Хадис

Көпшілікке сусын ұсыну кезегі

Кутуб ситтә, 6-том, 332-тарау · 3 хадис · № 2254–2256

Хадистер

2254
Кутуб ситтә, № 2254 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أُتِيَ النَّبِيُّ ﷺ بِقَدَحِ لَبَنٍ قَدْ شِيبَ بِمَاءٍ فَشَرِبَ، وَعَنْ يَسَارِهِ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، وَعَنْ يَمِينِهِ أَعْرَابِيٌّ، فَأَعْطَى الْأَعْرَابِيَّ فَضْلَهُ، وَقَالَ: الْأَيْمَنُ فَالْأَيْمَنُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарға (с.а.с.) су қосылған сүт әкелінді. Ол алдымен өзі ішті. Сол жағында Әбу Бәкір (р.а.), оң жағында бір бәдәуи отырды. Қалған сүтті бәдәуиге ұсынып: “Әуелі оң жақтағыға, одан кейін оның оң жағындағыға”, – деді»1.

  1. 1Бұхари, «Һиба», 4, «Әшриба», 14, 18; Мүслим, «Әшриба», 124 (2029); Мәлик, «Муатта», «Сифатун-нәби», 17 (2/926); Тирмизи, «Әшриба», 19 (1893); Әбу Дәуіт, «Әшриба», 19 (3726).
2255
Кутуб ситтә, № 2255 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Сәһл ибн Сағд (р.а.)

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أُتِيَ النَّبِيُّ ﷺ بِشَرَابٍ فَشَرِبَ، وَعَنْ يَمِينِهِ غُلَامٌ، وَعَنْ يَسَارِهِ الْأَشْيَاخُ، فَقَالَ لِلْغُلَامِ: أَتَأْذَنُ لِي أَنْ أُعْطِيَ هَؤُلَاءِ؟ فَقَالَ الْغُلَامُ: وَاللَّهِ يَا رَسُولَ اللَّهِ لَا أُوثِرُ بِنَصِيبِي مِنْكَ أَحَدًا. فَتَلَّهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي يَدِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَزَادَ رَزِينٌ: «وَكَانَ الْغُلَامُ الْفَضْلَ بْنَ الْعَبَّاسِ».

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) сусын әкелінді. Әуелі өзі ішті. Оң жағында бір бала, сол жағында қариялар отырды. Балаға: “Ыдысты мына кісілерге ұсынуыма рұқсат етесің бе?” – деді. Бала: “Уа, Алланың елшісі, Аллаға ант етемін, сізден алатын үлесімді ешкімге қимаймын”, – деп жауап берді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) ыдысты баланың қолына ұстатты»1.

Разиннің нұсқасында баланың Фадл ибн Аббас екені айтылады.

  1. 1Бұхари, «Әшриба», 19; Мүслим, «Әшриба», 127 (2030).
2256
Кутуб ситтә, № 2256 · тараудағы реті: 3

وَعَنِ ابْنِ أَبِي أَوْفَى وَأَبِي قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «سَاقِي الْقَوْمِ آخِرُهُمْ شُرْبًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ عَنِ الْأَوَّلِ، وَالتِّرْمِذِيُّ عَنِ الثَّانِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Әбу Әуфа мен Әбу Қатада (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Көпшілікке сусын құйған кісі ең соңынан ішеді», – деген1.

Бұл хадисті Әбу Дәуіт Ибн Әбу Әуфадан, ал Тирмизи Әбу Қатададан жеткізген.

Түсіндірме

Бұл баптағы соңғы үш хадис көпшілікке су немесе өзге сусын ұсынудың ретін көрсетеді.

1. Әуелі жамағаттың үлкеніне ұсынады.

2. Одан кейін үлкен кісінің оң жағындағыға береді. Сусын осылайша оңға қарай жағалай ұсынылады. «Әл-әйман фәл-әйман» сөзінің мәні осы.

3. Сусын ұсынған кісі ең соңынан ішеді. Нәуәуи бұл әдепті үлес тарататын басқа істерге де қолдануға болатынын айтады. Ет, жеміс-жидек, хош иісті зат немесе өзге нәрсе таратқан кісі өз үлесін ең соңынан алады.

Мүслимнің бір риуаятында жамағат арасында отырған Омар (р.а.) Әбу Бәкірді (р.а.) атап, ыдысты соған ұсынуын сұрайды. Ал Алла елшісі (с.а.с.) оны оң жағындағы бәдәуиге ұсынып: «Оң жақтағыға, оң жақтағыға, оң жақтағыға!» – деп үш рет қайталайды.

Әнәс (р.а.) осы оқиғаны жеткізгенде: «Бұл – сүннет, бұл – сүннет, бұл – сүннет!» – деп үш рет қайталаған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әшриба», 19 (3725); Тирмизи, «Әшриба», 20 (1894).