وَفِي رِوَايَةٍ: «كَانَ يَنْهَاهُمْ أَنْ يَطْرُقُوا النِّسَاءَ لَيْلًا لِئَلَّا يَتَخَوَّنُوهُنَّ وَيَطْلُبُوا عَثَرَاتِهِنَّ».
Басқа нұсқада Алла елшісінің (с.а.с.) жолаушыларға әйелдерін қиянат жасады деп күдіктеніп, мінін іздегендей болып қалмауы үшін түнделетіп үйге кіріп келуге тыйым салғаны айтылады.
Түсіндірме
1. Бұл екі хадис ұзақ сапардан қайтқан кісінің түнде үйіне ескертусіз кіріп келмеуін жөн көреді. Түсіндірмешілер жолы қысқа болып, қайтар мезгілі белгілі кісіге бұл тыйымның жүрмейтінін айтқан. Ұзақ сапардан қайтқан адам да үй ішіне алдын ала хабар берсе, түнде келе алады. Мүслімнің бір нұсқасында Алла Елшісінің (с.а.с.) жырақта ұзақ жүрген кісіге түнделетіп үйіне баруға тыйым салғаны анық айтылады.
Хадисте түнде ескертусіз оралудың екі салдары аталады.
а) Жұбайынан қиянат күткендей әсер қалдыру.
ә) Дайындықсыз үстінен түсу. Үй ішіне жуынып, шашын тарап, киімін реттеуге мұрша берілмесе, бұл жағдай ерлі-зайыптылардың арасына салқындық түсіруі мүмкін. Түсіндірмеде тыйымның бір себебі осылай баяндалған.
2. Ғалымдар хадистегі «кәйс» сөзін әртүрлі түсіндірген. Хаттаби бұл жерде оның «сақтық» мағынасында тұрғанын, өзге қолданыста «жұмсақтық», «ізгі тілек» дегенді де білдіретінін айтқан. Ибн әл-Араби оны «ақыл» деп түсініп, бұл тұста перзент сүюге ұмтылу меңзелгенін жеткізеді. Ибн Хиббан мен өзге ғалымдар сөзді ерлі-зайыптылардың жақындасуына қатысты түсіндірген. Ибн Исхақтың нұсқасында осы мағынаны қуаттайтын тұс бар.
Қади Иядтың айтуынша, Бұхари мен кей ғалымдар бұл сөзді «балаларға әкелетін базарлық» деп жорамалдаған. Ибн Хажар сөздің негізгі мағынасы зеректік болғанымен, осы хадисте ерлі-зайыптылардың жақындасуы мен балаға әкелетін базарлықтың екеуі де меңзелуі мүмкін дейді.