Хадис

Кутуб ситтә, № 1994

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
278. Жануарларға мейірім көрсету
Нөмірі
№ 1994 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
1994
Кутуб ситтә, № 1994 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَرَصَتْ نَمْلَةٌ نَبِيًّا مِنَ الْأَنْبِيَاءِ. فَأَمَرَ بِقَرْيَةِ النَّمْلِ فَحُرِّقَتْ. فَأَوْحَى اللَّهُ تَعَالَى إِلَيْهِ: أَنْ قَرَصَتْكَ نَمْلَةٌ أَحْرَقْتَ أُمَّةً مِنَ الْأُمَمِ تُسَبِّحُ؟» «وَقَرْيَةُ النَّمْلِ» مَسْكَنُهَا. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. «وَقَرْيَةُ النَّمْلِ» مَسْكَنُهَا.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Пайғамбарлардың бірін құмырсқа шақты. Ол құмырсқаның илеуін өртеуді бұйырды, сөйтіп илеу өртелді. Сонда Алла оған: “Сені бір құмырсқа шаққаны үшін тәсбих ететін тұтас бір қауымды өртедің бе?” – деп уахи етті».1

Түсіндірме

1. Кей риуаятта мұндағы пайғамбардың Мұса (а.с.) екені айтылады. Бірнеше нұсқада ол ағаш түбінде тынығып жатқанда құмырсқа шаққаны, содан кейін заттарын ағаштың түбінен алғызып, илеуді өртеткені баяндалған.

2. Хадистің бір нұсқасында Алла әлгі пайғамбарға: «Бір ғана құмырсқамен шектелсеңші», – деп уахи еткен.

3. Хадистен шығарылатын үкімде ғалымдардың пікірі бірдей болмаған. Кейбірі осыған сүйеніп құмырсқаны өлтіруге және отпен жазалауға болады десе, басқалары өзге дәлелдерге жүгінген. Ибн Хажар бұрынғы қауымдардың шариғаты, оны жоятын үкім келмесе, біздің шариғатымызда да ескерілетінін айтады. Алайда біздің шариғатымызда отпен азаптауға тыйым салынған. Науауи құмырсқаны өлтіруге және отпен жазалауға сол пайғамбардың шариғатында рұқсат болған деп жорамалдаған. Оның түсіндіруінше, пайғамбар бір құмырсқаның кесірінен тұтас илеуді өртегені үшін ескерту алған. Ал біздің шариғатымызда жануарға от қолдану шарттары орындалған қысасқа ғана қатысты айтылған, өзге жағдайда оған рұқсат жоқ. Сүнән жинақтарында Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) ара мен құмырсқаны өлтіруге тыйым салғанын жеткізеді. Хаттаби тәрізді ғалымдар құмырсқаға қатысты тыйымды Сүлеймани аталатын түрге жатқызған. Бағауи «әл-Истиқсаның» авторы Сәймәриге сүйеніп, «зәрр» аталатын ұсақ құмырсқаны өлтіруге болады деген. Хаттаби де осы пікірде. Сол пайғамбардың шариғатында өлтіру мен өртеуге рұқсат болған деген жорамалдың өзі талас тудырады. Егер ол рұқсат болса және құмырсқаның табиғаты зиян келтіру болса, пайғамбарға жеке ескерту жасалмас еді деген уәж бар. Қади Ияд хадисті зиян келтіретін жәндік туралы үкімге дәлел санайды. Ол мына бір қиссаны келтіреді: әлгі пайғамбар Алла күнәлары үшін апатқа ұшыратқан ауылға жолығып, «Уа, Раббым! Бұлардың арасында балалар, жануарлар, күнә істемегендер де бар еді ғой», – деп таңданған. Кейін ағаш түбіне аялдағанда құмырсқа оқиғасы болған. Қади Ияд осы қиссада зиянды жәндіктің өзі және зиян тигізер күйге әлі жетпеген төлі туралы үкім меңзелген деп пайымдайды.

Қади Иядтың пікірін келтірген Ибн Хажар: «Қисса расында жеткен болса, одан шығатын мағына осы. Пайғамбарға ескерту оның жеке ісі үшін ғана емес, бүкіл илеуге не себепті апат келгенін ұғындыру үшін жасалған. Осы оқиға оған мысал етілген. Ақиқатын Алла біледі», – дейді.

4. Кей ғалымдар хадистің соңғы сөйлемін жануарлар да тәсбих етеді дегенге дәлел санайды. Құранда былай делінген: ﴿تُسَبِّحُ لَهُ السَّمَاوَاتُ السَّبْعُ وَالْأَرْضُ وَمَنْ فِيهِنَّ وَإِنْ مِنْ شَيْءٍ إِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِهِ وَلَكِنْ لَا تَفْقَهُونَ تَسْبِيحَهُمْ﴾ «Жеті қабат аспан мен жер және ондағы күллі жаратылыс Алланы кемшілік атаулыдан ада, мінсіз деп ұлықтайды. Оны ұлықтап, мадақтамайтын бірде-бір жаратылыс жоқ. Алайда сендер олардың айтқан мадағы мен ұлықтауын түсінбейсіңдер» («Исра» сүресі, 44-аят).

Ислам ғалымдары бір қарағанда Исраил ұрпағының қиссасындай көрінетін осы хадисті жан-жақты қарастырған. Олар одан жәндіктерге қатысты үкімдерді, соның ішінде қайсысының зиянын қандай жағдайда қайтаруға болатынын анықтауға тырысқан. Қазіргі кезде зиянкес жәндікпен күрескенде осы ұстаным ескерілмей, табиғатқа залал келтіретін шаралар тепе-теңдікті бұзып жүр. Оның салдарын жою кейде әлдеқайда қиынға соғады. Зиянкестерді жаппай жоюдың орнына олардың таралуын тежейтін өзге жәндіктерді пайдалану жөнінде де пікір бар. Жойылуына рұқсат берілген, жойылуына тыйым салынған және осы екі топқа да кірмейтін жәндіктерге қатысты үкімдерді қайта зерделеу қажеттігі содан туындайды. Мысалы, бидай орылған соң алқапты өртегенде, құмырсқалармен бірге жоюға тыйым салынған басқа да қаншама жәндік қырылады. Жануарлар тұрғысынан бұл – зұлымдық. Табиғат тепе-теңдігі бұзылған соң, оны қалпына келтіруге кеткен шығын мен күш те сол әрекеттің салдары.

Жұмсақтық (рифқ) бөлімі

Рифқ сөзі биязылық, ізеттілік, жұмсақтық және жылы мәміле деген мағыналарды білдіреді. Ол қаталдық пен дөрекілікке қарама-қарсы ұғым. Ислам әдебінде адамдарға да, жануарларға да жұмсақ қарау – ең маңызды ұстанымдардың бірі. Құранда Алла елшісінің (с.а.с.) айрықша қасиеттерінің бірі ретінде осы мінез аталады («Әли Имран», 159-аят). Бұл жөнінде көптеген хадис жеткен. Ислам ғалымдары да жұмсақтықтың маңызын түсіндіріп, оған қатысты өнегелі оқиғаларды келтірген. Жинақ авторы бұл бөлімге төрт хадис енгізген. Тақырыптың маңызына орай бөлім соңында Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіндегі жұмсақтыққа кеңірек тоқталамыз.

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 152, «Бәдғул-халқ», 14. Мүслим, «Сәләм», 148 (№ 2241). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 176 (№ 5265). Нәсәи, «Сайд», 38 (7-т., 210–211-б.).