Хадис

Кутуб ситтә, № 2049

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
287. Әшекей бұйымдардың зекеті
Нөмірі
№ 2049 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
2049
Кутуб ситтә, № 2049 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ نَافِعٍ أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَانَ يُحَلِّي بَنَاتِهِ وَجَوَارِيَهُ الذَّهَبَ، ثُمَّ لَا يُخْرِجُ مِنْ حُلِيِّهِنَّ الزَّكَاةَ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ Ибн Омардан (р.а.) мына хабарды жеткізеді: «Ибн Омар қыздары мен күңдеріне алтын әшекей таққызатын, бірақ әшекейлерінен зекет бермейтін»1.

Түсіндірме

1. Төрт риуаят әйелдердің сәнге тағатын алтын-күміс әшекейінің зекеті туралы. Алғашқы екі хадис тағылатын әшекейден де зекет алынатынына дәлел етілген. Кейінгі екі риуаятта тағуға арналған әшекейден зекет берілмегені баяндалады.

2. Бұл мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Ибн Абдулбәрр Шафиғи, Ахмад, Мәлик және мәдиналық ғалымдардың көбі тағылатын әшекейге зекет парыз емес дегенін жеткізеді. Әбу Ханифа мен бір топ ғалым әшекейден де зекет беру керек деген. Осы пікірді ұстанғандар Айша мен Ибн Омардың зекет бермеуін бала мен жетімнің мүлкіне зекет парыз еместігімен түсіндіреді. Олардың жорамалы бойынша, Ибн Омар күңдерінің мүлік иеленуіне болады, бірақ оларға зекет парыз емес деп санаған.

Қарсы пікірдегі ғалымдар Ибн Омардың өз қыздары жетім де, күң де болмағанын алға тартқан. Сондай-ақ Ибн Омардың бір әйелге мың динар мәһір белгілеп, оның төрт жүз динарын әшекей етіп бергенін және сол әшекейден зекет төлемегенін келтіреді.

Имам Мәлик тағуға арналған әшекейден зекет алынбайды деген. Оның пікірінше, біреуде өңделмеген алтын немесе бұрын әшекейге тағылып, кейін қолданылмай қалған алтын-күміс бұйым болса, зекетін жыл сайын береді. Мөлшері жиырма динарға немесе екі жүз дирхамға жетпесе, зекет парыз болмайды. Сәннен өзге мақсатқа сақталған бұйымнан зекет беріледі. Иесі өңделмеген алтынды немесе бұзылған әшекейді жөндеп, тағы да тағу үшін сақтаса, ол қолданылып жүрген әшекей үкімінде қалады.

2. Інжу, маржан, гауһар секілді алтын-күмістен өзге асыл тастан жасалған әшекейге зекет парыз еместігіне ғалымдар бірауыздан келіскен.

Ал теңізден өндірілген інжу-маржаннан үлес алу жөнінде пікірлер әртүрлі. Көпшілік одан зекет алынбайды деген. Алла Елшісі (с.а.с.) жерден табылған риказдың бестен бірі алынатынын айтқан, ал теңізден алынатын байлыққа бұл хадисте үкім берілмеген.

Әбу Юсуф теңізден өндірілген осындай байлықтың бестен бірі алынсын деген.

  1. 1«Муатта», «Зекет», 11 (1/250).