وَعَنْ عِيسَى بْنِ عَبْدِ اللَّهِ، رَجُلٍ مِنَ الْأَنْصَارِ، عَنْ أَبِيهِ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ دَعَا يَوْمَ أُحُدٍ بِإِدَاوَةٍ، فَقَالَ: اخْنِثْ فَمَ الْإِدَاوَةِ، فَفَعَلْتُ، فَشَرِبَ مِنْ فَمِهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْإِدَاوَةُ»: كَالرَّكْوَةِ. وَقِيلَ: هِيَ السَّطِيحَةُ.
Ансарлық Иса ибн Абдулла әкесінен мына риуаятты жеткізеді: «Ухуд шайқасы күні Алла елшісі (с.а.с.) торсықпен су алдырды. “Торсықтың аузын қайыр”, – деді. Мен қайырдым. Ол торсықтың аузынан су ішті»1.
Түсіндірме
1. Оқиға Ухуд шайқасында болған. Алла елшісіне (с.а.с.) әкелінген ыдыстың теріден жасалғаны аңғарылады. Өйткені саздан не металдан жасалған ыдыстың аузын қайыру мүмкін емес. Ол заманда су құюға ыңғайлы болғандықтан, теріден жасалған ыдыстарды пайдаланған. Бұлар малдың тұтас терісінен жасалған бүгінгі ыдыстардан өзгеше. Ибн Хажардың түсіндіруінше, теріден жасалған мұндай су ыдысының үлкен-кішісін бір атаумен атаған.
2. Біреулер ыдыстың аузын терінің иісі білінбес үшін қайырған дейді. Енді біреулер, аузы кең торсықтан су төгілмеуі үшін, аузын бүгіп, тостаған іспетті ойық жасаған да, суды сол жерден ішкен деп түсіндіреді.
- 1Әбу Дәуіт, «Әшриба», 15 (3721).