Хадис

Кутуб ситтә, № 35

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
3. Ауыспалы мағына туралы
Нөмірі
№ 35 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
35
Кутуб ситтә, № 35 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «ثَلَاثَةٌ مِنْ أَصْلِ الْإِيمَانِ: الْكَفُّ عَمَّنْ قَالَ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَلَا تُكَفِّرْهُ بِذَنْبٍ، وَلَا تُخْرِجْهُ مِنَ الْإِسْلَامِ بِعَمَلٍ، وَالْجِهَادُ مَاضٍ مُنْذُ بَعَثَنِيَ اللَّهُ إِلَى أَنْ يُقَاتِلَ آخِرُ أُمَّتِي الدَّجَّالَ، لَا يُبْطِلُهُ جَوْرُ جَائِرٍ وَلَا عَدْلُ عَادِلٍ، وَالْإِيمَانُ بِالْأَقْدَارِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Үш нәрсе иманның негізіне жатады.

1. “Лә иләһә иллаллаһ” деген адамға қол сұқпау. Істеген күнәсі үшін оны кәпір санамау және бір амалына бола Исламнан шығармау.

2. Жиһад Алла мені пайғамбар етіп жібергеннен бастап, үмбетімнің соңғылары Дәжжалмен шайқасқанға дейін жалғасады. Оны залымның зұлымдығы да, әділдің әділдігі де тоқтата алмайды.

3. Тағдырға иман келтіру»1.

Түсіндірме

Хадисте шаһадат айтып, Исламға кірген адамның ар-намысын құрметтеудің маңызы көрсетіледі. Мүмінді жасаған күнәсі қанша ауыр болса да, сол күнәсі үшін кәпір санауға болмайды. Мүмінге айтылар ең ауыр сөздің бірі – «Сен кәпірсің» деу. Алла елшісі (с.а.с.) бұған көптеген хадисінде тыйым салған. Бұхари мен Мүслимде: «Кім бауырына “Уа, кәпір!” десе, сол сөз екеуінің біріне қайтады», – делінген. Бауыры ондай болмаса, орынсыз айып сөз иесінің өзіне қайтады. Иманның қадірін білген мүмін осы ескертуді ескеріп, діндес бауырына ондай айып тақпайды. Өкінішке қарай, мұсылмандар арасында ұсақ келіспеушілікке бола бір-бірін кәпір санауға асығатындар да кездеседі.

Хадистің екінші бөлігінде жиһадтың қияметке дейін жалғасатыны және билеушінің зұлымдығы да, әділдігі де оны тоқтатпайтыны айтылған. Түсіндірмеде жиһад шариғи ұғым ретінде Құдай мен құлдың арасына түскен бөгеттерді жою деп сипатталады. Бұл сипатқа сай келмейтін күрес жиһадқа жатпайды.

Хадисте аталған үшінші негіз – тағдырға сену. Тағдыр – адамзат ежелден толғанып келе жатқан күрделі мәселелердің бірі. Мүмін үлкенді-кішілі оқиғалардың, жақсылық пен жамандықтың бәрі Алланың тағдырымен жүзеге асатынына күмәнданбайды. Мұны терістеу «Алланың ілімі бәрін қамтымайды», «Оның құдіреті бәріне жетпейді», «Оның қалағаны бола бермейді», «Оқиғалар кездейсоқ болады» деген иманға қайшы тұжырымдарға жетелейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жиһад», 35 (№ 2532).