وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِأَهْلِ الْمِكْيَالِ وَالْمِيزَانِ: «إِنَّكُمْ قَدْ وُلِّيتُمْ أَمْرَيْنِ هَلَكَتْ فِيهِمَا الْأُمَمُ السَّالِفَةُ قَبْلَكُمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Ибн Аббас (р.а.) жеткізгендей, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көлем өлшеуіш пен таразы қолданатындарға: «Сендерге екі іс тапсырылды. Сендерден бұрынғы қауымдар осы екі істе опат болған», – деген.1
Түсіндірме
Бұл хадис қоғамдық әдептің маңызды бір қағидасын қозғайды. Адамдардың бір-біріне деген сенімі, сүйіспеншілігі мен құрметі көбіне сауда кезінде өлшем мен таразыға адал болуға байланысты. Қоғамның ынтымағы, тыныштығы мен өркендеуі де осындай адалдыққа сүйенеді. Осы байланыстар бұзылса, қоғамның күйреуі жақындайды. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Шұғайб пайғамбардың қауымын қоса алғанда, көптеген қауымның өлшем мен таразыға қиянат жасаудың салдарынан опат болғанын еске салады. Құран Кәрімде бұл мәселе көптеген аятта қозғалады, ал «Мутаффифин» сүресінде арнайы баяндалады.
Кейбіреулер өлшем мен таразы қолданылатын кәсіптерді діндарлыққа жат санап, олардан аулақ жүру керек деп ойлайды. Хадисте ондай нұсқау жоқ. Мұндағы ескерту – аларда да, берерде де өлшемнен жаңылмай, таразыдан қиянат жасамау. Бұған дейін келтірілген хадистердің ішінде, мәселен, №213 хадисте: «Шыншылдық пен аманатқа беріктіктен айнымаған саудагерлер пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және салиқалы жандармен бірге болады», – деген сүйінші хабар айтылған.
- 1Тирмизи, «Буюғ», 9 (№1217). Тирмизи нұсқасында «لِأَصْحَابِ الْمِكْيَالِ وَالْمِيزَانِ» делінген.