Хадис

Кутуб ситтә, № 2008

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
281. № 2002–2009 хадистер
Нөмірі
№ 2008 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
2008
Кутуб ситтә, № 2008 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Аммар ибн Ясир (р.а.)

وَعَنْ عَمَّارٍ بْنِ يَاسِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ كَانَ لَهُ وَجْهَانِ فِي الدُّنْيَا كَانَ لَهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ لِسَانَانِ مِنْ نَارٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Аммар ибн Ясир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бұл дүниеде екі жүзі болған кісінің қиямет күні оттан екі тілі болады”, – деді».1

Түсіндірме

Соңғы екі хадисте екіжүзділік айыпталады. Нәуәуи: «Екіжүзді – әр топқа барып, көңілінен шығу үшін өзін солардың қатарында, ал қарсыластарына қарсы етіп көрсететін адам. Мұның ісі жалғандық пен алдаудан тұрады. Сөйтіп, екі топтың да сырын білгісі келеді. Бұл – тыйым салынған әрекет», – дейді. Ол адамдарды жарастыруды көздеген кісінің ісін құптайды. Кей ғалымдар бұл екі ниетті адамның сөзінен ажыратады. Екіжүзді әр топтың алдында соны мақтап, екінші топты жамандайды. Жарастырушы әрқайсысына екіншісінің жақсысын айтып, кемшілігін жасырады. Мұны Ағмаштан жеткен мына нұсқа қуаттайды: الَّذِي يَأْتِي هَؤُلَاءِ بِحَدِيثِ هَؤُلَاءِ وَهَؤُلَاءِ بِحَدِيثِ هَؤُلَاءِ. «Ол бір топқа екінші топтың сөзін, екінші топқа бірінші топтың сөзін жеткізеді».

Кей ғалымдар мұнда амалында рия жасаған кісі меңзелген деп түсіндіреді. Ол сырт көзге құлшылыққа берілген, күнәдан сақтанатын, Алладан қорқатын адам болып көрінеді. Тіпті халықтың құрметі мен қошеметіне бөленеді. Алайда ішкі дүниесі сыртқы қалпына мүлде қайшы.

Мунауидің түсіндіруінше, екіжүзді адам араз екі жаққа да дос болып көрініп, әрқайсысына жәрдем уәде етеді. Бірін екіншісінің алдында жамандайды, біріне жылы, екіншісіне суық қабақ танытады. Осы дүниеде әр топқа өзге тілмен сөйлегені үшін қиямет күні оттан екі тілмен келеді. Ғазали: «Ғалымдар екі топқа екі түрлі жүзбен қараудың екіжүзділік екеніне бірауыздан келіскен. Бұл – екіжүзділіктің бірнеше белгісінің бірі. Екеуімен де жақсы қарым-қатынаста болып, сөзі мен ісінде шыншыл адам дінде айыпталған екі тілді кісіге жатпайды. Бірінің сөзін екіншісіне жеткізсе, сөз тасушы болады», – дейді. Кей кісілер Ибн Омарға (р.а.): «Басшылардың алдында бір түрлі, олардың алдынан шыққан соң басқа түрлі сөйлейміз», – дегенде, ол: «Пайғамбар (с.а.с.) дәуірінде біз мұны екіжүзділік санайтынбыз», – деп жауап берген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 39 (№ 4873).