عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَدِمَ زَيْدُ بْنُ حَارِثَةَ الْمَدِينَةَ وَرَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي بَيْتِي، فَأَتَاهُ فَقَرَعَ الْبَابَ فَقَامَ إِلَيْهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عُرْيَانًا يَجُرُّ ثَوْبَهُ، وَاللَّهِ مَا رَأَيْتُهُ عُرْيَانًا قَبْلَهَا وَلَا بَعْدَهَا، فَاعْتَنَقَهُ وَقَبَّلَهُ».
Айша (р.а.) былай дейді: «Зәйд ибн Хариса Мәдинаға келгенде, Алла елшісі (с.а.с.) менің үйімде еді. Зәйд есікті қақты. Алла елшісі (с.а.с.) жалаңаш күйде, киімін сүйрете оған қарай ұмтылды. Алламен ант етейін, оны бұған дейін де, бұдан кейін де сондай күйде көрмедім. Ол Зәйдті құшақтап, сүйді»1.
Түсіндірме
1. Түсіндірмеде Зәйдтің (р.а.) алыс сапардан немесе жорықтан оралғаны айтылады. Алла Елшісі (с.а.с.) оны бірнеше жорыққа басшы етіп жіберген. Зәйд әдеттегі уақыттан тыс келіп есік қаққанда, Алла Елшісі (с.а.с.) киініп үлгерместен қарсы шыққан. Бұл оның Зәйдті жақсы көргенін, аман оралғанына қатты қуанғанын аңғартады. Зәйд пен ұлы Усама Пайғамбардың (с.а.с.) ыстық ықыласына бөленген еді.
2. Айша (р.а.) Алла Елшісін (с.а.с.) осындай күйде бұрын да, кейін де көрмегенін антпен айтқан. Кей түсіндірмешілер оның сөзін «басқа кісіні осындай күйде қарсы алғанын көрген емеспін» деп ұққан. Тиби мен Қади Ияд алғаш айтылған мағынаны негізге алған. Алла Елшісі (с.а.с.) Зәйдтің келгеніне қуанып, киімін үстіне асығыс іле шыққан.
3. Ғалымдар хадисті сапардан келген адамды құшақтап қарсы алуға негіз еткен. Осы жайында Әнәс, Жәбир және Әбу Зәррдан (р.а.) басқа да риуаяттар жеткен. Әнәс (р.а.) сахабалар кездескенде қол алысып, сапардан келгенде құшақтасқанын жеткізеді.
Ғалымдар осы риуаяттарға сүйеніп, кездескенде қол алысуды және алыстан келген адамды құшақтап қарсы алуды орынды санаған.
- 1Тирмизи, «Истиʼзан», № 2732. Тирмизи риуаятты хасан ғариб деген. Даруссалам басылымында әлсіз деп бағаланған.