وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَرْفَعُهُ: «إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ سَمْحَ الْبَيْعِ، سَمْحَ الشِّرَاءِ، سَمْحَ الْقَضَاءِ».
Тирмизидің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Алла сатқанда да, сатып алғанда да, берешекті өтегенде де жеңілдік танытуды жақсы көреді», – деген.1
Түсіндірме
Хадистегі «жеңілдік таныту» ұғымы арабша «сәмх» деп берілген. Мунауидің түсіндіруінше, бұл сөз екі жақтың бір-біріне жеңілдік жасауын («мүсәһәлә») білдіреді. Нәсәи де осы мағынада мына риуаятты жеткізген: أَدْخَلَ اللَّهُ الْجَنَّةَ رَجُلًا كَانَ سَهْلًا مُشْتَرِيًا وَبَائِعًا وَقَاضِيًا وَمُقْتَضِيًا. «Алла сатып алғанда да, сатқанда да, берешегін өтегенде де, алашағын сұрағанда да жеңілдік танытқан адамды жәннатқа кіргізді».2