ـ4 وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَيْسَ الْعَنْبَرُ بِرِكَازٍ، إِنَّمَا هُوَشَيْءٌ دَسَرَهُ الْبَحْرُ». «دَسَرَهُ» دَفَعَهُ.
Ибн Аббас былай деген: «Теңіз жағаға шығарып тастаған аңбар риказға жатпайды»1.
Түсіндірме
1. Аңбар – жұпар иісті зат. «Үлкен сөздікте» оның ірі балықтардың ішегінде түзілетіні айтылады. Ерте еңбектерде оның шығу тегі жөнінде басқа да болжамдар бар. Ибн Хажар Шафиғидің «Әл-Үмм» еңбегіндегі сөзін келтіреді. Онда кей ғалымдар аңбарды теңіз жағасындағы өсімдік деп санағаны айтылады. Тағы бір болжам бойынша, оны жеген балық өліп, толқын жағаға шығарады, ал адамдар аңбарды балықтың ішінен алады. Ибн Рустам Мұхаммед ибн әл-Хасанның аңбарды апиынға ұқсатқанын жеткізеді. Аңбарды теңіздегі ағаштың сынған бөлігі, не қайнардан шығатын зат деген де жорамал болған. Соңғы пікір Ибн Синаға телінеді. Ибн әл-Байтар «Әл-Жамиғда» оны теңіз жануарының бөліндісі деп сипаттайды.
2. Бұхари Ибн Аббастың аңбарды риказға жатқызбағанын сәнәдсіз келтірген. Басқа жинақтарда бұл сөздің жеткізу тізбегі бар. Ал Ибн Әбу Шәйбаның риуаятында Ибн Аббастың жауабы шартты. Тауыс оның аңбар туралы сұраққа: «Одан бір үлес алынатын болса, бестен бірі алынар еді», – дегенін жеткізеді. Ибн Хажар осы екі сөзді Ибн Аббас әуелде күмәнданған, кейін аңбардың риказ еместігіне тоқтаған деп үйлестіреді.
- 1Бұхари, «Зекет», 65. Ибн Аббастың сөзі «Теңізден алынатын заттар» тарауының кіріспесінде сәнәдсіз келтірілген.