وَعَنِ ابْنِ أَبِي أَوْفَى وَأَبِي قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «سَاقِي الْقَوْمِ آخِرُهُمْ شُرْبًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ عَنِ الْأَوَّلِ، وَالتِّرْمِذِيُّ عَنِ الثَّانِي.
Ибн Әбу Әуфа мен Әбу Қатада (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Көпшілікке сусын құйған кісі ең соңынан ішеді», – деген1.
Бұл хадисті Әбу Дәуіт Ибн Әбу Әуфадан, ал Тирмизи Әбу Қатададан жеткізген.
Түсіндірме
Бұл баптағы соңғы үш хадис көпшілікке су немесе өзге сусын ұсынудың ретін көрсетеді.
1. Әуелі жамағаттың үлкеніне ұсынады.
2. Одан кейін үлкен кісінің оң жағындағыға береді. Сусын осылайша оңға қарай жағалай ұсынылады. «Әл-әйман фәл-әйман» сөзінің мәні осы.
3. Сусын ұсынған кісі ең соңынан ішеді. Нәуәуи бұл әдепті үлес тарататын басқа істерге де қолдануға болатынын айтады. Ет, жеміс-жидек, хош иісті зат немесе өзге нәрсе таратқан кісі өз үлесін ең соңынан алады.
Мүслимнің бір риуаятында жамағат арасында отырған Омар (р.а.) Әбу Бәкірді (р.а.) атап, ыдысты соған ұсынуын сұрайды. Ал Алла елшісі (с.а.с.) оны оң жағындағы бәдәуиге ұсынып: «Оң жақтағыға, оң жақтағыға, оң жақтағыға!» – деп үш рет қайталайды.
Әнәс (р.а.) осы оқиғаны жеткізгенде: «Бұл – сүннет, бұл – сүннет, бұл – сүннет!» – деп үш рет қайталаған.
- 1Әбу Дәуіт, «Әшриба», 19 (3725); Тирмизи, «Әшриба», 20 (1894).