Хадис

Кутуб ситтә, № 2164

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
309. Сәндену мен күтімге қатысты мәселелер
Нөмірі
№ 2164 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 18
2164
Кутуб ситтә, № 2164 · тараудағы реті: 18

وَعَنْ عَبَّادِ بْنِ تَمِيمٍ أَنَّ أَبَا بَشِيرٍ الْأَنْصَارِيَّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَخْبَرَهُ أَنَّهُ كَانَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي سَفَرٍ، فَأَمَرَ مُنَادِيَهُ: «لَا يُبْقَيَنَّ فِي رَقَبَةِ بَعِيرٍ قِلَادَةٌ مِنْ وَتَرٍ أَوْ قِلَادَةٌ إِلَّا قُطِعَتْ». قَالَ مَالِكٌ: «أَرَى ذَلِكَ مِنْ أَجْلِ الْعَيْنِ».

Қазақша аудармасы

Аббад ибн Тәмимге Әбу Бәшир әл-Ансари (р.а.) өзінің Алла елшісімен (с.а.с.) сапарлас болғанын айтқан. Сол сапарда Алла елшісі (с.а.с.) жаршысына: «Түйелердің мойнында садақ кірісінен жасалған немесе басқа алқа қалмасын, бәрі кесіліп тасталсын», – деп жариялатқан. Мәлик: «Бұл көз тиюден сақтану үшін тағылған алқаларға қатысты болса керек», – деген1.

Түсіндірме

«Қилада» – мойынға тағылатын алқа. Мәлик пен Хаттаби бұл әмірді малға тағылған алқа тіл-көзден сақтайды деген сол кездегі сеніммен байланыстырған. Кей ғалым оны қоңырауға қатысты деп түсіндірген. Тағы бір пікір бойынша, мал үріккенде алқасы ағашқа не қазыққа ілініп, қылғынып қалмасын деген сақтық болған.

Имам Мәлик тағылған бұйымды тіл-көзден қорғайды деп сену мен оны сән үшін тағуды ажыратқан. Қади Ияд Мәликтің садақ кірісінен жасалған алқаны құптамағанын, өзге жіптен жасалғанына рұқсат бергенін жазады. Басқа ғалымдар қажет болмаса, кез келген алқадан тартынған жөн деген. Нәуәуи риуаяттағы тыйымды тәнзиһи мәкрүһ деп түсіндірген.

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 139, № 3005. Мүслим, «Либас», 105, № 2115. Мәлик, «Муатта», «Сифат ән-наби», 39 (2/937). Әбу Дәуіт, «Жиһад», 49, № 2552.