Хадис

Кутуб ситтә, № 2214

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
323. Жарыс пен мергендікке қатысты үкімдер
Нөмірі
№ 2214 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
2214
Кутуб ситтә, № 2214 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ نَاقَةٌ تُسْمَّى الْعَضْبَاءُ لَا تُسْبَقُ فَجَاءَ أَعْرَابِيٌّ عَلَى قُعُودٍ فَسَبَقَهَا فَشَقَّ ذَلِكَ عَلَى الْمُسْلِمِينَ حَتَّى عَرَفَهُ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: حَقٌّ عَلَى اللَّهِ أَنْ لَا يَرْتَفِعَ شَيْءٌ مِنَ الدُّنْيَا إِلَّا وَضَعَهُ».

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) Адба атты түйесі бәйгеде алдына жан салмайтын. Бір бәдәуи жас мініс түйесімен келіп, одан озып кетті. Бұл мұсылмандарға ауыр тиді. Мұны аңғарған Алла елшісі (с.а.с.): “Алла бұл дүниеде биікке көтерілген нәрсені бір күні төмен түсіреді”, – деді»1.

Түсіндірме

1. «Жас мініс түйесі» деп аударылған «қағуд» сөзі мінуге жараған жас еркек түйеге айтылады. Арабтар бұл атауды екі жастан алты жасқа дейін қолданған, одан асқанын «жәмәл» деген. Жас ұрғашы түйені «қалус» деп атаған.

2. Адба – Алла Елшісінің (с.а.с.) түйесінің аты. Бұл атау құлағының ұшы кесілген деген мағына береді. Оның Қасуа деген түйесі де болған. Ғалымдар екеуі бөлек түйе ме, әлде бір түйенің екі аты ма деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Кейбірі Адба, Қасуа және Жадға бір түйенің бірнеше аты болған дейді.

Ибн Хажар хадистен мынадай тұжырымдар шығарған.

• Түйені мініске және бәйгеге баптауға болады.

• Дүниенің өткінші табысына тым беріліп кетпеу керек. Биікке көтерілген нәрсе бір күні төмендейді.

• Жеңілісті көтере білу, жеңіске мастанбау керек.

• Риуаят Алла Елшісінің (с.а.с.) көркем мінезін танытады.

• Сахабалар Алла Елшісін (с.а.с.) қадірлегендіктен, оның түйесінің жеңілгеніне де қынжылған.

• Дүниедегі мәртебе мен жеңіс мәңгі тұрмайды.

• Дүниелік істе де, жарыста да адам шамасын біліп, рұқсат етілген шектен шықпағаны жөн.

• Табаридің айтуынша, кішіпейілділіктің дінге де, дүниелік өмірге де пайдасы бар. Адамдар бір-біріне кішіпейіл болса, арадағы өшпенділік басылып, мақтан мен бәсекеден арылып, көңілдері жай табады.

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 59, «Риқақ», 38. Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 4802. Нәсәи, «Хайл», 14 (6/227).