وَعَنْ عَطَاءِ بْنِ يَسَارٍ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «لَا تَحِلُّ الصَّدَقَةُ لِغَنِيٍّ إِلَّا لِخَمْسَةٍ: لِغَازٍ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، أَوْ لِعَامِلٍ عَلَيْهَا، أَوْ لِغَارِمٍ، أَوْ لِرَجُلٍ اشْتَرَاهَا بِمَالِهِ، أَوْ لِرَجُلٍ كَانَ لَهُ جَارٌ مِسْكِينٌ، فَتُصُدِّقَ عَلَى الْمِسْكِينِ فَأَهْدَاهَا الْمِسْكِينُ لِلْغَنِيِّ». «الْغَارِمُ»: الْكَفِيلُ وَمَنْ عَلَيْهِ دَيْنٌ ادَّانَهُ فِي غَيْرِ مَعْصِيَةٍ وَإِسْرَافٍ.
Ата ибн Ясар Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Садақа мына бес жағдайда ғана бай адамға адал:
1. Алла жолында жорыққа шықса.
2. Зекет ісіне тағайындалса.
3. Қарызға батса.
4. Садақаға берілген мүлікті өз ақшасына сатып алса.
5. Мұқтаж көршісі алған садақасын оған сыйласа»1.
Түсіндірме
1. Ибн Абдулбәрр бұл хадисті №2084 хадистің жалғасы деп түсіндіреді. Алдыңғы хадисте бай және еңбек етуге шамасы бар адамға зекет берілмейтіні айтылса, мұнда сол жалпы үкімнен тыс жағдайлар аталады.
2. Хадис зекеттің кімдерге берілетінін көрсететін аятпен байланысты. Аятта мына сегіз топ аталады:
1. Кедейлер.
2. Міскіндер.
3. Зекет ісіне тағайындалғандар.
4. Көңілдері Исламға жібітілетіндер.
5. Бас бостандығын өтеуге мұқтаж құлдар мен тұтқындар.
6. Қарызға батқандар.
7. Алла жолында жүргендер.
8. Жолда қалған жолаушылар2.
Хадистегі алғашқы үш жағдай аятта да аталады. Олар – Алла жолындағы жорық, зекет ісінде қызмет ету және қарыз. Қалған екі жағдай зекет тиісті адамға жеткеннен кейін оның қолындағы мүлікті сатып алуға немесе сыйға қабылдауға қатысты.
3. Осы жағдайлардың да өз шарттары бар. Мысалы, зекет ісіне тағайындалған бай кісі қызметінің ақысын зекеттен ала алады. Жоғарыда сөз болған пікір бойынша, бұл құқық Һашим мен Мутталиб ұрпақтарына жүрмейді.
Қарызға батқан байға қатысты да шарт бар. Ол қайырымды істі атқару немесе араз адамдарды жарастыру үшін қарызданып, оны өтеуге шамасы келмесе, зекеттен көмек беріледі. Өз қажеті үшін қарызданған адам бұл санатқа кірмейді. Егер кедей болса, сол санат бойынша қаралады.
Мүлік мұқтаж адамға зекет ретінде тиіп, кейін сыйға берілсе, оны қабылдауға болады. Айшаның (р.а.) азат еткен Бәрира (р.а.) өзіне садақаға берілген етті Айшаға сыйлаған. Алла Елшісі (с.а.с.): هُوَ لَهَا صَدَقَةٌ وَلَنَا هَدِيَّةٌ. «Бұл – оған садақа, бізге сыйлық», – деп, сол еттен жеген. №2088 хадисті қараңыз.
4. Ғалымдар осы бес жағдайдан тыс байға парыз садақа, яғни зекет берілмейтініне келіскен. Әбу әл-Уәлид әл-Бажи: «Біреудің бай екенін біле тұра, осы бес жағдайдан тыс оған зекет беруге болмайды. Бұл жөнінде талас жоқ», – деген. Ибн әл-Қасым байға немесе мұсылман емес адамға зекет берген кісі оны қайта өтейді деген.
Нәпіл садақа сыйлық сияқты. Оны байға да, кедейге де беруге болады.
5. Хаттабидің түсіндіруінше, Алла жолында жорыққа шыққан адам бай болса да зекеттен алып, оны жорық үстінде пайдалана алады. Ол аяттағы «Алла жолында жүргендер» санатына кіреді. Мәлик, Шәфиғи, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһуя осы пікірде болған. Әбу Ханифа мен оның шәкірттері жорықтағы адамға жорықтан бөлінбейінше садақа берілмейтінін айтқан.
Зекет кімдерге адал?