وَرَوَى الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يَتَنَفَّسُ ثَلَاثًا». وَزَادَ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ: وَيَقُولُ: «إِنَّهُ أَرْوَى وَأَبْرَأُ وَأَمْرَأُ».
Әнәс (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) сусынды үш деммен ішетін», – дейді. Мүслим мен Тирмизидің риуаяттарында Пайғамбардың (с.а.с.): «Бұлай ішу шөлді жақсырақ қандырады, денсаулыққа жайлы, бойға жеңіл сіңеді», – дегені де келтірілген1.
Түсіндірме
Бұл хадистер сусын ішу әдебін үйретеді. Сол әдептің бірі – сусынды бір деммен сімірмеу. Ыдысты ауыздан алмай, шөл қанғанша іше беру әдепке жатпайды. Алла елшісінің (с.а.с.) үш деммен ішуі сусын ішкенде екі рет кідіріп, тыныстаған жөн екенін көрсетеді. Бір-екі жұтымнан кейін ыдысты ауыздан алыстатып, тыныстайды. Тағы ішіп, қайта тыныстайды. Үшінші рет шөлі қанғанша ішеді.
Алла елшісі (с.а.с.) бұлай ішудің денсаулыққа жайлы екенін де айтқан. Автор асықпай ішкенде өкпенің еркін тыныстайтынын, судың ауыздағы сілекеймен араласып, асқазанға жеңіл тиетінін түсіндіреді. Ал дем алмай, асығыс сімірген су асқазанға ауырлық түсіреді дейді. Осылайша хадисте әдеп, денсаулық пен тазалық қатар қамтылған.
- 1Бұхари, «Әшриба», 26; Мүслим, «Әшриба», 121 (2028); Тирмизи, «Әшриба», 13 (1884); Әбу Дәуіт, «Әшриба», 19 (3727).