Хадис

Кутуб ситтә, № 2054

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
289. Егістік өнімінің ұшыры
Нөмірі
№ 2054 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
2054
Кутуб ситтә, № 2054 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْعَجْمَاءُ جُبَارٌ، وَالْبِئْرُ جُبَارٌ، وَالْمَعْدِنُ جُبَارٌ، وَفِي الرِّكَازِ الْخُمُسُ». «الْعَجْمَاءُ» الْبَهِيمَةُ. وَ«الْجُبَارُ» الْهَدَرُ. وَكَذَلِكَ «الْمَعْدِنُ وَالْبِئْرُ» إِذَا هَلَكَ الْأَجِيرُ فِيهِمَا فَدَمُهُ هَدَرٌ لَا يُطَالَبُ بِهِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Хайуан келтірген зақымға, құдықта немесе кен орнында болған жазатайым оқиғаға құн төленбейді. Риказдың бестен бірі беріледі»1.

Түсіндірме

Хадистегі «ажма» – хайуан, ал «жүбар» – өтемі талап етілмейтін шығын. Хадис жанында ешкім болмаған малдың келтірген зияны үшін иесіне құн жүктелмейтін жағдайды сөз етеді.

Тирмизи жеткізген түсіндірмеде «ажма» иесінен босап кетіп, біреуді жарақаттаған малға қатысты айтылады. Әбу Дәуіт оны күндіз де, түнде де қараушысыз жүрген хайуан деп түсіндіреді. Ибн Мәжа Убада ибн Самиттің риуаятынан кейін бұл сөздің хайуан атауы екенін көрсетеді. Қамалған не байланған мал босап шығып, біреуге зиян келтірсе, фиқһ ғалымдары иесінің жауапкершілігін оқиғаның мән-жайына қарап анықтаған. Ханафилер мен ханбалилер мініп келе жатқан малдың басы не алдыңғы аяғымен келтірген зияны өтеледі, ал артқы аяғы мен құйрығын бірдей игеру қиын болғандықтан, одан келген зиян өтелмейді деген. Шафиғилер малдың жанында оны қараған, мінген немесе жетектеген адам болса, сол кісі жауап береді деген. Мәликилердің пікірі де осыған жақын. Заһирилер малдың жанында адам болған-болмағанына қарамастан, келтірілген зиян өтеледі деген.

Құдыққа қатысты да оның қай жерде және кімнің рұқсатымен қазылғаны ескеріледі. Бұрыннан бар, өз жерінде немесе рұқсатпен қазылған құдыққа адам не мал жазатайым түссе, иесінен өтем талап етілмейді деген пікір бар. Ал біреу бөтен жерге немесе жол үстіне рұқсатсыз шұңқыр қазып, одан зиян келсе, өтейді. Кей ғалымдар қастықпен немесе алдап құдыққа түсірген жағдайға бұл жеңілдік жүрмейтінін айтқан. Рұқсатпен пайдаланылған кен ұңғымасына қатысты да осы айырма ескеріледі.

Ибн Хажар құдық қазуға жалданған жұмысшыны жұмыс кезінде топырақ басып қалса, хадистегі үкім соған да жүретінін айтқан. Ол қияс арқылы жансыз затты да мысалға алады. Біреу сүрініп, басын қабырғаға соғып жараланса немесе өлсе, қабырға иесінен өтем талап етілмейді. Сондай-ақ құрма ағашына шығуға жалданған жұмысшы құлап мерт болған жағдайды да осы қатарға жатқызған.

Кен мен қазынаға қатысты үкімдер осы бөлімнің жалпы түсіндірмесінде берілді. Егжей-тегжейі фиқһ еңбектерінде қарастырылады.

  1. 1Бұхари, «Зекет», 66, «Дият», 28, 39. Мүслим, «Худуд», 45 (1710). «Муатта», «Зекет», 9. Тирмизи, «Зекет», 16 (642), «Ахкам», 37 (1377). Әбу Дәуіт, «Имарат», 40 (3085). Нәсәи, «Зекет», 28 (5/45). Ибн Мәжа, «Дият», 27 (2673–2676).