وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا خَرَجَ ثَلَاثَةٌ فِي سَفَرٍ فَلْيُؤَمِّرُوا أَحَدَهُمْ».
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) «Үш адам сапарға шықса, бірін басшы етіп тағайындасын» дегенін жеткізген1.
Түсіндірме
Хаттабидің түсіндіруінше, сапарластардың бірін басшы ету олардың пікірін үйлестіріп, таласқа жол бермеуге және ынтымақты сақтауға көмектеседі.
Кей ғалымдар сапарға басшы етіп тағайындалған кісінің орынды нұсқауын орындауды уәжіп санаған.
Хадисте үш адам аталған. Бұл – сапарластардың ең аз саны, одан көп кісі шықса да басшы тағайындалады.
Хаттаби екі адам бір дауға төрелік ету үшін үшінші кісіні таңдаса, соның шешіміне жүгінуге болады деген тұжырым жасаған.
1. Сапар басшысының орынды нұсқауын орындау керек. Оның өкілеті сапарға қатысты мәселемен шектеледі. Нұсқауы орындалмаса, жолаушыны жазалауға құқығы жоқ.
2. Кейбір ғалымдар екі адам сапарға шыққанда да біреуін басшы ету керек деп санаған.
- 1Әбу Дәуіт, «Жиһад», № 2609. Әбу Сағид әл-Худри нұсқасы № 2608-де берілген.