وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «وَدَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْعَامِرَيَّيْنِ بِدِيَةِ الْمُسْلِمِينَ، وَكَانَ لَهُمَا عَهْدٌ مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Бәну Амир тайпасынан екі адамның құнын мұсылмандардың құнымен тең мөлшерде төледі. Абайсызда өлтірілген бұл екі кісінің Алла елшісімен (с.а.с.) келісімі бар еді»1.
Түсіндірме
Бәну Амирден шыққан әлгі екі кісінің өлтірілу оқиғасы былай баяндалады. Алла елшісі (с.а.с.) сол жұрттың өтініші мен берген кепіліне сеніп, дін үйретуге жетпіске жуық сахабасын аттандырады. Олар Би’р Мағунаға тоқтағанда, кепіл бұзылып, топқа тұтқиылдан шабуыл жасалады. Екі кісіден басқасы қаза табады.
Аман қалған екі кісінің бірі Амр ибн Умайя әд-Дамри еді. Ол қайтар жолда Қарқара деген жерде Бәну Амирдің екі адамын кездестіреді. Амр олардың Алла елшісімен (с.а.с.) келісімі барын білмей, қаза тапқан жолдастарының кегін алу үшін екеуін де өлтіреді. Кейін Алла елшісіне (с.а.с.) оқиғаны баяндағанда, ол: «Оларды өлтірген екенсің. Ендеше, құндарын төлеу керек», – дейді.
Келісім бойынша осы екі кісінің құнын өтеуге Мәдинадағы яһудилер де қатысуы тиіс еді. Алла елшісі (с.а.с.) олардың көмегін сұрау үшін Бәну Надир тайпасына барады. Олар төбеден диірмен тасын тастап, оны өлтіруге қастандық ойластырады. Бұл оқиға Бәну Надирдің Мәдинадан қуылуымен аяқталады.
- 1Тирмизи, Дият 12, (1404).