وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ جَعْفَرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَمْهَلَ آلَ جَعْفَرٍ حِينَ أَتَى نَعْيُهُ ثَلَاثًا قَبْلَ أَنْ يَأْتِيَهُمْ، ثُمَّ أَتَاهُمْ فَقَالَ: لَا تَبْكُوا عَلَى أَخِي بَعْدَ الْيَوْمِ، ثُمَّ قَالَ: ادْعُوا لِي بَنِي أَخِي، فَجِيءَ بِنَا كَأَنَّا أَفْرُخٌ، فَقَالَ: ادْعُوا لِي الْحَلَّاقَ، فَأَمَرَهُ فَحَلَقَ رُؤُوسَنَا».
Абдулла ибн Жағфар (р.а.) былай дейді: «Жағфардың қаза тапқаны туралы хабар келгенде, Алла елшісі (с.а.с.) оның отбасына үш күн мұрсат берді. Содан соң келіп: “Бүгіннен бастап бауырым үшін жыламаңдар”, – деді. Артынша: “Бауырымның ұлдарын шақырыңдар”, – деді. Бізді алдына алып келді, балапан секілді едік. Ол: “Маған шаштараз шақырыңдар”, – деді. Шаштараз келген соң, Пайғамбардың (с.а.с.) әмірімен басымызды қырып берді»1.
Түсіндірме
Бұл риуаяттағы Жағфар – Алла Елшісінің (с.а.с.) көкесі Әбу Талибтің ұлы. Ол Мүтә шайқасында қаза тапқан (Бұхари, «Мағази», №4261–4262). Алла Елшісі (с.а.с.) отбасына үш күн аза тұтуға мұрсат берген. Түсіндірмеде дауыс салып жоқтамай, шектен шықпай үш күн аза тұтуға болатыны айтылады. Пайғамбардың (с.а.с.) немере бауырын «бауырым» деп атауы оның Жағфарға жақындығы мен сүйіспеншілігін аңғартады. Жағфардың ұлдары – Абдулла, Аун және Мұхаммед. Абдулла өзін және бауырларын балапанға теңеп, ол кезде әлі кішкентай болғанын білдірген. Бастарына енді шыққан үлпілдек шашы да балапанның мамығына ұқсаған. Әли әл-Қари шашын қырудың себебін былай түсіндіреді. Әдетте шашты қырмай қалдырған абзал. Бірақ балалардың анасы Әсма бинт Ұмәйс (р.а.) жарының қазасына қайғырып, балалардың шашын күте алмай қалған. Алла Елшісі (с.а.с.) шаштарына кір жиналып, бит түспесін деп қырғызған. Ғалымдар осы риуаяттан басты түгел қыруға болатынын түсінген. Басқа риуаяттарда да мұндай рұқсат бар. Әли әл-Қаридың пікірінше, қажылық пен ұмрадан тыс уақытта да шашты қыруға немесе қалдыруға болады. Пайғамбар (с.а.с.) мен сахабаларының әдетіндей, қажылық пен ұмрадан тыс кезде қырмаған абзал. Әлидің (р.а.) бұл тұрғыдағы әдеті өзгелерден бөлек болған. Кей түсіндірмеде шаштың алдыңғы не артқы жағын ғана қыруға болмайтыны, баланың шашын түгел қыруға да, түгел қалдыруға да болатыны айтылған.
Басты қыруды мәкрүһ санаған ғалымдар да өз пікіріне хадистерден дәлел келтірген. Автор осы мәселеде Әли әл-Қаридың түсіндірмесін негізге алған.
- 1Әбу Дәуіт, «Тәрәжжул», 13 (№ 4192). Нәсәи, «Зинәт», 58 (8/182, № 5227).