وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مَا أَعْجَزَكَ مِمَّا فِي يَدَيْكَ فَهُوَ كَالصَّيْدِ وَقَالَ فِي بَعِيرٍ تَرَدَّى فِي بِئْرٍ ذَكِّهِ مِنْ حَيْثُ قَدَرْتَ. وَرَأَى ذَلِكَ عَلِيٌّ وَابْنُ عُمَرَ وَعَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا وَقَالَ هُوَ وَأَنَسٌ وَابْنُ عُمَرَ: إِذَا قُطِعَ الرَّأْسُ مَعَ ابْتِدَاءِ الذَّبْحِ مِنَ الْحَلْقِ فَلَا بَأْسَ وَلَا يُتَعَمَّدُ، فَإِنْ ذُبِحَ مِنَ الْقَفَا لَمْ يُؤْكَلْ سَوَاءٌ قُطِعَ الرَّأْسُ أَوْ لَمْ يُقْطَعْ». ذَكَرَ ذَلِكَ الْبُخَارِيُّ رَحِمَهُ اللّهُ فِي تَرْجَمَةِ بَابٍ.
Ибн Аббас (р.а.): «Қолыңдағы малды ұстап соя алмасаң, ол аңның үкімінде», – деген.
Ибн Аббас құдыққа құлап кеткен түйе жайлы: «Қай тұсына шамаң жетсе, сол тұстан сой», – деген. Әли, Ибн Омар мен Айша (Алла оларға разы болсын) да осы пікірде болған.
Ибн Аббас, Ибн Омар мен Әнас (Алла оларға разы болсын): «Малды тамағынан бауыздағанда басы үзіліп кетсе, етін жеуге болады. Ал желкесінен кесе бастаса, етін жеуге болмайды», – деген.1
Түсіндірме
1. Бұхари бұл риуаятты қашып, ұстауға келмейтін үй жануарының аң үкіміне кіретіні туралы тарауда келтірген. Қалыпты жағдайда үй жануары тамағынан бауыздалады. Ал қашып, ұсталмай қалған мал оқтан не найзадан жараланып өлсе, аң аулаудағы шарттар сақталған жағдайда оның еті адал саналады.
Мұнда осы пікірді ұстанған бірнеше сахабаның сөзі келтірілген. Бұхари оларды жеткізу тізбегін көрсетпей берген. Хадис ғалымдары сол риуаяттардың толық тізбекпен жеткен дереккөздерін атаған.
2. Бұхариде бұл муаллақ әрі мауқуф риуаяттардың негізі болған марфуғ хадис те бар. Рафиғ ибн Хадиж былай дейді: «Мен: “Уа, Алла елшісі! Ертең дұшпанмен кездесеміз. Мал соятын пышағымыз жоқ”, – дедім. Ол: “Мал буынып өліп қалмас үшін тез қимылда немесе оны қанын ағызатын құралмен сой. Алланың аты аталған малдың етін же. Тіс пен тырнақты қолданба. Себебін айтайын: тіс – сүйек, ал тырнақ – хабаштардың пышағы”, – деді. Ертеңіне біз олжаға біраз қой мен түйе түсірдік. Бір түйе қашып кеткенде, бір кісі оны жебемен атып тоқтатты. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Үй жануарының да аң секілді үркіп қашатыны бар. Ұстай алмасаңдар, осылай істеңдер”, – деді».
3. Айни қашып, қолға түспеген үй жануарына аң үкімін қолдануда Айша, Әли және Абдулла ибн Омардың (Алла оларға разы болсын) пікірі бір болғанын айтады. Ол: «Сахабалардың арасынан оларға қарсы пікір айтқан кісіні білмейміз. Бұл – Әбу Ханифа, Сәури, Шәфиғи, Әбу Сәур, Ахмад, Исхақ және олардың шәкірттерінің, сондай-ақ біздің ханафи ғалымдарының пікірі. Имам Мәлик жануардың тамағынан немесе алқымынан сойылуын шарт санаған. Ләйс пен Рабиға да осылай деген», – дейді. Ибн Баттал Сағид ибн әл-Мусайябтың мына пікірін жеткізеді: «Үй жануары тамағынан бауыздалғанда адал болады. Қашып, ұсталмай қалса, аң аулау шарттары қолданылады».
4. Мәтіннің соңында келтірілген Ибн Аббас, Ибн Омар мен Әнастың (Алла оларға разы болсын) сөзінің бір бөлігі Бұхариде келесі тарауда тұр. «Тәйсирдегі» толық нұсқасы ол жерде жоқ. Бұхариде وَقَالَ ابْنُ عُمَرَ وَابْنُ عَبَّاسٍ وَأَنَسٌ: إِذَا قُطِعَ الرَّأْسُ فَلَا بَأْسَ. «Ибн Омар, Ибн Аббас пен Әнас: “Мал бауыздағанда басы үзіліп кетсе, айыбы жоқ”, – деген» деп берілген. Қалған бөлігі – түсіндірме.
Бұхаридің бұл пәтуаны келтіруінің өз жөні бар. Малды әдеттегідей бауыздағанда басы бірден үзіліп кетпейді. Тараудың басында кеңірдек пен екі ірі қан тамыры мойын сүйегіне дейін кесілетіні айтылған. Одан әрі өтпей, жұлынға тимейді. Ибн Омар жұлынды кеспеуге нұсқап, мойын сүйегіне жеткенде тоқтап, жануардың жаны шыққанша күту керектігін айтқан.
Бұхари Ибн Омар, Ибн Аббас пен Әнастың пәтуасын келтіріп, бауыздау кезінде басы бірден үзіліп кеткен жануардың еті желінетінін көрсеткен. Ибн Хажар бұл пәтуаларды әртүрлі дереккөзден жеткізген. Ибн Аббас пен Әнастың пәтуасы басы бірден үзіліп кеткен тауыққа қатысты. Бірде Әнастың қасабы тауық сойғанда, құс қимылдай берген соң басын үзіп алады. Қасап оны шариғатқа сай сойылмады деп тастағысы келеді. Әнас етін жеуге болатынын айтады. Ибн Аббас та осыған ұқсас оқиға туралы сұралғанда, мұндай жағдай асығыс кезде болатынын айтқан.
5. Малды шариғатқа сай сою
Хадистерде мал сою «зәбх» және «нахр» сөздерімен берілген. Бұхари бұл мәселеге بَابُ النَّحْرِ وَالذَّبْحِ «Нахр және зәбх» атты тарау арнаған. Жоғарыда келтірілген деректер сол тараудан алынған. Бұхари бұл мәселенің Құранда да айтылғанын көрсету үшін «Бақара» сүресінің 67–71-аяттарына сілтейді. Содан соң Ибн Журәйждің لَا ذَبْحَ وَلَا نَحْرَ إِلَّا فِي الْمَذْبَحِ وَالْمَنْحَرِ. «Зәбх пен нахр белгіленген тұстан жасалады» деген сөзін келтіреді. Көпшілік ғалым екі атауды мағыналас қолданады. Әдетте «нахр» түйені алқымның кеудеге ұласқан тұсынан союға айтылады. «Зәбх» – мал союдың жалпы атауы. Ибн Журәйж әр жануарды сүннетте белгіленген тұстан союға көңіл аудартқан.
Хадис ғалымдарының түсіндіруінше, шариғатқа сай бауыздау дегеніміз – кеңірдекті, өңешті және мойынның екі жағындағы күретамырды кесу. Бір тамырды «уәдәж», екеуін «аудаж» деп атайды. Әбу Ханифа төртеуінің үшеуі кесілсе жеткілікті деген. Әбу Юсуф кеңірдек, өңеш және екі тамырдың бірі кесілуін шарт санаған. Имам Мұхаммед төртеуінің де жартысынан көбі кесілуін жеткілікті көрген. Ол: «Жартысына жетпесе, жарамайды», – деген. Айни «Әл-Уәжизде» шафиғи ғалымдары кеңірдек пен өңештің кесілуін жеткілікті көргенін және Ахмад ибн Ханбал да солай үкім бергенін айтады. Имам Мәлик пен бірқатар ғалым кеңірдек пен екі күретамырдың кесілуін шарт санаған.
- 1Бұхари, «Зәбаих», 23-баптың кіріспесі.