ـ5 وَعَنْ عُرْوَةَ بْنِ الْجَعْدِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْخَيْلُ مَعْقُودٌ فِي نَوَاصِيهَا الْخَيْرُ: الْأَجْرُ وَالْمَغْنَمُ إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ».
Уруа ибн әл-Жағд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Жылқының кекіліне Қияметке дейін қайыр байланған. Ол қайыр – сауап пен олжа»1.
Түсіндірме
Бірқатар риуаятта жылқының Алла Елшісі (с.а.с.) дәуіріндегі орны мен оны баптаудың маңызы айтылады. Ибн Хажардың жазуынша, осы хадисті жеткізген сахабаның жетпіске жуық аты болған.
Алла жолына арнап ат баптау туралы риуаяттарда ниетке мән берілген. Бұхаридегі бір нұсқада: «Кісі атты Алла жолында ұстады делік. Оны шалғынға не бақшаға арқандаса, ат арқан жеткен жерден не жесе, иесіне соның сауабы жазылады. Ат арқанын үзіп, бірер қыраттан асса, оның ізі де иесіне сауап болады. Өзеннен су ішсе, иесі суаруды ойламаған болса да, ішкен суы үшін сауап жазылады.
Ал атты мұсылмандарға дұшпандық ету үшін ұстаған кісіге сол ісі күнә болады», – делінеді.
Мүслім мен Нәсәи нұсқаларында жылқының иесіне қалқан болатын жағдайы да аталады. Атты күнкөрісіне ұстап, оның ақысын өтейтін, әлсіздерге, көрші мен досқа қажет кезінде көмектесетін кісіге оның пайдасы бар. Кейбір ғалымдар мұны жылқының зекетін берумен байланыстырған.
Ахмад ибн Ханбал жеткізген бір нұсқада Қияметке дейін жылқының кекіліне қайыр байланғаны айтылады. Кісі оны Алла жолына арнап күтсе, аттың аштығы мен тоқтығы, шөлі мен ішкен суы, қиы мен зәрі де оған сауап болады. Көрсету мен мақтан үшін баққан адамға солардың өзі Қиямет күні өкініш болып шығады.
Хаттаби арабтар малды да «қайыр» деп атағанын ескеріп, хадисті жылқының мал ішіндегі абзалдығына дәлел еткен.
Қади Ияд «қайыр жылқының кекіліне байланған» деген сөзге сүйеніп, «сәтсіздік үйде, әйелде және жылқыда» делінетін риуаятта Алла жолына бапталмаған ат меңзелуі мүмкін деген. Зурқани бір жылқыны қайырлы да, теріс те мақсатқа пайдалануға болатынын, іс аттың қалай қолданылғанына байланысты екенін айтқан.
- 1Бұхари, «Жиһад», 43–44, «Хумус», 8. Мүслим, «Имарат», № 1873. Тирмизи, «Жиһад», № 1694. Нәсәи, «Хайл», 7 (6/222).