وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَقُولُ: اللَّهُمَّ اجْعَلْ رِزْقَ آلِ مُحَمَّدٍ قُوتًا». وَفِي أُخْرَى كَفَافًا. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ. «الْكَفَافُ» الَّذِي لَا يَفْضُلُ عَنْ الْحَاجَةِ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Мұхаммедтің отбасының ризығын тіршілікке жететін азық ете гөр!” – деп дұға ететін». Басқа нұсқада: «Ризығын жеткілікті ете гөр!» – делінген1.
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) Алладан тіршілікке жететін ризық сұраған. Риуаяттарда бұл мөлшер «қут» және «кәфаф» деген екі сөзбен берілген. «Қут» адамның жан сақтап, тіршілік етуіне жететін, өзге кісіге алақан жайғызбайтын азық дегенді білдіреді. «Кәфаф» негізгі мұқтаждықтарды өтейтін, артық та, кем де түспейтін мөлшерді білдіреді.
Тирмизидің Алла елшісі (с.а.с.) мен отбасының күнкөрісі туралы жинаған риуаяттарының кейбірі мынадай.
• «Алла елшісі (с.а.с.) бір күнде нан мен етке екі рет тойып көрмей дүниеден өтті».
• «Алла елшісі (с.а.с.) арпа нанына қатарынан екі күн тойып көрмей дүниеден өтті».
• «Алла елшісі (с.а.с.) мен отбасы қатарынан үш күн бидай нанына тойып көрмей дүниеден өтті».
• «Алла елшісі (с.а.с.) мен отбасы қатарынан бірнеше түн аш қалып, кешкі ас таба алмайтын. Нандары көбіне арпа наны болатын».
• «Алла елшісі (с.а.с.) ертеңге азық жинап қоймайтын».
• «Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өткенше биік дастархан басында ас ішпеген, үлпілдек нан да жемеген».
- 1Бұхари, Риқақ 17; Мүслим, Зекет 126, (1055); Тирмизи, Зүһд 38, (2362)