وَعَنْهُ أَيْضًا عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عَقْلُ الْكَافِرِ نِصْفُ عَقْلِ الْمُؤْمِنِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кәпірдің құны мүміннің құнының жартысына тең”, – деді».1
Түсіндірме
1. Бұл риуаят Нәсәидің «Кәпірдің құны» деген тарауында да берілген. Кітап иелері деп аталатын христиандар мен яһудилердің кейбірі Құранның бірқатар аятында кәпірлер қатарында аталады («Бақара», 105-аят. «Бәйинә», 1 және 6-аяттар).
2. Риуаяттарда құн «ақл» сөзімен берілген. Бұл сөздің тілдік мағынасы – «байлау». «Ән-Ниһаяда» айтылғандай, біреуді өлтірген кісі құнға беретін түйелерін марқұмның жақындары тұратын үйдің ауласына әкеліп байлаған. Олар түйелерді сол жерден қабылдап алған. Сөйтіп «ақл» сөзі «құн» мағынасында да қолданыла бастаған. Әуелде құн түйемен өтелген. Кейін оның алтынмен, күміспен, сиырмен, қой-ешкімен өтелетін мөлшері де белгіленді.
3. Бір риуаят бойынша, Алла елшісінің (с.а.с.) кезінде құн сегіз жүз динар не сегіз мың дирхам болған. Кітап иелерінің құны осының жартысына тең еді. Бұл Омардың (р.а.) халифалығына дейін жалғасты. Омар бір құтбасында: «Түйе қымбаттады», – деп, толық құнды мың алтын динарға немесе он екі мың күміс дирхамға көтерді. Әһл әз-зиммәттың құны сол күйінде қалды.
Ханафилер бастаған бір топ ғалым Кітап иелерінің құнын мұсылманның құнымен тең санаған. Олар № 1906 хадистегі Бәну Амирдің екі адамы үшін мұсылманның құнына тең төлем жасалғанына және «Ниса» сүресінің 92-аятының жалпы мағынасына сүйенген: ﴿وَإِنْ كَانَ مِنْ قَوْمٍ بَيْنَكُمْ وَبَيْنَهُمْ مِيثَاقٌ فَدِيَةٌ مُسَلَّمَةٌ إِلَىٰ أَهْلِهِ وَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مُؤْمِنَةٍ﴾ «Ал егер өлген мүмін сендермен бейбіт келісімге келген қауымның өкілі болса, оның қанын жүктеген кісі отбасына құн төлеуі һәм бір мүмін құлды азат етуі керек.» Осы түсіндірме бойынша аятта мөлшері бөлек көрсетілмеген құн деп мұсылман үшін белгіленген құн айтылған.
- 1Тирмизи, Дият 17, (1413).