ـ1 عَنِ ابْنِ عَمْرٍو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الرَّاحِمُونَ يَرْحَمُهُمُ الرَّحْمَنُ، ارْحَمُوا مَنْ فِي الْأَرْضِ يَرْحَمْكُمْ مَنْ فِي السَّمَاءِ. الرَّحِمُ شِجْنَةٌ مِنَ الرَّحْمَنِ مَنْ وَصَلَهَا وَصَلَهُ اللَّهُ وَمَنْ قَطَعَهَا قَطَعَهُ اللَّهُ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ إِلَى قَوْلِهِ مَنْ فِي السَّمَاءِ، وَالتِّرْمِذِيُّ بِتَمَامِهِ. «الشِّجْنَةُ» بِكَسْرِ الشِّينِ الْمُعْجَمَةِ وَضَمِّهَا بَعْدِهَا جِيمٌ: الْقَرَابَةُ الْمُشْتَبِكَةُ كَاشْتِبَاكِ الْعُرُوقِ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Мейірім танытқандарға Рахман рақым етеді. Жердегілерге мейірім танытыңдар, сонда көктегілер сендерге мейірім танытады. Туыстық байланыс Рахманмен тамырлас. Оны сақтағанды Алла рақымына бөлейді, ал оны үзгенді рақымынан айырады».1
Түсіндірме
1. Хадис «мейірім танытқандар» деп жалпы айтады. Демек, мейірім адамға ғана, мұсылманға ғана, ізгі жанға немесе мұқтажға ғана арналмаған. Жақсы-жаман демей барша адамға, үй жануары мен түз тағысына дейін мейірім таныту Рахманды разы ететін қасиет. Ибн Мәсғуд жеткізген бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) لَنْ تُؤْمِنُوا حَتَّى تَرْحَمُوا. «Мейірім танытпайынша, иман еткен болып саналмайсыңдар», – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Бәріміз де мейірімдіміз», – дегенде, ол: «Мұнда әрқайсыңның досына деген мейірімі емес, адамдар мен жануарларға ортақ мейірім айтылып тұр», – деп түсіндіреді.
Алланың мейірім танытқанға рақым етуі – оған мол игілік сыйлауы және оған қоса күнәларын кешіруі.
Мейірімнің шегін Құран мен сүннет белгілейді. Сүннетке қайшы, Алланың разылығына үйлеспейтін рақымшылдық хадистегі мадаққа жатпайды. Алланың белгілеген шегінен асып, тыйымын бұзған адамды тиісті жазадан босату – талап етілген мейірім емес. Сондықтан жазаға лайық адамға тиісті жазасын беру мейірімге қайшы келмейді.
2. Хадистегі «көктегілер» деп періштелер меңзеледі. Олар мүміндерге кешірім тілейді. Аятта былай делінген: ﴿الَّذِينَ يَحْمِلُونَ الْعَرْشَ وَمَنْ حَوْلَهُ يُسَبِّحُونَ بِحَمْدِ رَبِّهِمْ وَيُؤْمِنُونَ بِهِ وَيَسْتَغْفِرُونَ لِلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا وَسِعْتَ كُلَّ شَيْءٍ رَحْمَةً وَعِلْمًا فَاغْفِرْ لِلَّذِينَ تَابُوا وَاتَّبَعُوا سَبِيلَكَ وَقِهِمْ عَذَابَ الْجَحِيمِ﴾ «Аршты арқалаған және оны айнала қоршаған періштелер Раббыларына мадақ жаудырады, Оған кәміл сенеді және иман келтіргендер үшін Одан кешірім тілеп: “Уа, Раббымыз! Сен шексіз рақымыңмен және іліміңмен барлық нәрсені толық қамтыдың! Ендеше, тәубеге келіп, Өзіңнің жолыңа түскендерді кешіре көр, оларды тозақ азабынан сақтай көр!”» («Ғафир» сүресі, 7-аят).
Аятта періштелердің мүміндерге мейірімі олар үшін рақым мен кешірім тілеуінен көрінеді.
3. Хадистегі «рахим» сөзі, ең әуелі, туған-туыс арасындағы мейірім байланысын, сондай-ақ дос-жаран, көрші-қолаң мен таныстар арасындағы жақындықты білдіреді. الرَّحِمُ شِجْنَةٌ مِنَ الرَّحْمَنِ деген тіркесті шартты түрде «Туыстық байланыс Рахманмен тамырлас» деп аудардық. «Шижна» деп ағаштың бір-біріне шырмалған тамырын немесе аңғардың жіңішке соқпағын айтады. Хадис адам мен жақындарының арасындағы рухани байланыстың Алла алдында қаншалықты маңызды екенін, «рахим» ұғымының «Рахман» есімімен жақындығын көрсетеді. Туыстықтың рақымнан үлес алуы осыдан аңғарылады. Бұл екі сөздің түбірлес болуы да «рахимнің» мағынасын аша түседі. Басқа бір хадисте Алла тағала: أَنَا الرَّحْمَنُ خَلَقْتُ الرَّحِمَ وَشَقَقْتُ لَهَا اسْمًا مِنَ اسْمِي. «Мен Рахманмын. Туыстық байланысты жараттым да, оның атауын Өз есімімнен шығардым», – деген.
«Рахим» сөзі «сила-рахим» ұғымында да кездеседі. Ол туыс, көрші, дос және өзге адамдар арасындағы байланысты сақтап, әрқайсысының ақысын өтеуді білдіреді. Хадис бұл байланысты адамдарды бір-біріне мейіріммен жалғаған, түп негізі Рахманның рақымына тірелетін қатынас ретінде көрсетеді. Осы байланыстың ақысын өтеп, оны сақтаған адам Алланың рақымымен байланысын сақтайды. Ал оның ақысын өтемей, байланысты үзген адам Алланың рақымынан қол үзеді.
- 1Тирмизи, «Бирр», 16 (№ 1924, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 1925). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 66 (№ 4941).