Хадис

Кутуб ситтә, № 2173

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
311. Сурет пен пердеге қатысты мәкрүһ істер
Нөмірі
№ 2173 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
2173
Кутуб ситтә, № 2173 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا رَأَى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الصُّوَرَ فِي الْبَيْتِ لَمْ يَدْخُلْ حَتَّى أَمَرَ بِهَا فَمُحِيَتْ. وَرَأَى صُورَةَ إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ عَلَيْهِمَا السَّلَامُ بِأَيْدِيهِمَا الْأَزْلَامُ. فَقَالَ: قَاتَلَهُمُ اللَّهُ، وَاللَّهِ إِنِ اسْتَقْسَمَا بِالْأَزْلَامِ قَطُّ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) Қағбаның ішінде суреттер барын көріп, оларды өшіруге бұйырды. Суреттер өшірілгенше ішке кірмеді. Ибраһим мен Исмайылдың (а.с.) қолдарына бал ашатын жебелер ұстатқан бейнесін көріп: “Алла олардың жазасын берсін! Аллаға ант етемін, Ибраһим мен Исмайыл жебемен ешқашан бал ашқан емес”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Мекке алынған күні Алла Елшісі (с.а.с.) Қағбадағы пұттарды шығартып, суреттерді өшіртті. Ғалымдар оның ішке бірден кірмеуінің екі себебін атайды.

1) Пұт қойылған жерге кірмеуді үмбетіне ісімен көрсету.

2) Періштелерден айырылмау. Өйткені періштелер пұт қойылған жерге кірмейді.

2. Жебемен бал ашу жаһилия дәуіріндегі арабтардың дәстүрі еді. Сапарға шығу, үйлену секілді іске кіріспес бұрын жебеге жазу жазып, жеребе тастайтын. Бір жебеге أَمَرَنِي رَبِّي «Раббым маған бұйырды», екіншісіне نَهَانِي رَبِّي «Раббым маған тыйды» деп жазып, біреуін غُفْلٌ «бос» қалдыратын. Қай жебе шықса, соған қарай әрекет ететін. Тыйым жазылғаны шықса, ниетінен бас тартатын, бос жебе шықса, жеребені қайта тастайтын.

Алла Елшісі (с.а.с.) бұл жоралғыны Ибраһим мен Исмайылға (а.с.) телудің жалған екенін айтты. Бұхаридегі бір нұсқада: «Олар Ибраһим мен Исмайылдың ешқашан жебемен бал ашпағанын жақсы біледі», – делінген.

  1. 1Бұхари, «Пайғамбарлар», № 3352, «Қажылық», 54, «Жорықтар», 48.