عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ وَجَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا مِنْ صَاحِبِ إِبِلٍ وَلَا بَقَرٍ وَلَا غَنَمٍ لَا يُؤَدِّي حَقَّ اللَّهِ تَعَالَى فِيهَا إِلَّا جَاءَتْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَكْثَرَ مَا كَانَتْ وَأُقْعِدَ لَهَا بِقَاعٍ قَرْقَرٍ تَسْتَنُّ عَلَيْهِ بِقَوَائِمِهَا وَأَخْفَافِهَا وَتَنْطَحُهُ بِقُرُونِهَا وَتَطَؤُهُ بَأَظْلَافِهَا لَيْسَ فِيهَا جَمَّاءٌ وَلَا مُنْكَسِرٌ قَرْنُهَا. كُلَّمَا مَرَّتْ عَلَيْهِ أُخْرَاهَا عَادَتْ عَلَيْهِ أُولَاهَا حَتَّى يُقْضَى بَيْنَ الْخَلْقِ. وَلَا صَاحِبُ كَنْزٍ لَا يَفْعَلُ فِيهِ حَقَّهُ إِلَّا جَاءَ كَنْزُهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ شُجَاعًا أَقْرَعَ يَتْبَعُهُ فَاتِحًا فَاهُ فَإِذَا أَتَاهُ فَرَّ مِنْهُ. فَيُنَادِيهِ: خُذْ كَنْزَكَ الَّذِي خَبَأْتَهُ فَأَنَا عَنْهُ غَنِيٌّ. فَإِذَا رَأَى أَنَّهُ لَا بُدَّ لَهُ مِنْهُ سَلَكَ يَدَهُ فِي فِيهِ فَيَقْضِمُهَا قَضْمَ الْفَحْلِ».
Әбу Һурайра мен Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Түйесі, сиыры немесе қойы бола тұра, ондағы Алланың ақысын өтемеген адамның малы Қиямет күні бұрынғысынан да көп, ірі әрі күйлі болып келеді. Иесі тегіс алаңға отырғызылады. Жануарлар оны аяқтарымен басып өтіп, мүйіздерімен сүзеді, тұяқтарымен таптайды. Араларында мүйізсіз немесе мүйізі сынған мал болмайды. Соңғысы өтісімен, алғашқысы қайта оралады. Бүкіл жаратылыстың арасында үкім шығарылғанша осы азап жалғасады.
Қазынасының ақысын өтемеген кісінің жиған дүниесі Қиямет күні басы тақыр улы жылан болып келеді. Ол аузын ашып, иесінің соңынан қуады. Жылан жақындағанда, әлгі кісі қашады. Сонда жылан: “Жасырып қойған қазынаңды ал. Мен оған мұқтаж емеспін”, – деп дауыстайды. Құтыла алмайтынын білгенде, ол қолын жыланның аузына сұғады. Жылан оның қолын айғыр жемді шайнағандай шайнайды»1.
Түсіндірме
وَلِلْبَاقِينَ بِنَحْوِهِ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ.
1. Бұл риуаят Қияметте «кәнз» жинағандардың басына келетін азап туралы аятты түсіндіреді. Аятта: «Алтын мен күмісті жинап, Алла жолында жұмсамайтындарды ауыр азаппен сүйіншіле. Сол күні олардың жиғандары тозақ отында қыздырылып, маңдайларына, бүйірлеріне және арқаларына басылады. “Міне, өздерің үшін жиып сақтағандарың осы. Енді жиғандарыңның дәмін татыңдар!” – делінеді»2. Аят алтын мен күмісті қазынаға жинап, Алла жолында жұмсамаған адамның сол мүлкімен азапталатынын айтады. Отқа қыздырылған алтын-күміс денесіне таңба болып басылады. Алтын мен күміс барлық дәуірде дәулет жинаудың кең тараған құралы болғандықтан мысалға келтірілген.
Хадисте түйе, сиыр және қой сияқты малдың иесіне қалай азап болатыны баяндалады. Қияметте жаратылыстың есебі аяқталғанша жануарлар оны тұяқтарымен таптап, мүйіздерімен сүзеді. Мүслімдегі нұсқа бұл азаптың махшарда есеп жүріп жатқанда болатынын және сол күннің ұзақтығы дүние есебімен елу мың жылға тең екенін айтады. «Малдың соңғысы өтіп болғанда, алғашқысы қайта бастайды. Алла пенделерінің арасында сендер есептейтін елу мың жылға тең бір күнде үкім шығарғанға дейін осылай жалғасады. Содан соң адамға жәннатқа немесе тозаққа апарар жолы көрсетіледі».
2. Хадис аяттағы «кәнз» сөзінің мағынасын да ашып береді. Малдың немесе алтын-күмістің ақысын өтемей, Алла жолында жұмсамай жинау осы ұғымға кіреді.
Мүслімнің бір нұсқасында сахабалардың бірі: «Түйенің ақысы қандай?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (с.а.с.): «Бурасын шағылыстыруға беру, інгенін сүтін сауып пайдалануға беру, су басында сауу, шелегін пайдалануға беру және Алла жолында түйеге жүк арту», – деп жауап береді. Сүтін пайдалану үшін інгенді уақытша беру арабша «мәниха» деп аталады.
«Кәнз» сөзінің тілдік мағынасы – мал-мүлікті немесе байлықты жиып сақтау, жерге көму.
3. Ерте дәуірдің ғалымдары аят пен хадисті әртүрлі түсіндірген. Көпшілігі өзге хадистерге сүйеніп, зекеті өтелмеген мүлікті «кәнз» деп атаған. Зекеті берілген мал бұл ұғымға жатпайды деген. Ибн Аббас, Ибн Омар, Жәбир, Әбу Һурайра және Омар (р.а.) осы пікірде болған.
Алидің (р.а.) бір пәтуасы бойынша, төрт мың дирхамнан артық мүлік, зекеті өтелсе де, кәнз саналады. Кей ғалымдар күнкөріс қажетінен артылған мүлікті кәнзге жатқызған. Сөзді тілдік мағынасында түсінген ғалымдардың бір тобы зекет парыз болғанда аяттағы бұрынғы үкімнің күші жойылған деп пайымдаған. Тағы бір топ аяттың басында Кітап иелері сөз болғанына сүйеніп, кәнз туралы ескертуді соларға ғана қатысты санаған.
Елмалылы Хамди Языр аяттың мұсылманға да, өзге дін өкіліне де қатысты екенін айтады. Ақшаны айналымнан әдейі шығарып, жұмсамай сақтау да, оның пікірінше, кәнзге жатады. Тәпсірінде былай деп жазады: «Алтын мен күміс адам игілігі үшін жаратылған. Екеуі айырбас құралы ретінде Алланың құлдарының шынайы қажетіне жұмсалуға тиіс. Алайда кейбіреулер оны жинап, айналымнан шығарады, жерге көмеді, сандыққа немесе қазынаға жасырады да, Алла жолында жұмсамайды. Ақшаның тиісті ақысын өтемеген адамның кім болғаны маңызды емес. Яһуди мен христианның дін қызметкері болсын, соларға ұқсаған басқа адам болсын, зекетін бермей ақшасын қалтасына басқан мұсылман болсын, бәріне ауыр азапты сүйіншіле».
Елмалылы түсіндірмесінің басында алтын-күмісті жаратылу мақсатына сай пайдаланбай жинауды кәнз деп атайды. Соңында сөзін бұрынғы тәпсірлердегі түсіндірмелермен сабақтастырып, дербес үкім шығармайды.
4. Әбу Зәрр әл-Ғифаридің (р.а.) көзқарасы
Ибн Омардан (р.а.) жеткен және көпшілік құптаған пікір бойынша, зекеті берілген мал жеті қат жер астында жатса да кәнз саналмайды. Зекеті өтелмеген мал ашық алаңда тұрса да, кәнзге жатады. Бұдан бөлек, отбасының нәпақасынан артылған дүние кәнз саналады деген пікір бар. Оны бірқатар сахаба ұстанғаны айтылғанымен, ол көбіне Әбу Зәрр әл-Ғифариге (р.а.) телінеді. Әбу Зәрр осы ұстанымы үшін көп тартысып, қиындық көрген. Ибн Кәсирдің баяндауынша, Әбу Зәрр отбасының қажетінен артылған дүние-мүлікті жинауды харам деп білген. Өзі осы пікіріне сай пәтуа беріп, өзгелерді де соған үндеген. Қарсы шыққандармен қатты сөйлескен. Мұғауия оны тоқтатқысы келгенімен, Әбу Зәрр сөзінен қайтпаған. Ел ішінде толқу туа ма деп қауіптенген Мұғауия халифа Османға хат жазып, Әбу Зәррді Мәдинаға шақырып алуды өтінген. Осман оны Мәдинаға шақыртқан. Кейін Әбу Зәрр Рабазаға қоныстанып, Османның халифалығы тұсында сол жерде дүние салған.
Ибн Әсир Мұғауияның Шамда Әбу Зәррдің сөзі мен ісі сай келе ме деп сынағанын баяндайды. Мұғауия бір адам арқылы оған мың динар жібереді. Біраздан кейін әлгі адамды қайта жұмсап: «Ол ақшаны Мұғауия басқа кісіге бер деген еді. Жаңылысып сізге әкеліппін. Қайтарып беріңізші», – дегізеді. Әбу Зәрр: «Енді не істеймін? Ақшаны сол күні-ақ таратып жібердім. Алатын ақым қолыма тигенде қайтарармын», – дейді.
Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснәдінде» Абдулла ибн әс-Самит былай дейді: «Әбу Зәррдің қасында отырғанымда, оған тиесілі ақы әкелінді. Қызметіндегі күңі ақшаның бір бөлігін үй қажетіне жұмсады. Қалған жеті дирһамды Әбу Зәрр оған бақыр ақшаға ұсатуды тапсырды. Мен: “Үйге керек болып қалса немесе қонақ келсе деп сақтап қойсаң қайтеді?” – дедім. Ол: “Алла Елшісі (с.а.с.): ‘Дорбаға салынып, аузы буылған алтын-күміс Алла жолында жұмсалғанға дейін иесінің үстіндегі от болып тұрады’, – деген”, – деп жауап берді».
Әбу Зәррдің аятты осылай түсініп, жұртты да осы пікірге шақыруына Алла Елшісінің (с.а.с.) мына сөзі әсер еткен болуы мүмкін. «Ұхұд тауындай алтыным болса, қарызымды өтеуге сақтаған бір динардан басқа ақшаның қолымда үш түн жатуы маған ауыр тиер еді». Ибн Әсир Әбу Зәррдің осы хадиске сүйенген болуы мүмкін екенін айтады.
Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с.) маған: “Аллаға кедей күйде жолық. Оған бай күйде жолықпа”, – деді. Мен: “Уа, Алла Елшісі, ол үшін не істейін?” – деп сұрадым. Ол: “Сұраушының қолын қайтарма. Келген ризықты жасырып қойма”, – деді. “Мұны қалай орындаймын?” – дедім. Ол: “Осылай істе. Әйтпесе оның соңы – от”, – деп жауап берді».
Бірде әһлі суффадан бір кісі дүние салып, қоржынынан бір динар шыққан. Оны естіген Пайғамбар (с.а.с.): «Бұл – бір күйік таңбасы», – деген. Кейін басқа біреуінің қоржынынан екі динар шыққанда: «Бұл – екі күйік таңбасы», – деген.
Тағы бір риуаятта артында екі динар немесе екі дирхам қалдырған кісінің жаназасын әкелгенде, Алла Елшісі (с.а.с.): «Бұл – екі күйік таңбасы. Серіктеріңнің жаназасын өздерің оқыңдар», – деген. Ол жаназа намазына өзі қатыспаған.
Ибн Кәсир Абдурраззақтан жеткізген риуаятта алтын-күміс жинап, Алла жолында жұмсамағандарды ескертетін аят түскенде, Пайғамбардың (с.а.с.): «Алтын мен күміс құрысын!» – деген сөзін үш рет қайталағаны айтылады. Бұл сөз сахабаларға ауыр тиіп, «Енді қандай дүние жиғанымыз жөн?» деп бір-бірінен сұрайды. Омар (р.а.) сұрақтарын Алла Елшісіне (с.а.с.) жеткізуге барады. Пайғамбар (с.а.с.): «Зікір ететін тіл, шүкір ететін жүрек және дін жолында жәрдемдесетін ізгі жар», – деп жауап береді.
Зәйд ибн Уәһб Әбу Зәррді Рабазада кездестіріп, онда не себепті тұрғанын сұрағанда, ол былай деген: «Шамда Мұғауия екеуіміз алтын-күміс жинап, оны Алла жолында жұмсамағандар туралы аяттың мағынасына келісе алмадық. Мұғауия: “Бұл аят Кітап иелері туралы түскен”, – деді. Мен: “Олар туралы да, біз туралы да түскен”, – дедім. Осыдан арамызда дау туды. Мұғауия Османға менің үстімнен шағым жазды. Осман мені Мәдинаға шақырды. Барғанымда, бұрын көрмегендей қасыма көп адам жиналды. Осыны Османға айтқанымда, ол: “Қаласаң, шеткері, Мәдинаға жақын жерге қоныстан”, – деді. Осы себептен мұнда келіп отырмын. Тіпті маған хабаш адамды басшы етіп қойса да, сөзін тыңдап, бағынар едім». (Бұхари, «Зекет», №1406.)
Риуаятта Әбу Зәррдің (р.а.) Рабазаға өз еркімен қоныс аударғаны баяндалады.
Ғалымдар сахабалардың аятқа қатысты әртүрлі түсініктерінің әрқайсысы Пайғамбардан (с.а.с.) жеткен риуаяттарға негізделетінін айтады. Мұндай айырмашылықты алғашқы мұсылман қауымының жағдайымен байланыстырады. Автордың пайымдауынша, жұрт тұрмыс таршылығын көрген бастапқы кезеңде Пайғамбар (с.а.с.) ақша мен байлық жинауға қатаң қараған. Кейін өзі дүние жимау ұстанымында қала отырып, сахабаларына зекет пен садақа сияқты тиісті ақыларды өтеу шартымен мал жинауға рұқсат берген.
Сахабалар арасындағы пікір алшақтығында көпшіліктің көзқарасы үмбетке бағдар болады. Әбу Зәррдің (р.а.) пікіріне құрмет көрсетіледі. Оны өз еркімен ұстанғысы келген адамға рұқсат бар, ал ұстанбаған кісі айыпталмайды. Сахабалар мен табиғиндердің көпшілігі зекеті берілсе, мал-мүлік жинауға рұқсат деп санаған. Олардың арасында аса дәулетті кісілер де болған.
5. Ғалымдар хадистен шығарған тұжырымдар:
· Хадисте зекетін өтемеген адамның малы Қиямет күні қайта тіріліп, өзіне азап болатыны айтылады. Автор мұны дүниеде малдың тиісті ақысын өзінде алып қалуға ұмтылғанының қарымтасы деп түсіндіреді. Зекет мөлшері мүліктің белгілі бір бөлігі болғанымен, оның ақысы бүкіл малға қатысты. Сондықтан риуаятта иесін бар малы таптайтыны баяндалған.
· Хадисте малға қатысты зекеттен өзге де ақылар аталады. Ғалымдар мұны екі түрлі түсіндірген.
1) Бұл ескерту зекет парыз болмай тұрып айтылған.
2) Мұндағы ақы зекеттің парыз мөлшерінен тыс жәрдемді білдіреді. Оны өтемегеннің бәрі азапталады деген үкім шықпайды. Ескерту сүтке аса мұқтаж кедейге түйесінің сүтін бермей қойған кісіге қатысты болуы мүмкін. Ибн Баттал: «Малдың парыз етілген ақысы да, парыз етілмеген ақысы да бар. Малдың сүтін беру – ізгі мінезге жататын ақылардың бірі», – деген.