عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «غَطُّوا الْإِنَاءَ وَأَوْكُوا السِّقَاءَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ. وَزَادَ مُسْلِمٌ: «فَإِنَّ فِي السَّنَةِ لَيْلَةً يَنْزِلُ فِيهَا وَبَاءٌ، لَا يَمُرُّ بِإِنَاءٍ لَيْسَ عَلَيْهِ غِطَاءٌ، أَوْ سِقَاءٍ لَيْسَ عَلَيْهِ وِكَاءٌ، إِلَّا نَزَلَ فِيهِ مِنْ ذَلِكَ الْوَبَاءِ». قَالَ اللَّيْثُ: «فَالْأَعَاجِمُ عِنْدَنَا يَتَّقُونَ ذَلِكَ فِي كَانُونِ الْأَوَّلِ».
Жәбир (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Ыдыстардың бетін жабыңдар, торсықтардың аузын байлаңдар», – деген.1
Мүслимдегі бір нұсқада мына сөздер қосылған: «Жыл ішінде індет түсетін бір түн бар. Ол қақпағы жоқ ыдысқа не аузы байланбаған торсыққа кезіксе, соның ішіне түседі».
Ләйс: «Біздің өңірдегі араб еместер бұдан желтоқсан айында сақтанады», – дейді.
Түсіндірме
1. Бұл хадис бірнеше нұсқада жеткен. Мысалы, Мүслимнің бір нұсқасында: «Ыдыстардың бетін жабыңдар, торсықтардың аузын байлаңдар, есіктерді жабыңдар, шамдарды сөндіріңдер. Өйткені шайтан торсықтың бауын шешпейді, жабық есікті ашпайды, ыдыстың бетін ашпайды. Ыдыстың бетін жабатын нәрсе таппасаңдар, үстіне бір шыбық қойсаңдар да, Алланың есімін атаңдар. Өйткені тышқан үй иелері ұйықтап жатқанда, үйді өртеп жіберуі мүмкін», – делінген.
2. Бұхаридегі бір нұсқа: «Түнде жатарда шамдарды сөндіріңдер...» – деп басталады.
Ибн Дақиқ былай дейді: «Есікті жабу бұйрығының діни де, дүниелік те мәні бар. Осылайша адам мен мал бұзақыдан, бүлікшіден, әсіресе шайтанның жамандығынан қорғалады. “Шайтан жабық ыдыстың бетін ашпайды” деген сөз оның адамдардың ісіне араласуына тосқауыл қойылатынын білдіреді. Шайтан жайынан хабар бере отырып бір істі бұйыру – сол істің маңызын көрсету үшін пайғамбарлар қолданған тәсіл».
3. Індет түсетін түннің нақты қай түн екені айтылмаған. Бұл ыдыстың бетін үнемі жауып жүру керегін аңғартады.
4. Ибн Хажар қақпақ табылмағанда ыдыстың үстіне шыбық секілді нәрсе қоюдың мәнін былай түсіндіреді: «Меніңше, мұның сыры шыбықты қоярда “бисмиллә” деуде жатыр. Шайтандар ыдыстың үстінде бір нәрсе тұрғанын көріп, оның Алланың есімі аталып қойылғанын біледі де, жақындамайды».
- 1Бұхари, «Әшриба», 22, «Бәдул-халқ», 11, 14, «Истиазан», 49–50; Мүслим, «Әшриба», 96–99 (2012–2014); Әбу Дәуіт, «Әшриба», 22 (3731–3734).