Хадис

Кутуб ситтә, № 1969

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
274. Дүниеқоңыздықтың айыпталуы
Нөмірі
№ 1969 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
1969
Кутуб ситтә, № 1969 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: حُبُّ الدُّنْيَا رَأْسُ كُلِّ خَطِيئَةٍ، وَحُبُّكَ الشَّيْءَ يُعْمِي وَيُصِمُّ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Әнастан (р.а.) мына сөз жеткізіледі: «Дүниеге құмарлық – күнә атаулының басы. Бір нәрсені шектен тыс жақсы көру сені соқыр әрі саңырау етеді»1.

Түсіндірме

1. Мунауи «Дүниеге құмарлық – күнә атаулының басы» деген сөзді былай түсіндірген: «Бұған тәжірибе мен күнделікті көргеніміз куә. Дүниеқоңыздық ашық та, жасырын да күнәға жетелейді. Сүйген нәрсеге күнә арқылы ғана жететін болса, жағдай тіпті ауыр. Құмарлық адамды мас еткендей, жақсы көрген нәрсесін бәрінен үстем қояды. Ібіліс те солай қателесті, оның құмарлығы дүниеқұмарлықтан да кесірлі болды. Перғауын, Хаман мен олардың әскерлерінің күпірлігіне дүниеқұмарлық себеп болды. Дүниеге берілгендер тозақта мәңгі қалса, одан жүрегін аулақ ұстағандар жәннатта мәңгі қалады. Сондықтан “Дүние – шайтанның шарабы. Кім одан ішсе, мәйітті жууға қойылған тақтай үстінде мастығынан өкінішпен оянады” делінген».

Ғазали: «Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) “Дүниеге құмарлық – күнә атаулының басы” деген. Адамдар дүниеге мүлде қызықпаса, әлем бүлініп, тіршілік тоқтар еді. Пайғамбар дүниеқұмарлықтың құрдымға апаратынын білген. Осыны айту аз ғана адамды есептемегенде, көпшіліктің жүрегінен дүниеге деген сүйіспеншілікті өшірмейтінін де білген. Ал аз адамның дүниеге құмарлықтан бас тартуы тіршілікке нұқсан келтірмейді. Сондықтан ол дүниеқұмарлықтың қатерін ескертіп, насихат айтудан танбаған», – дейді.

2. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп: «Ілімді дүниеге байлануы аз адамнан алған жөн. Ондай кісінің жүрегі нұрлы, дін мәселесінде сирек қиналады. Күнә атаулының басы болған дүниеқоңыздықты жүрегіне ұялатқан кісіден ілімді қалай алуға болады? Бұл – Алланың құзырына және Елшісінің алдына баруға бөгет. Алланың құзыры – Оның сөзі. Ал мұндай адамға Елшінің алдына бару, тіпті намазында да, нәсіп болмайды. Онымен сұхбатқа лайық болмаған адам асыл сипаттарды ұға алмайды. Кім Мұстафа (с.а.с.) секілді дүниеқұмарлықтан арылса, оның сөзін түсінуге лайық болады. Ал фақиһтардың көбі сияқты дүниеге әуес адам бұған лайық болмайды, шариғат иесінің көздегенін ұға алмайды», – деген.

Мунауи дүниені тәрк ету мәселесінде мұсылман фақиһтарының сүннеттен алшақтағанын айтып, мына әңгімені келтіреді. «Бір христианның бір мұсылман фақиһымен әңгімесін тыңдадым», – дейді ол. Христиан: «Ғалымдарың өздерін пайғамбарының мұрагері санайды. Бірақ біздің монахтарымыз тәрк еткен дүниені олар неге көксейді?» – дейді. «Қалай сонда?» – деп сұрайды фақиһ. Ол: «Құтба айту, сабақ беру, имамдық ету секілді діни қызметі үшін дүние сұрайды. Ақы берілмесе, ол қызмет те тоқтайды. Ал біздің монахтарымыз діни міндеттерін ақысыз атқарады. Біздің діндарларымыздың иманының қуатына, өз адамдарыңның иманының әлсіздігіне қараңдар. Раббыларыңның құзырындағы нығметтің қайырлы әрі баянды екені жайлы аяттарға2 кәміл сенгенде, олар да пайғамбарлары мен біздің монахтарымыз секілді дүниеге мән бермес еді», – деп жауап береді. Тағы бір кісі данагөйге шайтанның қайта-қайта азғыратынын айтып шағынады. Дана: «Оның қызынан бас тартсаң, саған келмейді. Оның қызы – дүние. Дүниеге құмарлықтан арылсаң, онымен байланысың да үзіледі», – дейді. Әлгі кісі: «Ол дүниесі жоққа да келеді ғой», – дейді. Дана: «Дүниесі жоқ адам оны алғысы келеді. Біреудің қызын алуға ұмтылған кісі, отау құрмай тұрып-ақ, сол сүйіспеншілікке есік ашқан болады», – деп жауап берген.

Рабиғ ибн Хайсам: «Жүректеріңнен дүниеқұмарлықты шығарыңдар, орнына ақыретке сүйіспеншілік ұяласын», – деген. Алла елшісінен (с.а.с.) الدُّنْيَا دَارُ مَنْ لَا دَارَ لَهُ، وَمَالُ مَنْ لَا مَالَ لَهُ، وَلَهَا يَجْمَعُ مَنْ لَا عَقْلَ لَهُ. «Дүние – ақыретте үйі жоқтың үйі, малы жоқтың малы. Ақылын іске қоспаған адам ғана дүние жиғанды мақсат етеді» деген сөз жеткен.

  1. 1Рәзин қосқан риуаят. Алғашқы бөлігіне мағыналас сөз Бәйхақидың «Шуғаб әл-иман» еңбегінде кездеседі. Екінші бөлігі Әбу Дәуітте Әбу Дәрдадан жеткен («Әдеп», 125, 5130).
  2. 2«Шура» сүресі, 36-аят; «Қасас» сүресі, 60-аят.