وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ عُقْبَةَ مَوْلَى الزُّبَيْرِ: «أَنَّهُ سَأَلَ الْقَاسِمَ بْنَ مُحَمَّدٍ: عَنْ مُكَاتَبٍ لَهُ قَاطَعَهُ بِمَالٍ عَظِيمٍ، هَلْ عَلَيْهِ فِيهِ زَكَاةٌ؟ فَقَالَ الْقَاسِمُ: إِنَّ أَبَا بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ لَمْ يَكُنْ يَأْخُذْ مِنْ مَالٍ زَكَاةً حَتَّى يَحُولَ عَلَيْهِ الْحَوْلُ. قَالَ الْقَاسِمُ: فَكَانَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ إِذَا أَعْطَى النَّاسَ أَعْطِيَاتِهِمْ يَسْأَلُ الرَّجُلَ هَلْ عِنْدَكَ مِنْ مَالٍ وَجَبَتْ عَلَيْكَ فِيهِ الزَّكَاةُ؟ فَإِنْ قَالَ نَعَمْ أَخَذَ مِنْ عَطَائِهِ زَكَاةَ ذَلِكَ الْمَالِ. وَإِنْ قَالَ: لَا، سَلَّمَ إِلَيْهِ عَطَاءَهُ وَلَمْ يَأْخُذْ مِنْهُ شَيْئًا».
Зубәйрдің азат еткен құлы Мұхаммед ибн Уқба Қасым ибн Мұхаммедтен: «Бостандығын сатып алу туралы келісім жасаған құл бірден едәуір қаражат төлесе, сол қаражаттан зекет беру керек пе?» – деп сұрады. Қасым: «Әбу Бәкір (р.а.) мүлікке бір жыл толмайынша одан зекет алмайтын. Жұртқа үлестерін таратқанда әркімнен: “Өзіңде зекет беру міндеттелген мүлік бар ма?” – деп сұрайтын. “Бар”, – десе, үлесінен сол мүліктің зекетін алып қалатын. “Жоқ”, – десе, үлесін түгел беретін», – деді1.
Түсіндірме
1. «Муаттадағы» бұл риуаят мүнқатиғ, яғни жеткізу тізбегі үзілген. Қасым атасы Әбу Бәкірмен (р.а.) кездеспеген. Алайда бұл хабарды жеткізу тізбегі үзілмеген өзге риуаяттар қуаттайды.
2. Мүкатаб – белгілі мөлшерде қаражат төлеп, азаттық алу үшін қожайынымен шарт жасасқан құл. Ибн Абдулбәррдің түсіндіруінше, мұқатаға – азаттықты жеделдету үшін осы шартта белгіленген ақыға қатысты алдын ала жасалған төлем. Мұхаммед ибн Уқба Қасымнан осылай алынған қаражат нисаптан асса, одан зекет алына ма деп сұраған. Қасым Әбу Бәкірдің бір жыл толмай зекет алмағанын жеткізеді. Зұрқани мұндай төлемнің иесінің қолында бір жыл тұрмайынша, зекет берілмейтінін айтқан. Оның айтуынша, ғалымдар егіннің ұшырынан өзге, түйе, сиыр, қой мен ақша зекетіне бір жылдық мерзім қажет дегенге келіскен.
- 1«Муатта», «Зекет», 4 (1/245).