وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيِّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تُنْزَعُ الرَّحْمَةُ إِلَّا مِنْ شَقِيٍّ».
Әбу Дәуіт пен Тирмизи Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген бір нұсқада Алла елшісі (с.а.с.): «Мейірім тек шақидың жүрегінен алынады», – деген.1
Түсіндірме
Бұл хадисте жаратылысқа деген мейірім мен қамқорлықтан тек шақи адам айырылатыны айтылады. Шақи – мәңгілік бақытсыздыққа ұшыраған, ақырет бақыты бұйырмаған адам. Бұл атау иманнан мақұрым қалғанға қатысты қолданылады. Демек, мұнда күпірлікке түскен адам меңзелсе керек. Тиби хадисті былай түсіндірген: «Жаратылысқа мейірім таныту – жүрек жұмсақтығының айғағы, ал жүрек жұмсақтығы – иманның белгісі. Осы нәзік сезімнен нәсіпсіз қалған – шақи».
Хадис ғалымдары адамның өзіне де мейіріммен қарауы керектігін айтады. ﴿إِنْ أَحْسَنْتُمْ أَحْسَنْتُمْ لِأَنْفُسِكُمْ﴾ «Жақсылық істесеңдер, өздеріңе жақсылық істегендерің» («Исра» сүресі, 7-аят) деген аятқа сай өзгеге жасаған жақсылығы да адамның өзіне қайтады.
Бұл мәселе келесі хадистің түсіндірмесінде толығырақ баяндалады.
- 1Тирмизи, «Бирр», 16 (№ 1923, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 1924). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 66 (№ 4942).