Хадис

№ 2010–2023 хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 282-тарау · 14 хадис · № 2010–2023

Хадистер

2010
Кутуб ситтә, № 2010 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنْ سَرَّكِ اللُّحُوقُ بِي فَلْيَكْفِكِ مِنَ الدُّنْيَا كَزَادِ الرَّاكِبِ، وَإيَّاكِ وَمُجَالَسَةَ الْأَغْنِيَاءِ، وَلَا تَسْتَخْلِقِي ثَوباً حَتَّى تُرَقِّعِيهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَ زَادَ رَزِينٌ: قَالَ عُرْوَةُ: فَمَا كَانَتْ عَائِشَةُ تَسْتَجِدُّ ثَوْباً حَتَّى تُرَقِّعَ ثَوْبَهَا وَتُنَكِّسَهُ، وَلَقَدْ جَاءَهَا يَوْماً مِنْ عِنْدِ مُعَاوِيَةَ ثَمَانُونَ أَلْفاً فَمَا أَمْسَى عِنْدَهَا دِرْهَمٌ. فَقَالَتْ جَارِيَتُهَا: فَهَلَّا اشْتَرَيْتِ لَنَا مِنْهُ بِدِرْهَمٍ لَحْماً؟ فَقَالَتْ: لَوْ ذَكَّرْتِينِي لَفَعَلْتُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) маған: “Егер маған қосылу сені қуантса, бұл дүниеден жолаушының азығындай ғана үлес саған жеткілікті болсын. Байлармен жиі бас қосып отырудан сақтан. Киіміңді жамап кимей тұрып, тозды деп санама”, – деді»1.

Рәзин риуаятқа Уруаның мына сөзін қосқан: «Айша (р.а.) киімін жамап, ішін сыртына айналдырып кимейінше, жаңасын алмайтын. Бір күні оған Муғауиядан сексен мың дирһам келді. Кешке дейін қолында бір дирһам қалмады, бәрін садақаға берді. Қызметшісі: “Сол ақшадан бір дирһамға бізге ет алсаңызшы!” – дегенде, Айша: “Есіме салсаң, алар едім”, – деді».

Түсіндірме

Бұл риуаят Пайғамбар отбасының өмір салтын танытады. Алла елшісі (с.а.с.) дүниемен байланысын жолда бір ағаштың көлеңкесіне аз уақыт аялдап, сапарын қайта жалғаған жолаушының сол ағашпен байланысына теңеген. Айшаға да ақыретте өзімен бірге болуға жетелейтін өмір салтының бір үлгісін көрсетті: «Киімді жамап кимей тұрып, жаңалама».

Айша (р.а.) киімді жамап қана қоймай, өңі аз тозған ішкі бетін сыртына айналдырып, біраз уақыт солай киетін. Уруаның әңгімесі оның мұны кедейліктен не сараңдықтан емес, зүһд жолын ұстанғандықтан жасағанын көрсетеді. Жоғарыда айтылғандай, шынайы зүһд – мүмкіндігі бола тұра, дүниеге құмартпау. Айша осының үлгісін көрсетті. Алла қиямет күні оның шапағатына жеткізсін.

  1. 1Тирмизи, Либас 38, (1781)
2011
Кутуб ситтә, № 2011 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَقُولُ: اللَّهُمَّ اجْعَلْ رِزْقَ آلِ مُحَمَّدٍ قُوتًا». وَفِي أُخْرَى كَفَافًا. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ. «الْكَفَافُ» الَّذِي لَا يَفْضُلُ عَنْ الْحَاجَةِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Мұхаммедтің отбасының ризығын тіршілікке жететін азық ете гөр!” – деп дұға ететін». Басқа нұсқада: «Ризығын жеткілікті ете гөр!» – делінген1.

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) Алладан тіршілікке жететін ризық сұраған. Риуаяттарда бұл мөлшер «қут» және «кәфаф» деген екі сөзбен берілген. «Қут» адамның жан сақтап, тіршілік етуіне жететін, өзге кісіге алақан жайғызбайтын азық дегенді білдіреді. «Кәфаф» негізгі мұқтаждықтарды өтейтін, артық та, кем де түспейтін мөлшерді білдіреді.

Тирмизидің Алла елшісі (с.а.с.) мен отбасының күнкөрісі туралы жинаған риуаяттарының кейбірі мынадай.

• «Алла елшісі (с.а.с.) бір күнде нан мен етке екі рет тойып көрмей дүниеден өтті».

• «Алла елшісі (с.а.с.) арпа нанына қатарынан екі күн тойып көрмей дүниеден өтті».

• «Алла елшісі (с.а.с.) мен отбасы қатарынан үш күн бидай нанына тойып көрмей дүниеден өтті».

• «Алла елшісі (с.а.с.) мен отбасы қатарынан бірнеше түн аш қалып, кешкі ас таба алмайтын. Нандары көбіне арпа наны болатын».

• «Алла елшісі (с.а.с.) ертеңге азық жинап қоймайтын».

• «Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өткенше биік дастархан басында ас ішпеген, үлпілдек нан да жемеген».

  1. 1Бұхари, Риқақ 17; Мүслим, Зекет 126, (1055); Тирмизи, Зүһд 38, (2362)
2012
Кутуб ситтә, № 2012 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ أَحْيِنِي مِسْكِيناً وَأَمِتْنِي مِسْكِيناً وَاحْشُرْنِي فِي زُمْرَةِ المَسَاكِينِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، قَالَتْ عَائِشَةُ لِمَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: إِنَّهُمْ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ قَبْلَ الْأَغْنِيَاءِ بِأَرْبَعِينَ خَرِيفًا. يَا عَائِشَةُ لَا تَرُدِّي الْمِسْكِينَ وَلَوْ بِشِقِّ تَمْرَةٍ، يَا عَائِشَةُ أَحِبِّي الْمَسَاكِينَ وَقَرِّبِيهِمْ فَإِنَّ اللَّهَ يُقَرِّبُكِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ». وَ فِي حَدِيثٍ آخَرَ: خَمْسُمِائَةِ عَامٍ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Мені міскін күйде өмір сүргіз, міскін күйде жанымды ал, қиямет күні міскіндермен бірге тірілте гөр!” – деп дұға ететін. Айша (р.а.): “Уа, Алланың елшісі, неге?” – деп сұрағанда, ол: “Олар жәннатқа байлардан қырық жыл бұрын кіреді. Уа, Айша, жарты құрма берсең де, міскінді бос қайтарма. Міскіндерді жақсы көр, оларды жақын тұт. Сонда қиямет күні Алла сені Өзіне жақындатады”, – деді»1. Басқа бір хадисте «бес жүз жыл» деп айтылған.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) «міскін» сөзін Алланың алдындағы кішіпейілдігін білдіру үшін қолданған. Бұл сөзімен үмбетін де қарапайым болуға, менмендік пен тәкаппарлықтан арылуға үндейді. Хадис кедейлердің тауқыметке сабыр етуі арқылы ақыретте дәрежесі биіктейтінін аңғартады. Алла елшісінің олармен бірге тірілуді тілеуі де қиямет күні олардың мәртебесі жоғары болатынын көрсетеді.

2. Арабша нұсқадағы «хариф» сөзі «күз» дегенді білдіреді, мұнда «жыл» мағынасында қолданылған. Алла елшісі (с.а.с.) басқа бір хадисте: فُقَرَاءُ الْمُهَاجِرِينَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ قَبْلَ أَغْنِيَائِهِمْ بِخَمْسِمِائَةِ عَامٍ. «Мұһажирлердің кедейлері жәннатқа байларынан бес жүз жыл бұрын кіреді», – деген.

Екі риуаяттағы сандардың әртүрлі берілуін мерзімді дәл белгілеу емес, ұзақтықты аңғарту деп түсіндірген. Табари Мәсләмә ибн Мухалләдтан: «Мұһажирлер жәннатқа басқа мүміндерден қырық жыл бұрын кіреді. Кейін екінші топ жүз жылдан соң кіреді», – деген риуаятты жеткізген.

Әли әл-Қари хадисті: «Сабыр еткен кедей шүкір еткен байдан қайырлы», – деп түсіндіреді. Алла елшісі (с.а.с.): لَيْسَ الْغِنَى عَنْ كَثْرَةِ الْعَرَضِ وَلَكِنَّ الْغِنَى غِنَى النَّفْسِ. «Байлық мал-мүліктің көптігінде емес. Нағыз байлық – көңіл байлығы»2, – деген. Кей ғалымдар Алла елшісінің кедейліктен Аллаға сыйынғанын баяндайтын риуаяттарды да осы тұрғыдан түсіндіріп, онда көңіл кедейлігі меңзелген дейді. Ибн Абдулбаррдың пікірінше, Алла елшісі негізгі қажеттіліктерге де жетпейтін, көңілді жұтататын кедейліктен сақтанған. Ал хадистегі байлық – көңілдің байлығы. Құран кәрімде «Духа» сүресінің 8-аятында ﴿وَوَجَدَكَ عَائِلًا فَأَغْنَىٰ﴾ «Сені мұқтаж күйде тауып, мұң-мұқтажыңды өтеп, байытпады ма?!»3 делінеді. Алла елшісінің байлығы жүрегіндегі Раббысына деген сенімінде еді. Ол құлшылықты ұмыттыратын кедейліктен де, тозаққа жетелейтін байлықтан да Аллаға сыйынатын. Демек, бұл риуаяттардағы кедейлік пен байлық әртүрлі мағынада қолданылған. Осы тұрғыдан қарағанда, тараудағы риуаяттар бірін-бірі толықтырады.

  1. 1Тирмизи, «Зүһд», 37 (№ 2352, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2353).
  2. 2Бұхари, «Риқақ», № 6446. Мүслим, «Зекет», № 1051.
  3. 3«Духа» сүресі, 8-аят
2013
Кутуб ситтә, № 2013 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَدْخُلُ الْفُقَرَاءُ الْجَنَّةَ قَبْلَ الْأَغْنِيَاءِ بِخَمْسِمِائَةِ عَامٍ نِصْفِ يَوْمٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кедейлер жәннатқа байлардан бес жүз жыл бұрын кіреді. Бұл – жарты күн”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадистің түсіндірмесі алдыңғы риуаятта берілді.

2. Бес жүз жыл Алланың құзырындағы жарты күнге тең делінген. Өйткені аятта: ﴿وَإِنَّ يَوْمًا عِنْدَ رَبِّكَ كَأَلْفِ سَنَةٍ مِمَّا تَعُدُّونَ﴾ «Раббыларыңның құзырындағы бір күн сендердің есептерің бойынша мың жыл сияқты.»2, – делінеді. Басқа бір аятта: ﴿تَعْرُجُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ إِلَيْهِ فِي يَوْمٍ كَانَ مِقْدَارُهُ خَمْسِينَ أَلْفَ سَنَةٍ﴾ «Періштелер және Рух Оған елу мың жылға созылатын бір күнде көтеріледі.»3, – деп айтылады. Бір түсіндірме бойынша, уақыт мүмін мен кәпірге әрқалай сезіледі. Мүмінге бір күн мың жылдай созылса, кәпірге елу мың жылдай көрінеді. Тақуаларға жеңіл болған уақыт кәпірлерге ауыр тиеді. ﴿فَإِذَا نُقِرَ فِي النَّاقُورِ ۝ فَذَٰلِكَ يَوْمَئِذٍ يَوْمٌ عَسِيرٌ ۝ عَلَى الْكَافِرِينَ غَيْرُ يَسِيرٍ﴾ «Өйткені күндердің күнінде “Сур” үрленгенде, міне, сол күн өте ауыр күн болады. Әсіресе, кәпірлерге жеңіл болмайды.»4.

  1. 1Тирмизи, «Зүһд», 37 (№ 2353, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2354).
  2. 2«Хаж» сүресі, 47-аят. Мың жыл туралы «Сәжде» сүресінің 5-аятында да айтылады.
  3. 3«Мағариж» сүресі, 4-аят.
  4. 4«Мүддәссир» сүресі, 8–10-аяттар.
2014
Кутуб ситтә, № 2014 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ أَبِي عَبْدِ الرَّحْمَنِ الْحُبُلِيِّ قَالَ: «سَأَلَ رَجُلٌ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ عَمْرٍو بْنَ الْعَاصِ فَقَالَ: أَلَسْنَا مِنْ فُقَرَاءِ الْمُهَاجِرِينَ. فَقَالَ لَهُ: أَلَكَ زَوْجَةٌ تَأْوِي إِلَيْهَا؟ قَالَ: نَعَمْ قَالَ: أَلَكَ مَسْكَنٌ تَسْكُنُهُ؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَأَنْتَ مِنَ الْأَغْنِيَاءِ، قَالَ: فَإِنَّ لِي خَادِماً؟ قَالَ: فَأَنْتَ مِنَ الْمُلُوكِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Абдуррахман әл-Хубули былай дейді: «Бір кісі Абдулла ибн Амрдан (р.а.): “Біз кедей мұһажирлерге жатпаймыз ба?” – деп сұрады. Абдулла: “Үйге қайтқанда қасыңа баратын жұбайың бар ма?” – деді. “Бар”, – деді ол. “Тұратын баспанаң бар ма?” – дегенде де “Бар”, – деді. Сонда Абдулла: “Олай болса, сен ауқаттылардың қатарындасың”, – деді. Әлгі адам: “Қызметшім де бар”, – дегенде, Абдулла: “Ендеше, сен патшалардың қатарындасың”, – деді»1.

  1. 1Мүслим, Зүһд 37, (2979)
2015
Кутуб ситтә, № 2015 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَلَسْتُ فِي عِصَابَةٍ مِنْ ضُعَفَاءِ الْمُهَاجِرِينَ وَإِنَّ بَعْضَهُمْ لَيَسْتَتِرُ بِبَعْضٍ مِنَ الْعُرْيِ، وَقَارِئٌ يَقْرَأُ عَلَيْنَا إِذْ جَاءَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَامَ عَلَيْنَا فَسَكَتَ الْقَارِئُ فَسَلَّمَ. فَقَالَ: مَا كُنْتُمْ تَصْنَعُونَ؟ قُلْنَا: كَانَ قَارِئٌ يَقْرَأُ عَلَيْنَا نَسْتَمِعُ كِتَابَ رَبِّنَا. فَقَالَ: الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِى جَعَلَ فِي أُمَّتِي مَنْ أُمِرْتُ أَنْ أُصَبِّرَ نَفْسِي مَعَهُمْ، وَجَلَسَ وَسَطَنَا لِيَعْدِلَ نَفْسَهُ بِنَا. ثُمَّ قَالَ بِيَدِهِ هَكَذَا: فَتَحَلَّقُوا وَبَرَزَتْ وُجُوهُهُمْ. قَالَ: فَمَا رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَرَفَ مِنْهُمْ أَحَداً غَيْرِي، ثُمَّ قَالَ: أَبْشِرُوا يَا صَعَالِيكَ الْمُهَاجِرِينَ بِالنُّورِ التَّامِّ يَوْمَ الْقِيَامَةِ تَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ قَبْلَ أَغْنِيَاءِ النَّاسِ بِنِصْفِ يَوْمٍ، وَذَلِكَ خَمْسُمِائَةِ سَنَةٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. «الْعِصَابَةُ» الْجَمَاعَةُ مِنَ النَّاسِ. «تَحَلَّقُوا» أَيْ صَارُوا حَلَقَةً مُسْتَدِيرَةً.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Бір топ кедей мұһажирмен бірге отырған едім. Киімі жетіспегендері бірін-бірі қалқалап отырды. Бір қари бізге Құран оқып жатқанда, Алла елшісі (с.а.с.) келіп, жанымызда тұрды. Қари оқуын доғарып, сәлем берді. Алла елшісі: “Не істеп отыр едіңдер?” – деп сұрады. Біз: “Қари Құран оқып, біз Раббымыздың кітабын тыңдап отыр едік”, – дедік. Сонда ол: “Үмбетімнің арасынан өздерімен бірге болуға бұйырылған кісілерді шығарған Аллаға мадақ!” – деді. Өзін бізден жоғары қоймай, ортамызға отырды. Қолымен ишарат еткенде, бәріміз дөңгелене отырып, жүзімізді оған бұрдық. Олардың арасынан менен басқа ешкімді танығанын байқамадым. Содан соң ол: “Уа, жарлы мұһажирлер! Қиямет күніндегі толық нұрды сүйіншілеңдер. Жәннатқа байлардан жарты күн бұрын кіресіңдер. Бұл – бес жүз жыл”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят Мәдинаға қоныс аударған кейбір мұсылмандардың тұрмысын көрсетеді. Киімдері жыртық әрі жұтаң болғандықтан, жалаңаш жерлерін бірін-бірі қалқалап жасыруға тырысқан. Алла елшісі оларды «пақыр» деп қана атамай, «сағалик» деген. «Сағалик» – «суғлук» сөзінің көпше түрі. Ол дүние-мүлкі де, сүйенері де, мүмкіндігі де жоқ жарлыны білдіреді.

2. Мұндағы «қари» – жиналғандарға Құран оқып берген кісі. Исламға шақырғандарды да «қари» немесе «мұқри» деп атаған, өйткені олар дінге Құран оқып шақырған.

3. Алла елшісі (с.а.с.) өздерімен бірге болуға бұйырылғанын айтқанда, мына аятты меңзеген: ﴿وَاصْبِرْ نَفْسَكَ مَعَ الَّذِينَ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ بِالْغَدَاةِ وَالْعَشِيِّ يُرِيدُونَ وَجْهَهُ﴾ «Бір Алланың разылығын ғана қалап, Раббыларына ертелі-кеш құлшылық әрі дұға ететін мүміндермен бірге болуда барынша табандылық таныт.»2.

4. Риуаяттағы «өзін бізбен тең ұстау үшін ортамызға отырды» деген сөз екі түрлі түсіндіріледі.

а) Алла елшісі қарапайымдылық танытып, өзін өзгелерден жоғары қоймай, олардың арасына отырған.

ә) Отырғандардың әрқайсысынан бірдей қашықтықта болу үшін дәл орталарына жайғасқан.

5. Кедейлердің жәннатқа байлардан бес жүз жыл бұрын кіруі алдыңғы екі хадисте түсіндірілді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Ілім 13, (3666); Тирмизи, Зүһд 37, (2352)
  2. 2«Кәһф» сүресі, 28-аят
2016
Кутуб ситтә, № 2016 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Усама ибн Зәйд (р.а.)

وَعَنْ أُسَامَةَ بْنِ زَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قُمْتُ عَلَى بَابِ الْجَنَّةِ فَكَانَ عَامَّةُ مَنْ دَخَلَهَا الْمَسَاكِينُ، وَأَصْحَابُ الْجَدِّ مَحْبُوسُونَ غَيْرَ أَنَّ أَصْحَابَ النَّارِ قَدْ أُمِرَ بِهِمْ إِلَى النَّارِ، وَقُمْتُ عَلَى بَابِ النَّارِ، فَإِذَا عَامَّةُ مَنْ دَخَلَهَا النِّسَاءُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «الجَدُّ» الْحَظُّ وَالسَّعَادَةُ.

Қазақша аудармасы

Усама ибн Зәйд (Алла екеуіне разы болсын) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жәннаттың қақпасында тұрдым. Оған кіргендердің көбі міскіндер екен. Дәулеттілер кіруге бөгеліп тұрды, ал тозаққа тиесілілерді отқа апаруға бұйрық беріліп қойған еді. Тозақтың қақпасына да тұрдым. Оған кіргендердің көбі әйелдер екен”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Түсіндірмеде Алла елшісінің (с.а.с.) мұны миғражда не түсінде көргені айтылады. Риуаят бойынша, тозаққа кіргендердің көбі әйелдер болса, жәннатқа кіргендердің көбі кедейлер болған. Осындай мазмұндағы риуаяттар көп. Автор оларды әр адамның өз әлсіз тұсын танып, сол тұста сақ болуына және дәулеттің адамға ықпалын ескеруіне жасалған ескерту деп түсіндіреді.

Автор аналық міндетке мейірім мен жанашырлық қажет екенін, осы сезімталдықтың адамның осал тұсына да айналуы мүмкін екенін айтады. Оның пайымынша, Алла елшісі әйелдер жайындағы осындай хадистерде сол тұстарға назар аударып, сақ болуға үндеген.

Байлық та адамды ешкімге мұқтаж емеспін деген ойға жетелеп, рухани өмір мен құлшылықтан алыстатуы мүмкін. Дәулет жинауға ұмтылған адам арам жолға түсуі, зекет-садақасын өтемей қалуы мүмкін. Мүлкін сақтап, көбейтудің қамы да оның уақытын байлайды. Алла елшісі дәулеттілерді осындай қатерлерден сақтандырған.

Дін түсінігінде адам сыналу үшін жаратылған. Жоқшылық пен молшылық, әйел не ер болып туу, саулық пен сырқат, бақыт пен бақытсыздық – әрқайсысы сынақ. Шариғат әр жағдайда қалай әрекет етуді үйретіп, сол талаптарды ұстануға шақырады. Оны түсінуге ақылы жеткен кісі ұстанымына сай жауап береді.

Сондықтан дәулеттілерге, әйелдерге немесе өзге бір топқа қатысты айтылған үкімдерді олардың сынағы мен жауапкершілігі тұрғысынан түсінген жөн. Автор бұл сөздерді әйелдерді кемсітуге немесе байларға өшпенділік туғызуға негіз етпейді. Құртуби жәннаттағы әйелдердің аздығын түсіндіруде олардың сезімге көбірек берілуі, тез алдануы, дүниеге әуестеніп, ақыретке көңіл бөлмей қалуы мүмкін деген пікір айтқан.

  1. 1Бұхари, «Риқақ», 51 (№ 6547). Мүслим, «Риқақ», 1 (№ 2736).
2017
Кутуб ситтә, № 2017 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Дәрда (р.а.)

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ابْغُونِي ضُعَفَائَكُمْ، فَإِنَّمَا تُرْزَقُونَ وَتُنْصَرُونَ بِضُعَفَائِكُمْ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. وَمَعْنَى «ابْغُونِي» اطْلُبُوا لِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәрда (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Араларыңдағы әлсіздерді маған тауып беріңдер. Өйткені сол әлсіздеріңнің арқасында ризыққа бөленіп, жәрдем көресіңдер”, – дегенін естідім»1.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) жұрт кедейлігіне қарап әлсіз санайтын адамдарды қамқорлыққа алуға, құқығын қорғауға және қол ұшын беруге үндейді.

2. «Әлсіздеріңнің арқасында» деген сөз олардың араларыңда болуы, сендердің қамқорлығыңда болуы және дұғаларының берекесі деп түсіндірілген. Әлсіз адам өз дәрменсіздігін сезінгенде, өз күшіне арқа сүйемей, Алладан шын ықыласпен жәрдем тілейді. Сөйтіп, үстем түсуі мүмкін. Аятта: ﴿كَمْ مِنْ فِئَةٍ قَلِيلَةٍ غَلَبَتْ فِئَةً كَثِيرَةً بِإِذْنِ اللَّهِ﴾ «Алланың қалауымен қаншама аз қауым өзінен әлдеқайда көп қауымды жеңген болатын.»2, – делінеді. Ал күшті адам өзіне тым сеніп, жеңісті анық көрсе, мақтанға салынып, сақтықтан айырылады. Бұл оны жалғыздық пен жеңіліске ұрындыруы мүмкін. Құран кәрім Хунейн соғысында мұсылмандардың санына масаттанып, шегінгенін баяндайды.3

3. Нәсәи келтірген қосымша сөз хадистің мәнін аша түседі: «Алла бұл үмбетке әлсіздерінің дұғасы, намазы және ықыласы арқылы жәрдем береді». Әлсіздердің жүрегін дүниенің сәні билемегендіктен, құлшылығы мен дұғасы ықыласты келеді. Ынтасы бір мақсатқа ауған соң, дұғасы қабыл, амалы риядан пәк болады. Сол дұғалардың арқасында үмбет дұшпанға қарсы жәрдем көріп, кесапаттан аман қалады.

4. Тиби бұл хадисті дәулеттілерге тым үйір болмауға, кедейлердің алдында менмендік танытпауға шақыру деп түсіндіреді. Лұқман ұлына: «Киімі ескі деп кедейді кемсітпе. Сенің де, оның да Раббысы бір», – деген. Ибн Мұғаз: «Кедейлерді жақсы көру – пайғамбарлардың мінезі. Олармен араласуды әдет ету – ізгі құлдардың, ал олардан бойын аулақ салу – мұнафықтың белгісі», – деген.

5. Мунауи әлсіздер туралы хадис пен Мүслимдегі мына риуаятты қатар қарастырады: الْمُؤْمِنُ الْقَوِيُّ خَيْرٌ وَأَحَبُّ إِلَى اللَّهِ مِنَ الْمُؤْمِنِ الضَّعِيفِ وَفِي كُلٍّ خَيْرٌ. «Күшті мүмін Аллаға әлсіз мүміннен қайырлырақ әрі сүйіктірек. Екеуінде де қайыр бар». Бір қарағанда, мұны هَلْ تُنْصَرُونَ وَتُرْزَقُونَ إِلَّا بِضُعَفَائِكُمْ. «Сендер әлсіздеріңнің арқасында ғана жәрдем көріп, ризыққа бөленбейсіңдер ме?» деген сөзбен үйлестіру қиын көрінуі мүмкін. Мунауи бірінші хадисте Алла берген күшті орнымен жұмсау мақталғанын, екіншісінде кішіпейілділік пен жұмсақтық дәріптелгенін айтады. Айыпталатын әлсіздік – құдіреті шексіз Алланың алдындағы міндетті өтеуде танытқан дәрменсіздік. Алла елшісі (с.а.с.) жеңісті кедейлердің күшіне байланыстырмаған. Олардың дұғасын, ықыласын және кішіпейілдігін атаған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жиһад», 77 (№ 2594). Тирмизи, «Жиһад», 24 (№ 1702). Нәсәи, «Жиһад», 43 (6/45–46). Риуаят Әбу Дәрдадан жеткен.
  2. 2«Бақара» сүресі, 249-аят
  3. 3«Тәубе» сүресі, 25-аят
2018
Кутуб ситтә, № 2018 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا بَعَثَ اللَّهُ نَبِيًّا إِلَّا رَعَى الْغَنَمَ قَالُوا: وَأَنْتَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: نَعَمْ، كُنْتُ أَرْعَاهَا عَلَى قَرَارِيطَ لِأَهْلِ مَكَّةَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَ مَالِكٌ وَ لَمْ يَذْكُرِ الْقَرَارِيطَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла жіберген пайғамбарлардың бәрі қой баққан”, – деді. Жанындағылар: “Уа, Алланың елшісі, Сіз де бақтыңыз ба?” – деп сұрады. Ол: “Иә, Мекке халқына бірнеше қират ақыға қой бақтым”, – деді»1. Мәликтің нұсқасында қират туралы айтылмайды.

Түсіндірме

1. Хадис пайғамбарлардың өмірінде қой баққан кезі болғанын білдіреді. Нәсәидің бір риуаятында қой мен түйе иелері өз малын мақтап, жарысқан кезде Алла елшісі (с.а.с.): «Мұса қой баққан кезінде, Дәуіт те қой баққан кезінде пайғамбар болды. Мен де Жиядта халқымның қойын бағып жүргенде пайғамбар болдым», – деген.

Арабша «қарарит» – «қират» сөзінің көпше түрі. Қират деген жер атауы ма, әлде динардың бір бөлігіне тең ақша өлшемі ме деген пікір бар. Оны ақша өлшемі дегендер Мекке маңында мұндай жер атауы мәлім еместігін айтады. Ал алдыңғы риуаятта Пайғамбардың қой баққан жері Жияд деп аталған. Ибн Хажар екі пікірді үйлестіріп, ол Мекке жұртының қойын ақыға, ал туыстарының қойын ақысыз баққан болуы мүмкін дейді.

2. Ғалымдар пайғамбарлардың бақташы болу хикметін былай түсіндіреді. Отар бағу арқылы олар үмбеттің жүгін көтеруге тәжірибе жинаған. Төрт түлікке қамқорлық жасау олардың мейірімін арттырып, сабырын шыңдаған.

Бұл тұста қойдың мысалға алынуы да тегін емес. Ол өзге түлікке қарағанда әлсіз, түйе мен сиыр секілді байлап ұстауға келмейді. Жайылымда шашырап кетеді, бірақ қайырып жинауға болады.

  1. 1Бұхари, Ижара 2; Муатта, 18 (2, 971); ибн Мәжа, Тижарат 5, (2149)
2019
Кутуб ситтә, № 2019 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُغَفَّلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنِّي أُحِبُّكَ، فَقَالَ: انْظُرْ مَا تَقُولُ قَالَ: وَاللَّهِ إِنِّي أُحِبُّكَ، ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، فَقَالَ: إِنْ كُنْتَ تُحِبُّنِي فَأَعِدَّ لِلْفَقْرِ تَجْفَافاً، فَإِنَّ الْفَقْرَ أَسْرَعُ إِلَى مَنْ يُحِبُّنِي مِنَ السَّيْلِ إِلَى مُنْتَهَاهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Мұғаффал (р.а.) былай дейді: «Бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі, мен Сізді жақсы көремін”, – деді. Алла елшісі: “Не айтып тұрғаныңа қара”, – деді. Әлгі кісі: “Алламен ант етемін, мен Сізді жақсы көремін!” – деп үш рет қайталады. Сонда ол: “Мені жақсы көрсең, кедейлікке қарсы сауыт әзірле. Өйткені мені жақсы көрген адамға кедейлік селдің өз арнасының аяғына жетуінен де тез жетеді”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Алла елшісін (с.а.с.) жақсы көру – әр мүміннің парызы. Бұл хадистегі сөз айрықша терең сүйіспеншілікті білдіреді. Пайғамбар әлгі кісіге айтқан сөзінің салмағын көтере ала ма деген ой салған. «Кедейлікке қарсы сауыт әзірле» деген ескерту де осы шешімге жеңіл қарамауға шақырады. Оның артында талай қиындық пен сынақ бар, кісі көтере алар-алмасын байыптауы керек.

Әли әл-Қари бұл тұстағы «сауытты» сабыр деп түсіндіреді. Сауыт денені зақымнан қалқалағандай, сабыр да кедейліктің зардабын жеңілдетеді.

Селдің мысалға келтірілуі сынақтың тез жететінін аңғартады. Биіктен аққан тасқынның екпіні қатты. Алла елшісінің (с.а.с.) «Сынақтың ең ауыры алдымен пайғамбарларға, кейін оларға ең жақын адамдарға, одан кейін соларға ұқсас жандарға түседі» деген хадисі бұл ойды аша түседі.

Пайғамбарлардың ішінде ауыр сынақтарға ұшыраған Алла елшісінің соңынан ерген кісінің оған жақындығы сүйіспеншілігі жолында көтерген тауқыметі мен төзімінен көрінеді.

Бұл өлшем қазіргі кезде де маңызды. Парыз бен сүннетті орындауға тосқауыл көп. Күнделікті сүннетті былай қойғанда, парызды өтеудің өзі кейде қиынға соғады. Дүниенің жылтырағына алданып, Раббысын естен шығарып, парызы мен сүннетін ұмыт қалдыратындар бар. Олар да Пайғамбарды жақсы көретінін айтады. Оған деген сүйіспеншілік қиындыққа қарамай парыз бен сүннетті орындап, осы жолдағы сынақтарға сабыр етуден көрінеді.

  1. 1Тирмизи, «Зүһд», 36 (№ 2350, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2351).
2020
Кутуб ситтә, № 2020 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَيْنَمَا نَحْنُ جُلُوسٌ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذْ طَلَعَ عَلَيْنَا مُصْعَبُ بْنُ عُمَيْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مَا عَلَيْهِ إِلَّا بُرْدَةٌ مُرَقَّعَةٌ بِفَرْوٍ، فَلَمَّا رَآهُ النَّبِىُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَكَى لِلَّذِي كَانَ فِيهِ مِنَ النِّعْمَةِ، ثُمَّ قَالَ: كَيْفَ بِكُمْ إِذَا غَدَا أَحَدُكُمْ فِي حُلَّةٍ، وَرَاحَ فِي أُخْرَى، وَوُضِعَتْ بَيْنَ يَدَيْهِ صَحْفَةٌ، وَرُفِعَتْ أُخْرَى، وَسَتَرْتُمْ بُيُوتَكُمْ كَمَا تُسْتَرُ الْكَعْبَةُ قَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ: نَحْنُ يَوْمَئِذٍ خَيْرٌ مِنَّا الْيَوْمَ، نُكْفَى الْمُؤْنَةَ، وَنَتَفَرَّغُ لِلْعِبَادَةِ، فَقَالَ: بَلْ أنْتُمْ الْيَوْمَ خَيْرٌ مِنْكُمْ يَوْمَئِذٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге отырғанымызда, Мұсғаб ибн Умәйр (р.а.) келді. Үстінде терімен жамалған жалғыз жамылғысы бар еді. Алла елшісі оны көріп, бұрынғы молшылықта жүрген шағын есіне алды да, жылады. Содан кейін: “Бірің таңертең бір киім, кешке басқа киім киіп, алдыңа бір табақ қойылып, екіншісі алынып, үйлеріңді Қағба секілді бүркейтін күн туса, күйлерің қандай болар еді?” – деді. Біз: “Уа, Алланың елшісі! Ол күні бүгінгіден жақсы болар едік. Күнкөрістің қамынан босап, құлшылыққа көбірек уақыт бөлер едік”, – дедік. Сонда ол: “Сендер бүгін ол күндегіден жақсысыңдар”, – деді».

Түсіндірме

1. Мұсғаб ибн Умәйр – исламның алғашқы қаһармандарының бірі. Меккеде ауқатты отбасында өскен, әдемі киінетін, көрікті жігіт еді. Исламды қабылдаған соң отбасының қарсылығына ұшырап, тұрмысы тарылды. Бірақ бұл қиындықтар оның дінге сүйіспеншілігін жеңе алмады. Алла елшісі (с.а.с.) Ақаба анты қабылданған соң, өзі әлі һижрет етпей тұрып, оны Мәдинаға исламды танытуға және намаз үйретуге жіберді. Мәдиналықтарға Құран оқып, дінді таныстырғаны үшін «мұқри», яғни Құран оқытып үйретуші атанды.

Мұсғаб тұрмыстың тарлығына қарамай, ислам жолында аянбай қызмет етті. Ұхұд соғысында шейіт болғанда, денесін орарлық кебін де табылмапты. Үстіндегі жамаулы киімімен басын жауып, аяғына изхир шөбін төсеп жерлеген. Хаббаб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге һижрет етіп, сыйымызды Алладан күттік. Арамызда сыйын бұл дүниеде алуға үлгермей өткендер болды. Кейбіріміздің жемісіміз осы дүниеде пісіп, қолымызға тиді. Мұсғаб ибн Умәйр артында бір жамылғыдан өзге ештеңе қалдырмады. Онымен басын жапсақ, аяғы ашылып, аяғын жапсақ, басы ашылып қала берді. Алла елшісі: “Басын жамылғысымен жауып, аяғына изхир шөбін салыңдар”, – деп бұйырды».

2. Бұл хадисті түсіндірген автор материалдық молшылық діни жігерді әлсіретіп, құлшылықта салғырттыққа соқтыруы мүмкін дейді. Пайғамбар (с.а.с.) көптеген хадисінде мұсылман қоғамының әлсіреуіне молшылық пен соның салдарынан туған салғырттықтың ықпалын ескерткен. Автор тарихтағы ірі өркениеттердің молшылықтың шыңына жеткеннен кейін құлдырағанын мысал етеді. Қазіргі ауқатты елдердегі маскүнемдік, есірткіге әуестік және жыныстық азғындықтың таралуын да қоғамның әлсіреу белгілеріне жатқызады.

2021
Кутуб ситтә, № 2021 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ بْنِ ثَعْلَبَةَ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ذَكَرُوا عِنْدَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الدُّنْيَا فَقَالَ: أَلَا تَسْمَعُونَ، أَلَا تَسْمَعُونَ؟ إِنَّ الْبَذَاذَةَ مِنَ الْإِيمَانِ، إِنَّ الْبَذَاذَةَ مِنَ الْإِيمَانِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. « الْبَذَاذَةُ» بِذَالَيْنِ مُعْجَمَتَيْنِ بَيْنَهُمَا أَلِفٌ: رِثَاثَةُ الْهَيْئَةِ وَتَرْكُ الزِّينَةِ، وَالْمُرَادُ بِهِ التَّوَاضُعُ فِي اللِّبَاسِ، وَ تَرْكُ التَّبَجُّحِ بِهِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Умама ибн Сағлаба әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) қасында дүние жайы сөз болды. Сонда ол: “Құлақ аспайсыңдар ма? Құлақ аспайсыңдар ма? Қарапайым киіну – иманнан. Қарапайым киіну – иманнан!” – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) мүмінді таза әрі қарапайым киінуге шақырады. Дүние жайы сөз болғанда киімдегі қарапайымдылықты қайталап айтуы сәнге құмартудың да дүниеге қызығуға жататынын аңғартады.

2. «Қарапайым киіну» деп аударылған «бәзаза» сөзін Ибн әл-Әсир сән-салтанаттан бой тартып, жұпыны киіну деп түсіндіреді. Мұнда киімге бола даңғойлық танытпау, қарапайым болу меңзелген. Тозып үлгермеген киімді тастай салуды дін құптамайды.

Алдыңғы хадисте айтылғандай, мүмкіндігі бар адамның таңертең бір киім, кешке басқа киім киюге әуестенуі қоғамның тұрмысына салмақ салып, адамгершілік пен діни өміріне де әсер етеді.

Сондықтан ауқатты кісілерге де осы салдарды ескеріп, кішіпейілділік пен қарапайымдылықты ұстану – дін көрсеткен тура жол.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Тәрәжүл», 1 (№ 4161). Ибн Мәжа, «Зүһд», 22 (№ 4118).
2022
Кутуб ситтә, № 2022 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ذُكِرَ رَجُلٌ عِنْدَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بِعِبَادَةٍ، وَذُكِرَ آخَرُ بِوَرَعٍ، فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يُعْدَلُ الْوَرَعُ بِشَيْءٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) қасында бір адамның көп құлшылық ететіні, екіншісінің күнәдан сақтанатыны айтылды. Сонда ол: “Күнәдан сақтануға тең келетін ештеңе жоқ”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Тирмизиде хадистің мәтіні сәл өзгеше берілген. «Уарағ», яғни күнәдан сақтану ұғымы ол нұсқада «риъа» түріндегі қимыл атауымен айтылады.

2. Алла елшісі (с.а.с.) бұл тұста күнәдан сақтануды құлшылықтың көптігінен жоғары қояды. Ибн әл-Әсирдің түсіндіруінше, «уарағтың» негізгі мағынасы – харамнан сақтану. Кейін бұл ұғым дінге қатысты күмән туғанда рұқсат етілген нәрседен де бой тарту мағынасында қолданылған. Ғазали оны харамға жетелеп кетуінен қауіптеніп, кей адал нәрседен бас тарту деп анықтайды. Алдыңғы хадистегі ауқатты кісінің сәнді киімді қойып, қарапайым киінуі де осыған жатады. Бұл ұстаным киіммен бірге баспана, азық, көлік және сөз секілді өзге қажеттерге де қатысты.

  1. 1Тирмизи, «Қиямет», 61 (№ 2519, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2521). Тирмизи нұсқасындағы сөз – «риъа».
2023
Кутуб ситтә, № 2023 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ عَطِيَّةَ السَّعْدِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يَبْلُغُ الْعَبْدُ حَقِيقَةَ التَّقْوَى حَتَّى يَدَعَ مَا لَا بَأْسَ بِهِ حَذَرًا مِمَّا بِهِ بَأْسٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Атия әс-Сағди (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Құл күнәлі нәрсеге ұрынып қалудан сақтанып, күнәсі жоқ нәрседен де бас тартпайынша, шынайы тақуалыққа жете алмайды”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадис адал болғанымен, қажеттен артық нәрседен бой тартуға үндейді. Мүмін кісі харам емес деген желеумен керексіз нәрсенің бәріне ұмтылмауы керек. Ас-су, киім, сөз, серуен, ұйқы немесе шығынның да қажетке сай мөлшерін ұстаған абзал. Шектен асқан тұсы ысырапқа, ал ысырап харамға жол ашуы мүмкін. Ысырап адал нәрсенің өзінде де кездеседі. Имам Ғазали: «Адал нәрсені артығымен пайдаланып, соған әуестену нәпсіні қомағайлыққа, шектен шығуға және қыңырлыққа жетелейді. Дініне зиян келуінен қорыққан адам осы қатерлерден сақтанып, адалды артық тұтынудан бой тартсын. Сонда харамнан да қорғана алады. Ол үшін ең абзалы – тақуалық және дініне зияны тимейтін нәрсені жақсы көру», – дейді.

2. «Тақуалық» сөзі «уиқая», яғни сақтану дегеннен тараған. Шариғатта ол азапқа апаратын әрекеттерден өзін қорғауды білдіреді. Мунауи тақуалықтың бірнеше дәрежесін атайды.

1) Серік қосудан аулақ болып, мәңгілік азаптан сақтану. Бұған ﴿فَأَنْزَلَ اللَّهُ سَكِينَتَهُ عَلَىٰ رَسُولِهِ وَعَلَى الْمُؤْمِنِينَ وَأَلْزَمَهُمْ كَلِمَةَ التَّقْوَىٰ﴾ «Алла пайғамбарына һәм мүміндерге жан-дүниелерін тыныштыққа бөлеп, жүректерін орнықтырған рақымын түсірді. Әрі тақуалық сөзін олардың ажырамас досы қылды.»2 деген аят дәлел.

2) Күнәдан сақтану. Ол құмар ойын секілді тыйылған істен аулақ жүруді де, намазды салғырттықпен өткізіп алмауды да қамтиды. Кіші күнәдан сақтану да осы дәрежеге кіреді. Шариғатта тақуалық көбіне осы мағынада қолданылады. ﴿وَلَوْ أَنَّ أَهْلَ الْقُرَىٰ آمَنُوا وَاتَّقَوْا﴾ «Егер әлгі елді мекендердің халқы иман келтіргенде һәм Аллаға қарсы келуден сақтанғанда»3 деген аят осы дәрежені меңзейді.

3) Раббысына бет бұрып, құлшылық етуге кедергі келтіретін нәрседен сақтану. ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Аллаға қарсы келуден барынша сақтаныңдар»4 деген аятта әмір етілген тақуалық – осы.

  1. 1Тирмизи, «Қиямет», 20 (№ 2451, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2453).
  2. 2«Фәтх» сүресі, 26-аят
  3. 3«Ағраф» сүресі, 96-аят
  4. 4«Әли Имран» сүресі, 102-аят