وَعَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّ أَعْظَمَ الْمُسْلِمِينَ فِي الْمُسْلِمِينَ جُرْمًا مَنْ سَأَلَ عَنْ شَيْءٍ لَمْ يُحَرَّمْ عَلَى النَّاسِ، فَحُرِّمَ مِنْ أَجْلِ مَسْأَلَتِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.
Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылмандарға ең үлкен зиян келтірген мұсылман – тыйым салынбаған нәрсе туралы сұрап, сұрағы себепті сол нәрсе харам етілген кісі», – деген1.
Түсіндірме
Ғалымдар осы мағынадағы хадистер мен жоғарыдағы аятқа сүйеніп, жөнсіз әрі тым көп сұрақ қоюды құптамаған. Қажетті нәрсені сұрап білуге рұқсат. Мұның мәнін түсіндіруде ғалымдар әртүрлі пікір білдірген. Қазы Әбу Бәкір ибн әл-Араби: «Кейбіреулер бұл аятты негізге алып, науазил, яғни кейіннен туындаған, сүннетте тікелей үкімі айтылмаған мәселелер жайлы сұрауға тыйым салынған деп ойлаған. Аят жауабы адамға ауыртпалық әкелетін сауалдарға тыйым салады. Оның мәні аяттың өзінде айқын. Науазил мәселелері бұған жатпайды», – дейді. Онымен келіскен Ибн Хажар аяттың сыртқы мағынасы тыйымды уахи түсіп тұрған кезеңмен шектейтінін айтады. Бұған Сағд жеткізген хадис те дәлел. Хадисте біреудің сұрағы себепті бұрын адал саналған нәрсе харам етілуі мүмкін екені айтылған. Мұндай үкімді Алла елшісі (с.а.с.) ғана жеткізе алатын. Сондықтан тыйым, ең алдымен, оның заманына қатысты.
Тыйымның қай дәуірге де қатысты тұсы бар. Оны осы баптағы хадистерді тұтас қарастырғанда көреміз. Алла елшісінің (с.а.с.) «Һәләкәл-мутанаттиғун» деген хадисі қажетсіз әрі сирек кездесетін жайттарды орынсыз қазбалаудан да тыяды деген ғалымдардың сөзі осыған саяды. Бұл мағынада хадисті «Артық кетіп, жөнсіз қазбалағандар құрдымға кетті» деп аударуға болады.
- 1Бұхари, «Иғтисам», 3 (7289); Мүслим, «Фадаил», 132 (2358); Әбу Дәуіт, «Сүннет», 7 (4610).