عَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَدْ عَفَوْتُ لَكُمْ عَنِ الْخَيْلِ وَالرَّقِيقِ فَهَاتُوا صَدَقَةَ الرِّقَةِ مِنْ كُلِّ أَرْبَعِينَ دِرْهَمًا دِرْهَمٌ. وَلَيْسَ فِي تِسْعِينَ وَمِائَةِ شَيْءٌ، فَإِذَا بَلَغَتْ مِائَتَيْنِ فَفِيهِمَا خَمْسَةُ دَرَاهِمَ».
Әли (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Жылқы мен құл үшін зекет міндетін алып тастадым. Ал күмістен зекет беріңдер. Әр қырық дирхамнан бір дирхам бересіңдер. Жүз тоқсан дирхамнан ештеңе алынбайды. Екі жүз дирхамға жетсе, бес дирхам беріледі»1.
Түсіндірме
1. Арабша дирхам – күміс ақшаның, динар – алтын ақшаның атауы. Ибн Хажар хадистегі «риқа» сөзін «соғылған ақша болсын, ақшаға айналдырылмаған күйде болсын, таза күміс» деп түсіндіреді.
2. Хадисте мінуге, жүк артуға және басқа тұрмыс қажетіне пайдаланылатын жылқы тәрізді малдан және жеке қызметтегі құл үшін зекет алынбайтыны айтылған. Саудаға арналған мүліктің үкімі бөлек қаралады.
3. Алла Елшісінің (с.а.с.) «зекет міндетін алып тастадым» дегенін ғалымдар жалпы міндеттен жасалған ерекшелік деп түсіндіреді. Адам өз қызметінде пайдаланатын жылқы мен құл үшін зекетке міндеттелмейді.
4. Хадис екі жүз дирхамға жетпеген күмістен зекет алынбайтынын білдіреді. Жүз тоқсан тоғыздың орнына жүз тоқсанның аталуы – сөзді ықшамдау тәсілі. Зекет алынатын шектің екі жүз дирхам екенін келесі сөйлем нақтылайды.
Өзге риуаяттарда мүлік осы мөлшерге жеткеннен кейін иелікте бір жыл тұруы керектігі айтылады.
- 1Тирмизи, «Зекет», № 620. Әбу Дәуіт, «Зекет», № 1574. Нәсәи, «Зекет», 18 (5/37).