғам, бәзилу ғамайн, мухаллафу ғам, мухаллафу ғамайн, мухаллафу сәләсати әғуам тәрізді тіркестер он бес жасқа дейін қолданылады. Түйеге қатысты «синн» және «затус-синн» деген сөздер де айтылады. «Синн» тілдік тұрғыдан «тіс» және «жас» деген мағыналарды білдіреді. «Затус-синн» – белгілі бір жасқа келген түйе.

Жас түйені «бәкр», ұрғашысын «бәкра» немесе «қалус» дейді. Түйенің түріне және қандай іске пайдаланылатынына қарай да өзге атаулары бар. Олар тиісті хадистердің тұсында түсіндіріледі.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Дият», 18 (№ 4541). Нәсәи, «Қасама», 30 (8/43). Қасақана кісі өлтіру туралы риуаят Тирмизидің «Дият» кітабының 1-тарауында (№ 1387) берілген.